Қазақта «жігіт» деген теңеу бар. Ісі тиянақты, сөзі миятты, өзі ұятты білетін адамды жігіт санатына қосады. Ер жігіт мінезді болады. Ер жігіт бір сөзді болады. Сөзде тұрмаған адамды «мігіт» деп мінеп жататыны да сондықтан.
Жігіттің жайсаңы, қазақтың қайсары
3,343
оқылды

«Досыңды көрсет, қандай екеніңді айтайын» деген сөзді «Азаматыңды көрсет, еліңнің қандай екенін айтайын» деп те өзгертіп қолдануға болар еді. 

Мұның бәрін Дәулет Тұрлыхановқа қаратып айтып отырмыз. ХХ ғасырда үш олимпиада да  қатар-қатар олжа салған жалғыз  спорт саңлағы. Грек-рим күресінен жеті жыл бойы  жеті рет КСРО чемпионы атағын алған қазақ. Әлем чемпионы, бірнеше дүркін Еуропа чемпионы, екі мәрте Әлем кубогының жеңімпазы, Азия ойындарының чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы.

Қазақтың Қажымұқаны кезінде қалай дәуірлесе, Дәулет Тұрлыханов та спорт саңлағы ретінде ел абыройын талай рет асқақтатты. 

Жақында сенатор Жанболат Жөрген­баев Астанадағы Жастар театрында «Жетіс­тікке жету жолы» деген игі іс-шара өткізді. Сонда төрдегі спикерлер арасында КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов та болды. Ол өз өмірінің сәулелі сәттерін еске ала келіп, қазіргі спортқа қатысты біраз мәселені  айтты. Отбасы мен бала тәрбиесі туралы өз ойын жеткізді. 

«Мен жуырда Сербия мемлекетінде болдым. Сонда бір таңғалғаным – ол елде отансүйгіштікке, ұлттық идеологияға қатты мән береді. Тіпті, жарнамаларында «Біз сербиялықтармыз, біз өз мемлекетіміз үшін жауаптымыз» деген жалынды ұрандар тұрады. Бізге осындай отансүйгіштікке, ұлтты сүюге баулитын идеология жетіс­пейді. Керек болса, күнделікті берілетін жарнамаларға да осындай идеологияны енгізуіміз қажет».

«Кезінде мен спорттан кетуге мәжбүр болдым. Бұған кей кісілердің ықпалы болды. Бірақ олардың кім екенін айтқым келмейді. Бұл күнде сол кісілер бұл өмірде жоқ». 

«Қазір мінезді спортшы жоқ. Жасы­ратыны жоқ, қырғыз ағайындардан жеңіліп жатырмыз. Бізде мінез жоқ. Мінез барлық жерге керек. Мен мінезіммен сыймадым. Бірақ спорт деген оңай дүние емес. Әкем спортпен айналысты, өзімде айналыстым. Бірақ балаларым спортта аты шығады деп ойламаймын. Немерелерімнен палуан шығатын шығар. Кезінде көп уақытты жұмысқа бөлдік. Сыртта жүрдік. Бала тәрбесіне келгенде біраз уақытымды бос­қа жіберіп те алғандаймын. Сондықтан балаларымның жаман аты шығып жатса, әке ретінде қатты қынжыламын», – деді ол.

Дәулет қазір үлкен саясатта. Бірінші рет емес, әрине. Бұған дейін де бірнеше рет Мәжіліс депутаты болған. Әйтсе де қазақ жастарының ертеңіне алаңдамай тұрмайды. Ұлт саулығына ерекше мән береді.

Таяуда республика бойынша 500-ден астам оқушы "Вейпсіз әлем" суреттер челленджіне қатысты. Бұл жоба арқылы 2-25 қазан аралығында елімізде жасөспірім­дер мен жастар арасында электронды жүйелер мен вейптердің таралуына қарсы күрес жүргізілді. «Бүгінде республиканың әр мектебінде  Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті әзірлеген «2023 – 2025 жылдарға арналған оқушылар мен жасөспірімдер арасында электронды темекі-вейптерді тұтынудың алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйым­дастыру бойынша «Жол картасы» іске асырылып жатыр», – депті Оқу-ағарту ми­нистрлігі.

Қазақстанда 11-15 жастағы жасөспірім­дердің 10 пайызы вейп шегетіні анықталды. 11 қазанда депутат Дәулет Тұрлыханов Үкіметтен Қазақстандағы вейп мәселесін тез шешуді талап етті. Бұл мәселенің өзек­тілігін  спикер Ерлан Қошанов та құптады. 

«Осы мәселеге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Президент бұл мәселені көтерді. Депутаттар да талай рет көтерді, бірақ әлі нақты шешім жоқ. Сондықтан нақты шешім қабылдайтын уақыт келді. Біз біртұтас ұстанымға келуіміз керек. Өйткені ол біздің балаларымыздың және болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселені шешуді тездету керек», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Жақында Дәулет Болатұлымен жолығып, біраз елдік мәселелерді қозғадық. Сөз арасында «Жастар тәрбиесіне аса көп көңіл бөлетінім содан. Осындай зиянды әрекеттерге наразы болып, белсенді бола бастағанымнан ба, соңғы кездері маған қарсы шабуылдар да көбейді. Соның ішінде ақпараттық шабуыл үдеп кетті. Оны өздеріңіз де естіп-білген боларсыздар. Мен туралы, балаларым туралы ақпараттар дүркін-дүркін әлеуметтік желілерге, сайттарға жиі шығып кетті. Осы уақытқа дейін қасықтап жинаған абыройымды бір күнде төгіп тастауға мүдделі біреулер бар сияқты. Осындай шабуылдардың себебі – өзім атсалысқан, мәселе қылып көтерген «вейптердің» артында тұрған жандар болуы мүмкін. Себебі жаңағы аталған зиянды өнімдерден түсетін қаржыларда есеп жоқ. Ол – үлкен бизнес. Олардың заңмен тыйым салынуы өз кезегінде бизнестеріне кері әсер ететін болғандықтан, осындай ақпараттық шабуылдарға кірісетін тәрізді», – деп ақтарыла сыр ашты.

Қазіргі қоғамда ел мен жердің, ұлт пен ұлыстың өткір мәселесі көтерілсе, іле-шала түрлі ақпараттық шабуыл басталады. Бұл жолы да сондай жойқын шабуыл Дәулет Болатұлының жеке басына бағытталғанын пайымдауға болады. Спортта әккі қарсылас адамның жанды жерін, немесе әлсіз тұсын іздейді ғой. Сол секілді ақпараттық шабуылға көшкен­дердің айласы да, амалы да мықты. Нағыз «жанды жерді» дәл табады. Соққыны сол тарапқа жасайды...

Осы ретте,  бір «әттеген-ай» дейтін нәрсе – қазақтың қайсар азаматына қарсы ақпараттық шабуыл қарша борап жатқан кезде елді аузына қаратқан шешендер мен көсемдер арасынан «Бұларың дұрыс емес қой» дейтін бір пенденің бас көтер­мегені, мәу деп үн қатпағаны...

Кейде ең жақын деген адамдар да  сырт айналады...

Өмірдің өзі - күрес. Күреске тек тіресе алатындар ғана шыға алады. Күресу мен тіресу...Өмірдің заңы...

Не көрмеген Дәулет бұл? Талай усойқыны, шырғалаң мен ырбалаңды көрген. Бетпе-бет келсе, кез келген қар­сы­­ласымен ашық белдесе алады. «Тасада тұрып тас ататындар» таза беттесуге тәуе­кел ете алмайды. Оған бет те, беттен бетер кеп те керек...

Соның бәрінен күштісі – тек. Тек де­ген тегін нәрсе емес. 

Таудан аққан тас бұлақ

Құймай қоймас теңізге.

Жақсыдан жаман туғанмен,

Тартпай қоймас негізге! – деген сөз қалған даналардан.

Бұл сөзді Әз Жәнібек айтыпты деседі.  Бұқар жыраудан «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да – тартпай қоймас негiзге» деген сөз қалған дейтіндер де бар. Қалай болғанда да атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тек, тектілік деген ұғымдар қазақтың ұлттық санасында жақсы сақталған.

Дәулеттің үлкен атасы Қасен қажы деген кісі екен. Сонау қиын заманның өзін­де де қажылыққа барған. Жарма ауда­нына қарасты Тарбағатай сілемінде  зираты тұр. Қасен қажы өз дәуірінде әділ­дікке ұмтылған, таза тақуа адам болған көрінеді. 

Ұлы Тұрлыханды жастайынан сауатын аштыртып, жақсы білім бергізген екен. Тұрлыхан Қасенұлы Көкпекті және бірнеше ауданда білім бөлімін басқарып, ел игілігі үшін қызмет атқарған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған. Әйгілі Александр Затаевичке қазақтың 13 әнін жазып берген екен. 

Тұрлыхан Қасенұлы Алматыда мектеп директоры болып тұрған кезде 1937 жылы 27 желтоқсанда ұсталып, «Халық жауы» деген айыпты арқалап, 7 жыл Нижний Тагиль қаласында жазасын өтеген... 1942 жылы қайтыс болыпты...

Семей өңірі Жарма ауданы Георгиевка селосында ұстаздар отбасында тәрбие­ленген Дәулет жастайынан маңдайдан шып-шып аққан тердің қадірі мен қасиетін жақсы біледі. Әкесі Болат Тұрлыханұлы денешынықтырудан, анасы Мәрзия Айтбайқызы физика-математика пәнінен сабақ берді. Үйелмен шаңырақта  сегіз ұл, екі қыз тәрбиеленді. Мектепте сабақты жақсы оқумен қатар, малдың жем-шөбін беру, суару, тезегін тазалау тәрізді күйбең тірліктің бәрін атқарды олар. Дәулет әкесі жүргізетін  еркін күрес секциясына қа­тысқан. 

«Әке балаға сыншы» деген. Баласының күреске бейімін ерте аңдаған әкесі   6-шы сыныптағы Дәулетті  Алматыдағы Қажы­мұқан Мұңайтпасов атындағы респуб­ликалық спорт мектебіне апарады. Бұл мектепте  еркін күрес жоқ екен. Сөйтіп, Дәулетті классикалық күреске береді. 3 жыл оқып, сол жылдары мектеп оқушы­лары арасындағы КСРО чемпионатында жүлдегер болады. Бүкілодақтық жарыстарда жүлделі орындарды иеленеді. 10-шы сыныпта ересектер арасында «Динамо» спорт қоғамының  жарысына қатысып, жеңім­паз атанады. Көп ұзамай  спорт шебері атағын алады.

1988 жылы Қазақ денешынықтыру институтын,  тәмамдаған соң  еңбек жолын ҚазССР министрлер кеңесі жанындағы Денешынықтыру және спорт комитетінде алғашқыда қатардағы ма­маннан бастаған Дәулет Болатұлының кейін атқарушы және заң шығарушы билікте түрлі қызметті атқарғанын білеміз.

XII сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құқықтық реформа, құқық тәртібі комитетінің Қоғамдық бірлестіктермен және баспасөзбен байланыстар жөніндегі кіші комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің бірінші, екінші шақырылым депутаты  Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы және тағы да басқа үлкен қызметтерде болу бақыты бұйырды. 2023 жылдан бастап VІІІ шақырылған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Көп жылғы еңбегінің нәтижесі  «III дәрежелі «Барыс», «Құрмет», «Парасат» және «Қырғызстанда олимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан зор үлесі үшін (Олимпиада ордені)»  ордендерінен көрінеді.  КСРО-ның «Еңбек ерлігі үшін», Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен және тағы басқа да марапаттары бір төбе.

Олимпиада ойындарына 3 рет қатысып, Сеул Олимпиадасында 74 кило салмақта 2-ші орын алды. Барселона Олим­пиадасында 82 келі салмақта қола жүлде­гер болды. Кейін аға жаттықтырушы бола жүріп, Атлантада 84 келі салмақ санатында 4-ші орын иеленді. Елдің қай Олимпиадаға барса да Дәулеттен күткені алтын медаль еді... «Бұйырған кетпейді, бұйырмаған жетпейді» деген. Дәулетке сол  алтын бұйырмады.

Мұның себептерін Дәулет былайша баяндайды: «Сеулдегі Олимпиада кезінде өте жақсы бабымда болдым. 6 кездесудің бәрінде барлық балуанға дес бермей, тез-тез таза жеңіп отырдым. Ақтық бәсе­ке­дегі қарсыласым Оңтүстік Корея балуаны еді. Ол 1 ұпай ұтылыспен шыққан болатын. Сол кезде менің жанымда: «Дәулет, сен мынау корей төрінде корей балуанымен кездесіп жатырсың. Төре­шілердің бәрі саған қарсы жұмыс істейді, жанкүйерлер де саған қарсы шулайды» деп айтатын жанашыр болмады. Ол кезде қазақ жат­тық­тырушыларын санатқа қоспайтын. Содан не керек, 2:1 есебімен ұтылып қалдым. Сол Олимпиададан кейін 3-4 ай ауырдым. «Ұтып тұрған балуаным еді ғой, әттең», деп қалдым. Психологиялық күйзеліс қой, сол ойыма түссе қатты нали­мын. Қазір мен халықаралық күрес федерациясының мүшесімін ғой. Сол кез­десуде қандай келісім жүргенін, Оңтүстік Корея күрес федерациясы халықаралық күрес федерациясымен қандай қарым-қатынаста болғанын, кімдерге қандай сыйақы бергенін, бәрін сұрастырып білдім, соның бәрі бұл күндерде белгілі болып жатыр. Ал енді сонау финалда кездескен Ким Ен Наммен доспыз. Қазақ тілінде, орыс тілінде жетік сөйлейді. Қазақстан–Корея бірлескен кәсіпорнында осында қызмет істейді. Көбіне уақытын Алматыда өткізеді. Отбасымызбен араласып тұрамыз.

Барселона Олимпиадасында өзімнің салмағым 72 келі болса да, 82 келі салмақта күрестім. 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырап кеткен кез. Соның өзінде барлығын мәскеуліктер басқарып отырды. Бірақ мен сонда да іріктеу жарыстарында олардың екі мықты балуанын жеңдім. Біздің бірнеше боксшымыз Мәскеудің қысымымен Олимпиада ойындарына жіберілмей қалды. Өйткені біз халықаралық жарыстарға ТМД құрамасы сапында бардық. Сол кезде спортты басқарып отырған Қаратай Тұрысов ағамыз: «Дәулет, еліміздің туын өзің ұста», – деді. Сөйтіп, мен ең алғаш тәуелсіз Қазақстанның туын спорт аренасында алып жүрдім. Ертеңінде жарыс 17-ақ секунд қалған кезде, 2:1 есебімен ұтып тұрып ұтылып, 3-ші орын алып қалдым. Қола медальға қуана тұрсам да, бұл да бір өкінішім.

Атлантада өзімнің салмағым 74 келі тартып тұрды да, Бақтияр Байсейітов деген бауырымыздың бағы жансын деген оймен 74-ке соны шығардым. Ал өзім тағы 82-де күрестім. Ол кезде аға жаттық­тырушымын, қай салмаққа кімді қоямын десем де өзім шешетін кез. Алайда ол ұтылмайтын балуанға ұтылып қалды. Ал мен 82 келі салмақта өте қиын 7-8 кездесу өткізіп, 4-ші орынға табан тіредім. Әйт­пегенде, 74-тен алып-ақ тұр едім бас бәйгені».

Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, Азия күрес федерациясының президенті, UWW бюросының мүшесі Дәулет Тұрлыханов сол кездегі  Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ералы Тоғжановқа еліміздегі бұқаралық спортқа, жоғары жетістіктер спортына бөлінген қаржыға тексеру жүргізуді ұсынғанын өз құлағымызбен естіген едік. «Қазір елімізде спорт саласы сын көтермейтін жағдайға жетті. Спортшыларды айтпағанда, жаттықтыру­шыларымыз «қайыршыға» айналды. Елімізде спортшылардың жарыстарға дайындалуына тиісті жағдай жасалмаған», –  деді ол. 

Биік мінберлерден талай адам сөйлейді. Солардың сөзі кейде сол жерде қалады. Ал Дәулет айтса, шегелеп айтады. Сол жолы да Тұрлыханов республикалық және жергілікті бюджеттен еліміздегі бұқаралық спортқа, жоғары жетістіктер спортына бөлінген қаржыға тексеріс болу керегін айтқан еді.

Қазақстан және халықаралық турнир­лердің жеңімпазы, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиада­сының күміс жүлдегері, және жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионы және күміс жүлдегері, қола жүлдегері, Әлем кубогының екі мәрте жеңімпазы, 12-ші Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы, 24-25-ші олимпиада­лық ойындарының күміс, қола жүлдегері басқа саланы қайдам, тап осы спорт саласын бір кісідей біледі ғой.

Халықтың ең басты байлығы – денсау­лығы. Ал денсаулықты спортсыз сақтаудың жолы бар ма? «Біз халықтың денін сауық­тыруды ауруханалар мен емхана­лар­дан емес, спорт мектептерінен бастауымыз керек. Кезінде Премьер-Министр Даниал Ахметовке 200 ауданда бірыңғай үлгідегі спорт сарайларын салу туралы ұсыныс жасадым. Оны қаржыландырудың жолын да таптым. Басшылар: «иә, қараймыз» деген сол ұсыныс қалып қойды. Себебі іле-шала «100 аурухана, 100 мектеп» деген бағдарлама басталды. Соған осы спорт сарайларын  кіргізгенде жағдай қалар болар еді..». 

Әрине, басқаша болатын еді. 

Спорт саласына қысқа балақ, қаба сақалды жастар көбейгені қоғамды алаңдата бастады. Үкімет спорт сала­сындағы діни жат идеологияның таралуын шектеу үшін жол картасы жобасын дайындады. 2023–2025 жылдарға арналған құжат құзырлы органдар өкілдерінің қа­тысуымен әзірленді.

Дәулет Тұрлыханов  «Спортта да салафизмнің жайлап жатқан жайы барын байқайсыз ба?» деген сауалға бапкерлермен, спортшылармен осы әңгімені жиі қозғап келе жатқанын айтты. 

«Кездесу өткізген кезде біз айтамыз: әркім өз таңдауын жасайды, бірақ жаттығу барысында кедергі жасамаса болды. Екіншіден, мұны әңгімелеп, жарнамалап, үгіттеп жүрсе айтамыз – намаз оқысаң оқы, бірақ жаттығуыңа, жарысқа мұның кедергі болмауы керек деп айтамыз. Біріншіден, дінде жүрген адам таза, екіншіден тәртіпті, жинақы болуы керек. Ойым сондай. Үкімет тарапы бұл сұрақтармен айналысуы керек. Қоғамда ондай орындар бар шығар. Бірақ насихаттап, үгіттеп, адамдарды дінге шақырып, дінді таңдап алыңдар дегенге қарсымын», –деді Дәулет.

Елімізде спорт мектептері баршылық. Бірақ сол мектептердің бюджеттері мүлдем мардымсыз. Ол сондағы жаттықтырушы­лардың алатын жалақысы, коммуналдық шығындар, салықтарға кетіп қалады. Ал балаларды облысқа, республикаға жарысқа шығаруға қаражат жетпейді. Дәулет осы мәселелерге жиі алаңдайды. 8-ші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов бұрынғы қалпынан бір айнымаған: қай кезде де, қашан да қоғамға ашық; Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде сыртқы саясатқа қатысты, қорғаныс, қауіпсіздік саласына қатысты заң жобаларын әзірлеуге атсалысып жүр.

Дәулет Болатұлының жайсаң жігіт екені бет-жүзі, дидарынан анық көрініп тұрады. Оның күлген кезінде бірден байқайсыз. Жүрегі таза адамдар ғана осылай күледі.

Дәулеттің қайсар қазақ екендігі ұстанған қағидаттарынан көрінеді. Жалт беру, жалп ету – оған жат. Сондықтан да Дәулет Тұрлыхановты жұрттың жақсы көретіні, сыйлайтыны, құрмет тұтатыны! 

Тұғырыңнан тайма, тарланым!

Нұртөре ЖҮСІП