Бүгін кезектен тыс Президент сайлауына бір жыл толып отыр.
Өзгерістер халықтың үмітін оятты, рухын көтерді
594
оқылды

Осыған байланысты мемлекет және қоғам қайраткерлері өз ойларымен бөлісіп жатыр. Фейсбуктегі парақшасында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сайлау қарсаңында Мемлекет басшысының жеке тұлғасына деген халықтың ерекше ықыласы, шынайы құрметі айқын көрінгенін атап өтті.

– Халықтың оң өзгерістерге деген сенімінің берік орныққанына көз жеткіздік. Өзгерістер халықтың үмітін оятты, рухын көтерді. Сондықтан азаматтарымыз мемлекеттің, елдің болашағы үшін қапысыз таңдауын жасады. Халықтың ол үміті мен сенімі негізсіз емес болатын. Бұл 2019 жылы басталған Қасым-Жомарт Тоқаевтың түбегейлі саяси реформаларының нәтижесі екені ақиқат. Осы орайда, Әділетті Қазақстан құру идеясы әділдікке, адалдыққа, өзгеріске шөліркеп отырған қоғам сұранысының үдесінен шықты деп сеніммен айта аламыз, – деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов бұл бағытта Мемлекет басшысы табанды, батыл қадамдар жасағанына тоқталды. Конституцияның үштен бірі жаңарды, Қазақстанның қазына-байлығы халықтың меншігі деп танылды, Президент өкілеттігі бір мерзіммен шектелді, билік институттары толықтай жаңғырды, Парламентке алты бірдей саяси партияның өкілдері кірді, шынайы азаматтық қоғамның іргесі бекемделіп жатыр, Президент жаңа экономикалық бағдар ұсынды.

Палата төрағасы осының бәрі Мемлекет басшысының айтқан «әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» формуласының нақты орындалуына алғышарт болғанына назар аударды.

– Президент қоғамда заң мен тәртіптің мүлтіксіз сақталуы керектігін үнемі айтып келеді. Заң мен тәртіп үстемдік құрған кезде ғана Қазақстанды әділетті, бақуатты елге айналдыра аламыз. Бұл өз қолымызда. Әрине, ол жолдың оңай болмайтыны түсінікті. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда осы мақсат-міндетке елдің бірлігі мен берекесі арқылы ғана жете аламыз. Өткен жылғы Президент сайлауы осыны көрсетті. Сол сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлының төңірегіне ел болып, ұлт болып ұйыстық. Барлық қоғамдық күштер бір тудың астына – бір коалияцияға біріктік. Ұлы мұрат жолында алған бағытымыздан таймайтынымызды дәлелдедік.Ел мүддесі бәрінен биік, ұлт болашағы бәрінен қастерлі. Осы бағытта жұдырықтай жұмылсақ қана барлық сынақтан сүрінбей өтеміз, – деді Е.Қошанов.