Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Астанадағы Орта­лық коммуникациялар қызметін­де бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз мәслихатын өт­кізді.
Ұлытауға инвестиция ауадай қажет
557
оқылды

Б.Әбдіғалиұлы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды, ол шағын баяндамасынан соң журналистердің көптеген сұрағына жа­уап берді. Аймаққа инвестиция ауадай қа­жет. Барлық дамудың кілті инвес­тиция­ға байланысты. Әкімнің сөзі осы­ны ұқтырды. 

Ал өңірге инвестиция тартуға мүм­кін­дік беретін қандай тетік бар дегенде, 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді даму жоспарын айтуға болады.

Шынында да, соншалықты көп уа­қыт өте қоймағанына қарамастан, Ке­шен­ді жоспарды іске асыру басталғаннан бері облыс экономикасына 247 млрд теңге тартылды. Өңірге құйылатын қар­жы алдағы уақытта өсе түспесе, кемі­мей­ді. 2027 жылға қарай облыс эко­но­мика­сына 1,4 трлн теңге, соның ішінде 1,2 трлн теңге жеке инвестициялар тар­тылады деп күтілуде. 

Экономиканы әртараптандыру жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады. Өңірде кейінгі жылдары ағаш бұйымдары өндірісінің 5,5 есе, тоқыма бұйымдары 2 есе, сусындар 2,5 есе, элек­тр жабдықтары өндірісінің 2,6 есе өсуі байқалады. Бұл осы салаларға құйылған инвестициялық қаражаттың арқасында мүмкін болып отырғанын түсінудің еш қиындығы жоқ. Әкімнің баяндамасында атап көрсетілгендей, облыста негізгі ка­пи­талға инвестиция салу 1,2 есеге өсіп, шамамен 153 млрд теңгені құрады.

Жезқазған қаласының іргесіндегі Талап ауылының территориясынан биыл жеке кәсіпкердің қаржысына кір­піш зауыты бой көтерді. Зауыттың қуат­тылығы жылына – 20 млн дана кірпіш. Осы бір ғана кәсіпкердің кірпіш зауыты облысқа сырттан әкелінетін кірпішке тәуелділікті 20%-ға азайтты. Міне, инвестиция игілігі деген қандай!

Қазір облыста жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асатын 3 ны­санды іске асыру жалғасуда. Олар қан­дай нысандар? Бұлар – тазартылмаған мыс концентраттарын гидрометал­лур­гиялық қайта өңдеу тәжірибелік зауыты, өнеркәсіптік реагенттер шығаратын химия зауыты, «Жомарт» кен орны негізінде мыс өндіру зауытын газдандыру арқылы жаңғырту.

Облысты дамыту, өркендету қажет. Бірақ бұл өздігінен бола қалмайды. Об­лыс басшылығы алдағы уақытта облысты қалай дамытуға болатыны жөнінде үнемі ізденіс үстінде десе де болғандай. Соның арқасында қазір өңірдің 2027 жылға дейін 2 000 жаңа жұмыс орнын құруға мүм­кіндік беретін, жалпы сомасы 760 млрд теңге шамасындағы 15 инвестиция­лық жобадан тұратын пул қалыптас­тырылды.

Бұл ретте инвестиция тарту  жер қой­науының байлығын пайдалануға ғана байланысты болып отырған жоқ. Ең бас­тысы да осы. Облыс құрылғаннан кейін  өңірде агроөнеркәсіптік қызмет саласында да, электр энергиясының жаңартылатын көздерін дамыту сияқты жаңа жобаларға да жол ашылуда. 

Мәселен, жуырда ғана облыс әкімдігі қазақстандық инвестормен және олардың қытайлық серіктесі – SinoHydro холдингімен үшжақты меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес өңір аумағында алдағы уақытта жел электр стансалары бой көтереді және сол стан­саларға қажетті мұнаралардың металл конструкцияларын шығаратын зауыт салынатын болады.

Ұлытау еліміздегі ең қымбат облыс қатарына жатады. Өйткені облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік та­уар­ларының тек үш түрі ғана өндіріледі. Бұлар – ет, ұн, нан. Ал қалған азық-түліктің бәрі де көршілес облыстардан жет­кізіледі. Сондықтан ауыл шаруа­шылығына инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыру күн тәр­тібіне өткір қойылып келеді. Облыстағы агроөнеркәсіптік кешен саласында 230-дан астам жаңа жұмыс орнын құра оты­рып, жалпы құны 7 млрд теңге бола­тын 6 инвестициялық жобаны іске асы­ру көзделген. Бұлардың қатарында Жаңаарқа ауданында мал сою цехы бар 10 мың бас малға арналған мал шаруа­шылығы кешенін құру, Жезқазған қала­сында құс етін өндіретін құс фабрикасын салу, Сәтбаев қаласында құс етін қайта өңдеу цехын іске қосу, Жезқазған қаласындағы ұн тарту кешенін жаңғырту, сондай-ақ облыста кемінде 400 гектар картоп пен көкөніс өсіру, 100 гектар жем-шөптің ауыспалы егістерін құра оты­рып, құрғақшылыққа төзімді жем­шөп дақылдарын өсіруді енгізу тәрізді жобалар бар. Бұл жобаларды жүзеге асы­ру ішкі нарықты құс етімен, сүт өнімдерімен, картоп және көкөніс өнімдерімен 30%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Қазір аталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Демек, халық көп кешікпей инвестиция игіліктерін нақты сезіне бастайтын болады. 

Шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлу – жекелеген инвес­тицияны экономикаға тарту деген сөз. Об­лыстағы шағын және орта кәсіпкер­ліктің үлесі артып келеді. Бұл өте қуа­нышты жағдай. ШОБ субъектілері жыл басынан бері облыс бойынша 93 млрд теңгенің өнімін шығарды, жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 19 мың бірлікті құрады. Сонымен қатар жұмыспен қам­тылғандар саны да 15%-ға артып, 32 мың адамға жетті.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлт­тық жоба аясында құны 7,4 млрд теңге болатын 250 жобаға қолдау көрсетілді. Облыста сондай-ақ бастапқы бизнесті іске асыру үшін қайтарымсыз мемле­кеттік гранттар беру де жақсы жолға қойылған. Соңғы бірер жылда кәсіпкер­лерге жалпы сомасы 600 млн теңгеге жуық қайтарымсыз мемлекеттік грант­тар берілді. Мемлекет кәсіпкерге ісін бастауға көмектеседі, ал кәсіпкер шаруа­сын жолға қойған соң жұмыс орындарын ашады, өнім шығарады, қызмет көр­сете­ді, салық төлейді. Екіжақты тиімділік арқасында экономика дамиды. 

Өңірдегі экономикалық дамудың бір көзі – туризм. Жезқазған-Ұлытау айма­ғы тарихи ескерткіштерге өте бай. Өкі­ніштісі сол, жол қатынасы, инфра­құрылым нашар. Бірақ соған қарамастан, биылғы жартыжылдықта өткен жылмен салыстырғанда өңірге келуші туристер саны 7%-ға өскен екен. Бір қызығы, ше­телдіктер саны да 2 есеге жуық артқа­ны байқалады. Бұл өңірдің туристік әлеуетін байқатады. Сондықтан облыс басшылығы бұл салаға да инвестиция тартуға өте қатты мән беріп отыр. Қазір об­лыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпора­циясы» ЖШС арасындағы меморандумға сәйкес корпорация Ұлытау бөктеріндегі «Тасбұлақ», «Күмісбұлақ» демалыс ай­мақ­тарын және Әулиетау маңайын осы заманға сай етіп қайтадан күрделі жөн­деуден өткізуді қолға алды. 2024 жылы Жезқазған қаласында құны 1,5 млрд теңге болатын жалпы сыйым­дылығы 100 орындық 2 қонақүйді іске қосу жос­парлануда.

«Жошы хан» тарихи-мәдени кеше­ніне дейінгі жаңа жолдың құрылысы да келесі жылы аяқталады деп жоспар­лану­да. Қазір мұнда қызу жұмыс жүріп жа­тыр. 

Б.Әбдіғалиұлы баспасөз мәсли­хатын­да барлық саланы қамтыды, қо­йыл­ған сұрақтардың бәріне де нақтылы анық жауап қайтарды. Жаңа облыс алғашқы қиыншылықтарды еңсерді, енді даму жолына бет бұрды. Көп жыл бойы қордаланып қалған мәселелер кейбір шаруалардың жылдамдатып ше­шімін табуына қолбайлау болып жат­қа­ны да рас. Мұны әкім де жасырған жоқ. Бірақ алынбайтын асу болмайды.Кем­ші­ліктер жойылады, бәрі де жолға қо­йылады. Облыстың Кешенді даму жос­пары, соған сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар көңілге осындай сенім ұя­латады.

Майлыбай КЕТЕ,

Ұлытау облысы