Тәртіп пен тазалық – егіз ұғым. Әйгілі Бауыржан Мо­мышұ­лының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейтін сөзі жеткен бізге. Тазалық сол тәртіптен бас­та­ла­ды.
Жанкүйер мәдениеті қалыптасып келеді
2,673
оқылды

Президент Қасым-Жомарт То­қаев  құқық қор­ғау ұйымдарының  басшыларымен өткізген кеңесте «Заң­сыздық, тәртіпсіздік, мәдениет­сіздік елді жарға жы­ғады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қо­ғам болып қар­­сы тұруымыз керек. Ал тәр­тіпке ба­ғынған қоғам өр­кениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат елі­міз­дің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты  тұрмыс та болады», – де­ген еді.

Мемлекет басшысының тәртіп пен тазалықты сақтауға бағытталған баста­ма­­сын жастар қолдап жатыр. Оған фут­бол жанкүйерлерінің игі бастамасы куә.

Әдетте футбол сүйетін жанкүйер­лерді эмоцияға берілгіш, қызуқанды азаматтар деп бағалайтынымыз бар. Төрткүл тү­ниенің түкпір-түкпірінде футбол жан­күйерлерінің төбелескенін, стандион­дардағы орындықтар мен түр­лі жабдық­ты қиратқанын талай ес­тігенбіз. Қазақ­станда да футбол фанат­тарының жұды­рық­тасқан кездері бол­ған. Дегенмен соңғы кездері жан­күйерлер арасында жақ­сы үрдіс бас­талды. Жақтасатын ко­ман­даға рухани-психологиялық дем бе­ріп қана қоймай, отырған орнын таза­лайтын дәстүр қа­лып­тасып келеді. Сөзімізге дәлел ре­тін­де футболдан Қа­зақ­стан ұлттық құ­рамасы мен Солтүстік Ирландияның, одан соң Сан-Марино командасының арасындағы матчтан кейінгі әрекетті айтар едік. 

Бұрын футбол жанкүйерлерінің ста­­диондарды тазалайтынын сирек ести­тінбіз. Әрине, жекелеген клубтарды жақ­тайтын еріктілердің мұндай әрекет жа­сағаны бар. Бірақ көп жағдайда ста­диондағы тазалық жұмыстарымен ар­найы мекеме мамандары айналы­сатын. Ал өткен қыркүйекте жастар ұлт­тық құ­раманың Солтүтік Ирлан­диямен бол­ған матчынан кейін жастар ста­дион­ды тазалады. Одан соң кеше ғана, 18 қазанда Сан-Марино коман­да­сымен болған ойыннан соң бұл дәс­түр жал­ға­сын тапты. Тазалық жұмыс­та­­рына қала тұр­ғындары, «Астана жас­тары» КММ белсенділері мен ерік­тілері атсалысты. Жанкүйерлердің бел­сенділігі ғана емес, олардың ауыз­бір­ші­лігі де жұртты сүй­сіндірді. Әлеуметтік желі­лерде игі бас­та­маны қолдаушылар мол болды. Жақсы бастаманың қолдау та­ба­тыны да байқалып жатыр. Бұл дәс­түрді әр аймақтағы клубтардың жан­күйер­лері де қолдап кетуі мүмкін. Өйт­кені игілігі мол бұл бастаманы та­ны­мал блогерлер мен әлеуметтік желі бел­сенділері бай­қап, назардан тыс қалдырмады. Олар Қазақстан құрамасы жанкүйерлерінің стадионды тазартып жүрген кадрларды парақ­шаларында жариялап, игі істің на­си­хатталуына ықпал етті.

Жалпы, футбол жанкүйерлерінің мұндай әрекетіне көпшіліктің назары 2018 жылы ауды. Сол жылы футболдан Ре­сейде өткен әлем кубогында Жапо­ния құрамасының жанкүйерлері ста­дион­ды жинап кеткен еді. Жапондардың таза­лыққа деген құштарлығы алғаш рет 2014 жылы Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионатына байқалған. Сол жылы көпшілік қауым жапондардың әрекетіне таңданысын жасыра аламған еді. Ал жапон халқы – тазалыққа жа­қын. Жапондар балаларды мектеп кезі­нен бастап тазалыққа бейімдейді екен. Жапондардың бұл әрекетін BBC-ден бастап, әлемнің ірі медиа құралдары жа­рыса жазғаны бар. Таңданысын жа­сыр­маған-ды. Сөйтіп, онсыз да даму көрсеткіші арқылы әлемнің алдыңғы қатарында жүретін Жапония тағы бір қырынан танылған. Әрине, мұны жар­нама дерсіз. Біздің пайымдауы­мыз­ша, тазалыққа құмар болу жарнамадан бұ­рын адам бойындағы жағымды қасиет. Ұлттың сан қырының біреуі.

Қазақ халқы да тазалыққа  құмар. Көктемде, Ұлыстың ұлы күнінде бұлақ­тың көзін ашып, төңіректі тазалайды. Күл-қоқысты шашпайтын. Тазалықтың өзі обал ұғымымен байланыстарын кездері аз емес. Тек қалалық бола баста­ған соң тазалық жасауды коммуналдық қыз­меттің міндеті деп ұқтық па, оған мән беруіміз сиреген еді. Салғырт­тығы­мыз спорт жарыстарын көрермен ре­тін­­де тамашалаған кездерімізде де бай­қа­ла­тын. Енді сол кемшіліктің орны то­ла­тын сыңайлы. Қазақ жастары да мә­де­ниетті, тәртіпті болудың мәнін ұға бас­тағаны сүйсінтті. Әдемі дәстүр – бұл. 

Cымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ