Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде үндеу жариялап, қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесін көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, марқұм қарындасымен зорлық-зомбылықтан жапа шеккен құрбыларына көмектескен сәттер болған. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жүргендерге көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
"Күн сайын қыздар өз оқиғалары туралы айтады. Олардың көбі шұғыл көмекке мұқтаж. Қыздар күш жағынан тең емес жекпе-жекте жалғыз қалатын сәт көп. Барлық әдісті қолданып көреді, бірақ өзін қауіпсіз сезінбейді. Салта (Салтанат - еск.) екеуміз құрбымызға күйеуінен қашуға көмектескен кез де болған. Бұл оқиға 10 жылдан аса уақыт бұрын болды, қазір оның жағдайы жақсы. Көбіне бауырлары, отбасылары мен достары жоқ қыздарға осындай көмек қажет. Сонымен қатар абьюзерлер қыздарды барлық байланыстан мүмкіндігінше шектеуге тырысады. Достарымен сөйлесуге, әлеуметтік желілерді жүргізуге мүмкіндік бермейді. Кейін қыздарды бұл өзіңнің таңдауың болды деп айыптайды. Мен ешқандай сұрақ қоймай, айыптамай, көмектесуге дайынмын. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, арыз жазуға көмектесу, прокуратураға хабарласу және т.б. шұғыл жұмыстарда қол ұшын созуға дайынмын", – деп жазды ол.
Сонымен қатар марқұм Салтанаттың ағасы олардың балалық шағы қалай өткенін жазды.
"Салта (Салтанат - еск.) әрқашан әділдікке ұмтылды және көмектесуге дайын болды, бізде бұл – ата-анамыздан дарыған қасиет. Ол өз жұмысын жақсы көрді және консультацияға келген әрбір қыз үшін шын жүректен уайымдады, оларға қолынан келгенше көмектесуге тырысты. Біз кездескен кезде ол әрқашан "біздің отбасымыз қандай бақытты, мен бәріңді қатты жақсы көремін" дейтін. Кішкентай кезімде маған оған қол көтеруге қатаң тыйым салынды, әкем әрқашан "ол – қыз бала, тиюге болмайды" дейтін. Біздің үйімізде ешқашан зорлық-зомбылық көрсетілмейтін. ...Қазір бәрін мен жалғауым керек, Салтанаттың осы өмірде миссиясы болғанын айтады, оны түсінемін. Қазірдің өзінде жақындарымызбен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін оның ұзатуы болғанына бір жыл болар еді…" – дейді ол.
Салтанат Нукенова. Фото: instagram.com/aitym