15 қараша – Ұлттық валюта күнінде Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XI конгресінде цифрлық теңгедегі алғашқы бөлшек транзакция жүргізілді.
Цифрлық теңге: интернетсіз-ақ төлем жасауға болады
1,962
оқылды

Ұлттық банк цифрлық теңгені қолданысқа енгізеді. Цифрлық теңге – инновацияның мүмкіндігін пайдаланып, жүзеге асыруға болатын төлемнің жаңа құралы. Басты артықшылығы – офлайн режимде транзакция жасауға мүмкіндік бар. Яғни, интернет байланысы жоқ аймақтарда да қолма-қол ақшасыз төлем жасау қолжетімді. 

Жаңа төлем түрінің артықшылығы, тиімділігі туралы жиынға Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов, Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков, Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жаленов және журналистер қатысты. 

Цифрлық теңге платформасы пилоттық режимде іске қосылды. 

«Цифрлық теңге – ұлттық валютаның қосымша, үшінші формасы. Қолма-қол ақша сияқты цифрлық теңгемен сауда-саттық жасауға, айырбастауға болады. Жеке және заңды тұлғалармен байланыс бұрынғысынша, қаржы нарығына қатысушылар арқылы ғана жүргізіледі», – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.

Пилоттық жоба аясында клиенттің цифрлық шоттары арасында төлемдер мен ақша аударымдар жүргізіледі. 

Сонымен қатар банктер халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп, цифрлық карта шығарды. Картамен жеке және заңды тұлғалар әдеттегідей цифрлық теңге транзакцияларын жүргізе алады.

Сондай-ақ банктермен және Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік-әлеуметтік қолдауды оңтайландыру аясында «цифрлық ваучерді» пайдалану сервисі іске қосылды.

Цифрлық теңге POS-терминалдар, QR код, банктердің мобильді қосымшалары, биометрия сияқты әдеттегі банктік сервистер арқылы қолжетімді болады.

Смарт-келісімшарттың мүмкіндігін пайдаланып, цифрлық теңге нарыққа жаңа өнімдер мен сервистерді кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. 

Бұл төлем тізбегіндегі бірқатар процесті автоматтандыру мен тиімділігін арттыруға жол ашады. 

Ұлттық банк Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуынша, цифрлық теңгенің артықшылығы көп. 

 

«Цифрлық теңге – Ұлттық банктің цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі компонентінің бірі. Ұлттық валютаның жаңа формасы бірқатар бірегей қасиетке ие: бағдарламалау, халықаралық деңгейде төлем жасау, сонымен қатар смарт-келісімшарт орындау кезінде де технологиялық мүмкіндіктерге жол ашу. Ал келешекте интернетсіз-ақ төлем жасауға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Ашықбеков.

 

Келесі жылы жоба аясында жаңа қатысушыларды қосу мен сервистерді көбейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұл – интернетсіз цифрлық теңгемен төлем жасау, трансшекаралық төлемдерді оңтайландыру, цифрлық активтер бойынша есеп айырысу. Осы бағытта SWIFT халықаралық ұйымымен трансшекаралық төлемдердің мүмкіндігі туралы зерттеу жүргізіліп жатыр. Биыл Халықаралық есеп айырысу банкінің mBridge бастамасына бақылаушы мемлекет ретінде қосылу жүзеге асырылды.

Цифрлық теңгеге арналған цифрлық картаны Visa мен Mastercard халықаралық төлем жүйесі және екінші деңгейлі төрт банкпен бірлесіп шығарып жатыр. Бұл карта – клиенттердің цифрлық есепшоттары орталық банктің цифрлық валютасымен байланыстырылған әлемдегі алғашқы карта.

 

«Цифрлық теңге инновациялық қаржылық қызмет көрсетудің негізін құрайтын блокчейн технологиясының әлеуетін көрсетеді. Төлем жасауға тиімді. Дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер арасына  алтын көпір болады. Цифрлық теңге экожүйесі іске қосылды. Енді көп ұзамай тұрғындар оның алғашқы өнімін пайдаланады», – дейді Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинур Жаленов. 

Жоспар бойынша, цифрлық теңгені қолданысқа енгізу жұмысы кезең-кезеңімен 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Биыл цифрлық теңге бөлшек айналымға енгізілді. 2024 жылы офлайн төлемдер мен инновациялық сервистерге назар аудара отырып, серіктес банктермен бірге жоба аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. 2025 жылы барлық клиентті қосуға және трансшекаралық есептеуге цифрлық теңгені пайдаланбақ.

Жиын соңында журналистер цифрлық теңгенің қауіпсіздігі туралы сауал қойды. 

Aikyn.kz тілшісі «Қазір алаяқтар көп. Банк картасындағы, депозиттегі ақшасынан айырылып қалып жатқандар бар. Цифрлық теңгені алаяқтардан қорғау тәсілі қарастырылған ба? Қауіпсіздігіне кепілдік бар ма? Цифрлық теңгенің есепшоты қазір де қолданып жүрген банк картасына байланатын болса, мобильді қосымшада қолданса, азаматтар кредитін уақытында төлей алмаған жағдайда есепшотындағы цифрлық теңгесі де бұғаттала ма?», – деген сауал қойды.

Сауалға жауап берген Ұлттық банк Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков тұтынушының жеке деректерінің қауіпсіздігі басты назарда екенін айтты. 

«Цифрлық теңгені пайдалану ортамерзімді болашақта қазақстандықтар үшін трансшекаралық есеп айырысудың тағы бір түріне жол ашады. Сондықтан біз цифрлық теңге есепшоттарының қауіпсіздігіне баса назар аударамыз. Егер тұтынушы кредит немесе қарыз, салық берешегін төлей алмаған жағдайда оның есепшотын бұғаттау мәселесін алдағы уақытта талқылап, қолданыстағы заң шеңберінде қарастыратын болады. Себебі  цифрлық теңгенің қауіпсіздігіне Ұлттық банк жауап береді. Біз үшін ел азаматтарының жеке деректері, қаржылық қауіпсіздігі өте маңызды», – деп жауап берді Ерлан Ашықбеков. 

Сондай-ақ ол Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік төлемдерге цифрлық ваучер беру тетігі сынақтан өткізілгенін де тілге тиек етті. 

Мәселен, Алматы қаласының әкімдігімен, «Қазпошта» және ONAY көлік холдингімен бірлесіп, мектепте тамақтандыруға арналған «цифрлық ваучер» пилоттық жобасы іске қосылды.

Цифрлық теңгенің смарт-келісімшарттарының мәні сәйкестендіру, есептілік және өзара есеп айырысу бойынша көптеген бизнес-процесті бір ғана қарапайым тәсілмен шешу. Қарапайым асханадағы терминалға картамен төлеу арқылы қаржы қозғалысын бақылап отыруға болады. Әрбір тұрғын үшін қолжетімді көлік картасының көмегімен оқушы мектепте түскі ас сатып ала алады. 

Осы растау негізінде әрбір оқушының әрбір нақты түскі асына ақша мектептің цифрлық шотынан мектеп асханасы операторының цифрлық шотына төленеді.

Соның нәтижесінде, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар онлайн режимде іс жүзінде қанша бала қызмет алғанын көреді. Асхана қызметін пайдалану үшін бірден қаражат алады. Ал төлемдер күрделі есеп-қисапты қажет етпестен онлайн режимде өтеді. Бұл мемлекеттік қаражатты жұмсаудың ашықтығын көрсетеді. Қаржы айналымының ашықтығы экономиканы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.