Кеше Елдордадағы Астана Операсында Қазақстан композиторлар одағының ұйымдастыруымен Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығына орай «Ұлы Мұқаңа мұрагерлерінен тағзым» атты концерті өтті.
«Ұлы Мұқаңа мұрагерлерінен тағзым»: музыка бәйтерегі – Мұқан Төлебаев
1,342
оқылды

 Вокалдық және симфониялық музыка кешінде «Астана Опера» солистері, хоры және Симфониялық оркестрі ұлттық композиторлық мектеп классигінің туындыларымен қатар, дарынды заманауи авторлардың еш жерде шырқалмаған шығармаларын орындады. Ал театр оркестріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин мен «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин жетекшілік етті.

– Бүгін біздің өмірімізде, мәдени ортада елеулі күннің бірі деуге болады. Себебі, біз, Қазақстан композиторлар одағы «Астана Операның» үлкен залында музыканың бәйтерегі – Мұқан Төлебаевтың мерейтойына орай концерт бердік. Осыған байланысты жыл бойы түрлі шаралар өткіздік. Соның қорытындысы ретінде елордамыз Астанада кешімізді бермек болдық. Басты мақсатымыз – көрерменге Қазақстан композиторлар одағының өсу жолын көруі керек деп шештік,  – деген Қазақстан композиторлар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серікжан Әбдінұров. – Келер жылы одақтың 85 жылдық мерейтойы. Соған орай қазақстандық композиторлық мектептің түрлі буын авторлары өз өнерін көрсетпек,  – дейді ол.

Концерті аясында Мұқан Төлебаевтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсынан үзінділер, сондай-ақ автордың «Тос мені, тос», «Кестелі орамал» танымал романстары орындалды. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің аттас операсынан Абайдың ариясы, Ә.Қазақбаевтың «Жамбыл жырау» операсынан Сүйінбайдың термесі, А.Жайымов пен А.Жайымның «Бейбарыс» операсынан Бейбарыстың ариясы, А.Мұхитдиннің «Әл-Фараби» операсынан «Гүлдер биі» шырқалды. Сондай-ақ В.Стригоцкий-Пактың «Кенесары» симфониялық поэмасы, Б.Қыдырбектің «Реквиемі», Б.Дәлденбайдың «Ел бақыты» вокалдық-симфониялық одасы орындалды.

–Кезінде тығырыққа кіріп кеткен қазақ операсының бүгінде жағдайы қалай деген сұрақ көп туындайды. Бүгінгі концерт – соның жауабы. Жаңа шығармалардың ішінен Әл-Қуат Қазақбаевтың "Жамбыл жырау" операсы, Арман Жайымның "Бейбарыс" операсы, А. Мұхитдиновтың "Әл-Фараби" операсы орындалады, – дейді танымал композитор Балнұр Қыдырбек.

Музыкалық кешке өз өнерлерімен театрдың жарқын солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Жанат Шыбықбаев, Мейір Байнеш, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Гүлжанат Сапақова, Мәдина Исламова, Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Ержан Саипов, Артур Габдиев, Алтынбек Әбілда, Айгерім Аманжолова, Нарұл Тойкенов, сондай-ақ шақырылған солистер – скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, вокалист Дильназ Омарханова және тағы басқалары көрік береді.

Айта кету керек, көрермендер бұл кеште бірден екі әлемдік премьераның куәгерлері атанды.  Өйткені осы  кеште алғаш рет Әліби Әбдінұровтың Оркестр мен скрипкаға арналған концерті және Серікжан Әбдінұровтың «Фараб-Отырар» вокалдық-симфониялық дастаны таныстырылды.

– Өзім жақсы көретін автор Мұхтар Шахановтың «Отырардың күйреуі» поэмасын оқығаннан кейін «Фараб-Отырар» дастанын жазуға деген шабыт пайда болды. Бұл туынды мектеп кезімнен бастап қолымнан түсірмей оқыған кітабым еді, – деді композитор. – Дастан жазу туралы идеяның пайда болғанына біраз болды. Оңтүстік Қазақстанның тумасы болғаннан кейін, осы өңірдің тарихы, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауидің қызметі маған өте жақын. Композитор әрі халқымның ұлы ретінде еліміздің аумағында болған оқиғалар туралы айтуды парызым деп білемін. Дастан XII ғасырға, қаланы толығымен жойған Шыңғыс ханның басқыншылығы болған кезеңдерге жетелейді. Туынды біздің ата-бабаларымыз, қазақ халқының өмірі, тұрмысы мен тарихы жайлы баяндайды, – дейді ол.

Серікжан Әбдінұровтың айтуынша, Қазақстан композиторлар одағының өкілдері К.Байсейітова атындағы Камералық залдың сахнасында жылына екі рет өз концерттерін беру мүмкіндігі үшін «Астана Операға» риза.