Қазақстан шетелден инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап келе жатыр.
Қазақстан экономикасын дамыту үшін шетелден қанша инвестиция тартылды?
Фото: akorda.kz
1,868
оқылды

Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 28 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2021 жылға қарағанда 17,7%-ке артық. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш деуге болады. Соңғы он жылдықта ең көп инвестиция 2012 жылы тартылған. Онда қаражаттың жалпы көлемі 28,9 млрд доллар болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың мәліметінше, инвестиция көлемі жылдан-жылға артып келеді. 

Инвестиция тарту жөніндегі жемісті жұмысының қорытындыcы ЮНКТАД-ның 2023 жылғы Әлемдік инвестициялар туралы баяндамасында көрсетілді. Теңізге тікелей шыға алмайтын 32 дамушы елге тартылған шетелдік инвестиция бойынша 6%-ке өсім байқалады. Олардың ішінде ең үлкен көлем Қазақстанға тиесілі. 

Қазақстан посткеңестік кеңістіктің 15 елі арасында және Орталық Азияда 61% үлеспен инвестиция тарту бойынша көш ілгері келеді. Бұл ретте, Өзбекстан – 2,5 млрд доллар, Литва – 2,2 млрд доллар, Беларусь – 1,6 млрд доллар, Латвия – 1,5 млрд доллар, Эстония – 1,2 млрд доллар, Түрікменстан – 936 млн доллар, Украина – 848 млн доллар инвестиция тартқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров биыл 10 айдағы көрсеткіш нәтижесінде есеп берді. Биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайыз көлемінде болады деген болжам жасалып отырғаны жөнінде баяндады. 

 

Бірінші жартыжылдықта шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 13,3 миллиард долларға жетті. Жылдық инфляция 2 есе, яғни 10,8 пайызға дейін (ақпан айында 21,3 пайыз) төмендеді.

Әлібек Қуантыров жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,4 пайызға жеткенін мәлімдеді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 28 триллион теңгеден асты. Бұл салада 4,3 миллион адам жұмыспен қамтылған. Биыл 9 мың жобаға субсидия берілді. Несиенің жалпы көлемі – 669 миллиард теңге.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында сауда-экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді.

 

– Бүгінде екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы – ресейлік компаниялар. Біз экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым сияқты салаларында тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Энергетика бағытындағы ынтымақтастық деңгейі артып келеді. Жақында Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының іске қосылуы айтулы оқиға болды. Бұл жоба Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда шешуші рөл атқарады. «Татнефть» компаниясымен бірге қуаты жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін Қазақстан-Ресей зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен шығаратын кәсіпорын салуға қатысты келіссөздер аяқталды. 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама бойынша құны 3,2 миллиард доллар болатын 30 жоба іске асырылды. Жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асатын тағы 60-қа жуық жоба жүзеге асырылуда немесе пысықталуда. Мұның бәрі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктес әрі одақтас екенін айқын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді. Бұл ретте Президент еңбек өнімділігіне, импортталатын қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қоюға және өнімді жұмыс орындарын ашуға баса мән беру маңызды екенін атап өтті.

Экономика мен ынтымақтастықты дамыту бағытында Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитінде де инвестиция көлемін көбейту талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды деп санайды. Бұл ретте Президент Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынды.

– Осыған байланысты модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырамын. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Қазір елдеріміздің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларға жуықтады. Биыл ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Ортақ талаптар бекітілсе, бұл көрсеткішті 1,5 есе ұлғайтуға болады. Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құрған жөн деп санаймын. Бұл орталық өнімді сынау нәтижелерін өзара тануға, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Экономиканы әртараптандыру бағытында инвестиция тарту алдағы уақытта да жалғасын табары анық.  

Айта кетейік, бұған дейін 2022-2023 жылдары Қазақстанға $41,3 миллиард тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын хабарлағанбыз.