Finprom.kz порталының мәліметінше, 2023 жылдың ІІІ тоқсанында елімізде орташа айлық жалақы 350,5 мың теңгені құрады.
Орташа жалақы – 350 мың теңге
2,794
оқылды

Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен нақты мәнде 16,9 пайызға көп. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр осы кезеңде орташа айлық жалақы 299,8 мың теңгені құраған еді.

Өңірлер арасында ең жоғары жалақы Атырау облысында – 602,4 мың теңге. Ал ең төменгі жалақы Түркістан облысында тіркелді – 248,9 мың теңге. Сонымен қатар Жамбыл мен Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының да жалақысы төмен.

Салалар бөлінісінде алып қарайтын болсақ, әдеттегідей тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді өндіру қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы басқалардікінен жоғары – 756,7 мың теңге. Үздік үштікке қаржы және сақтандыру қызметі (668,9 мың теңге) мен ақпарат және байланыс саласы қызметкерлері де (525,8 мың теңге) кіреді.

Ал еліміз бойынша ең төменгі жалақы өнер, көңіл көтеру және демалыс, ауыл, орман және балық шаруашылығы, сумен жабдықтау және су бұру салаларында тіркеліп отыр.