2 қазанда Алматы қаласында мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары меңгерушілері мен әдіскерлерінің кәсіби және басқару деңгейін арттыруға бағытталған жоба өз жұмысын бастады.
Алматыда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мамандары біліктілігін арттыруда
703
оқылды

Аталған жобаның басты мақсаты – мамандардың кәсіби машығы мен біліктілігін жетілдіру, сонымен бірге Алматы қаласындағы мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалау жүйесін енгізу.

Жоба Алматы қалалық Білім басқармасының мұрындық болуымен жүзеге асуда. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жоба қаланың мектепке дейінгі білім беру ұйымдары шеңберінде жаңа әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға сеп болады.

Оқыту курсы биылғы желтоқсанға дейін жалғаспақ. Оның шеңберінде мегаполистің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 50 меңгерушісі мен 50 әдіскері жаңа білім алады. Екі айлық курс мектепке дейінгі білім беру жүйесінде енгізіліп жатқан «Мектепке дейінгі білім мен тәрбие берудің жаңа моделі» аясында меңгерушілердің кәсіби әрі басқару біліктіліктерін жетілдіруге бағытталып отыр.

Оқу бағдарламасын жасауға сертификатталған отандық сарапшылардан бөлек, мектепке дейінгі білім беру саласындағы шетел эксперттері де қатысқан. Оқу барысында Аустралия, Швеция, Финляндия, Сингапур, Польша, Малайзия, Венгрия сынды бірқатар елдің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен өкілдері тәжірибесін бөлісті. Мектепке дейінгі білім берудің әлемдік тенденциялары сарапталып, бұл саладағы жаңа әрі заманауи бағыттардың ерекшелігі сөз болды.