1 229 абонент, соның ішінде 14 әлеуметтік нысан электр жарығынсыз қалған.
БҚО-да қолайсыз ауа райы салдарынан электр желілері үзіліп, жолдар жабылды
Фото: БҚО ТЖД
1,134
оқылды

Батыс Қазақстан облысында электр желілері үзіліп, жолдар жабылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

22 қараша күнгі сағат 22.00-дегі мәлімет бойынша, Орал қаласы мен облыстың алты ауданында күшті желден электр желілері үзілді. 

Салдарынан 1 229 абонент, соның ішінде 14 әлеуметтік нысан электр жарығынсыз қалды.

«Орал қаласында Курени ауданында 220 абонент, Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында 512 абонент, соның ішінде 1 әлеуметтік нысан, Тасқала ауданында 5 елді мекенде 264 абонент (5 әлеуметтік нысан) жарықсыз отыр. Сондай-ақ Ақжайық ауданында 3 елді мекенде 112 абонент (3 әлеуметтік нысан), Бәйтерек ауданында 3 ауылда 53 абонент (3 әлеуметтік нысан), Казталов ауданы Бозоба ауылында 50 абонент (1 әлеуметтік нысан), Теректі ауданы Рыбцех елді мекенінде 18 абонент (1 әлеуметтік нысан) осындай күйге ұшырады. «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» ЖШС күшімен (40 қызметкер, 12 техника) қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан. 

Қазіргі уақытта облыс бойынша 9 бағыт бойынша жолдар жабық. Тағы бір жолда автокөлік қозғалысы шектелді.

«Қазгидромет» мәліметінше,  23 қараша күні де солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетпекші. Облыстың солтүстігі мен шығысында бұрқасын көтерілсе, батысында тұман түсуі ықтимал.

Осы ретте БҚО ТЖ департаменті ауа райының қолайсыз кезінде тұрғындарға елді мекендерден алыс жерлерге шықпауы қажеттігін еске салады.