Алматыда қазақтан шыққан тұңғыш антропологі, еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы, ҰҒА академигі, Болон ҒА корреспондент мүшесі, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері Оразақ Смағұловтың «Өмірімнің мәні мен сәні» атты ғұмырнамалық кітабы оқырман қауымға жол тартты.
Сәулелі ғұмыр иесі
1,704
оқылды

Баспагер Бақытжан Бұқарбайдың бастамасымен жарық көрген кітапқа академиктің өмірге келген сәтінен бастап, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы зұлмат кезеңмен тұспа-тұс өткен балалық шағы арқау болды. Басты кейіпкердің антропология, тарих салаларына бет бұрған шақтары, ауқымды ғылыми жаңалық ашқан кезеңдері қамтылған. Сонымен қатар Оразақ Смағұловтың далалық экспедициялар мен әлемнің әр қиыр нүктесіне сапарлаған шақтардағы шытырман оқиғалары баяндалған. Көпшілік назарына ұсынылған туындының тағы бір ерекшелігі – ғалым кітапта қазақ гендік қорының елу ғасыр бойы бірлігін қалай дәлелдегені туралы айтып берген. Академиктің басынан кешкен оқиғалары мен тағылымы мол әңгімелерімен қатар, естелік суреттермен толықтырылған.

Ұлт болашағы үшін игілігі орасан істің басы-қасында жүрген мамандардың бірі жоба жетекшісі, жауапты редактор – Бақытжан Бұқарбай. Оның сөзінше, ғалым туралы кітап қазіргі бизнес-әдебиеттің стилінде жазылған. Ол өз кезегінде кітапты әрмен қарай киносценарийге икемдеуге ыңғайлы болмақ көрінеді.

– Студент кезімде Талғат Бигелдинов, Тұманбай Молдағалиев сияқты тұлғалардың әлі көзі тірі еді. «Неге осындай кісілердің өмірбаянын біреулер жазып алмайды?» деп ойлайтынмын. Баспагерлікке отызға қарай келдім. Ол кезде көбісі қайтып кетті. Бірақ бағымызға орай Оразақ атамыздың ғұмырын кітапқа айналдырып үлгердік. Мұндай деңгейдегі асылдың сынығындай алып тұлғалар қазір жоқ. Осы жолы да биография жанрын біздің буын оқырманы үшін жаңғырттық деп сеніммен айта аламын, – дейді Б.Бұқарбай.

Бүгінде кітап дүкендеріне кіре қалсаңыз, кез келген саланың маманы арнайылап шығарған еңбектерді міндетті түрде көзіңіз шалады. Әсіресе, бизнес саласында қомақты табысқа қол жеткізген тұлғалардың биографиялық жанрдағы шығармалары жиі ұшырасады. Заман тілімен айтқанда «трендке» айналған кітап авторларының сүрген өмірі мен көрген ғибратының алдында Оразақ атамыздың өнегелі ғұмыры, ел үшін атқарған қызметі артық болмаса, еш кем түспейді.

– Қазір дүкендерде қазақ тілінде негізінен бизнесмендердің, тіптен «кәсіпкерсымақтардың» өмірбаяндарын табасың. Ақшаң болса ғана табыстысың деген түсінік қалыптасты. Бірақ олай емес. Өз саласында адал еңбек етіп, талай қиындық еңсеріп, биік асуды бағындырған кез келген адам табысты. Бұл ұмыт болып бара жатыр. Оразақ атаның ғылымдағы табыстарына сол кітаптары шыққан көп кәсіпкер қызыға алады. Ата қағидаларына берік ғұмыр кешіп келеді. Оптимист, табанды болуының арқасында басына түскен талай сынақты еңсерген, – деп сөзін қорытындылады Б.Бұқарбай.

Антропология саласының тамырына қан жүгірткен Оразақ Смағұлов ғылымның маңызы ешқашан жойылмай, керісінше ұлттың түп-тамырын айқындап, тарихымызды түгендеуде маңызы айрықша деп біледі. Көрнекті ғалымның осы жөнінде айтылған толғамды ойларын су жаңа басылып шыққан кітап арқылы оқуға болады.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы