Биыл қазақ мәдениетінің да­муы­на зор үлес қосқан тұлға Темір­бек Жүргеновтің туғанына – 125 жыл. Осыған орай Ұлттық ака­демиялық кітапханада «Темірбек Жүргенов – қазақ руханиятының жарық жұлдызы» атты дөңгелек үстел өтті.
Қазақ руханиятының  жарық жұлдызы
1,292
оқылды

Рухани іс-шараны Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсат ашты. 

– ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен биыл түркі әлемінде Жүргенов жылы болып жарияланды. Қоғам қайраткерінің туған күніне орай Алматыда, Қостанайда, Петропавлда, Қызылордада рухани іс-шаралар өтуде. Темірбек Жүргенов – тәуел­сіздігіміздің себепкері. 1931–1933 жылдары ашаршылық кезінде «халық жалқаулығынан қырылды, Кеңес Үкіметі­нің қатысы жоқ» деген пікірдің өзгеруіне ықпал етті. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің І онкүндікте қа­зақ деген рухы өлмеген ұлт барын дә­лел­деген – Жүргенов еді. Оның өмір жолы «Комиссар Жүргенов» романында баяндалады. Мәдениет саласындағы еңбегін Ә.Нұрпейісов «Жылтыраған шоқ жұлдыздарды аспанда жарқырап тұрған жұлдызға айналдырды» деп бағалаған, – деді С.Аңсат. 

Жиын барысында зиялы қауым өкіл­дері қоғам қайраткерінің өнегелі өмірі мен еңбек жолына кеңінен тоқталып,  мәдениетіміз бен әдебиетіміздегі, өнер­дегі алатын орны туралы пайымды пікір­лерімен бөлісті. Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы қоғам қай­раткерінің рухани болмысын айшықтап айтып берді.

– Жапондардың арасында тараған мынадай миф бар: «Император құдайдан туды, себебі халық мұрасы киелі құнды­лық­тардан тұрады». Шынында, озық технологиялар дамыған сайын әдеп-ғұрпымыздан алыстап бара жатырмыз. Құндылықтарымызды сақтайтын үш-ақ нәрсе бар: өнер, тарих, әдебиет. Қазақ даласындағы өнер мен мәдениеттің сақталуында Темірбек Жүргеновтің рөлі зор. Ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп өсу үшін ес, ақыл, жад, содан кейін зердеге тоқу керек. Жүргенов – осындай буын өкілі. Сындарлы кездерде осындай буын өкілінің болуы тоталитарлық жүйе­ден қазақ өнерін сақтап қалатын ерлік еді. Қазір еліміздегі 4 000-ға жуық мектеп пен жоғары оқу орнының ашылуына қоғам қайраткерінің ықпал еткенін көбі біл­мейді. 30 жасқа толмай Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институттың басшысы болды, сол кездің өзінде мәдениет, оқу-ағарту ісін қатар алып жүрген. Қылы­шынан қан тамып тұрған кезде М.Әуезов­тің «Хан Кене» трагедиясын сахналаған қазақ өнеріндегі ер кісі еді. Тағы бір ерлігін атап өтейік. «Шахнаманың» 1000 жыл­дығы кезінде шығарманы қазақшаға аудару үшін Тұрмағамбет ұстазын түр­ме­ден шығарып алған. Қазақ тіліне аударыл­ған еңбекті М.Әуезов «Бұл – «Шахнама­ның» аудармасы емес, оның қазақ тілінде жырланған нұсқасы» деп бағалаған. Өкінішке қарай, Темірбек Жүргенов сая­си тоталитарлық жүйенің құрбаны болып 1938 жылы 25 ақпанда атылды. Қарымды қалам иесіне арналған 7 томдық хроника­лық кітаптың шығуына Парламент Сенатының да үлесі зор, – деп ойын түйіндеді.

Президент жанындағы Ұлттық құрыл­тай мүшесі, академик Кәрімбек Арыстан­бекұлы Т.Жүргенов шығармашылығын­дағы ерекшеліктерге тоқталды.

– Алдыңғы буын ағалардың ғалымдар­дан айырмашылығы – олардың жан-жақтылығында. Темірбек Жүргенов қай салада болса да өзінің қолтаңбасын қал­дыр­ды. Тіл мәдениеті жайында көп шығарма жазып, А.Байтұрсыновтың терминологиясын одан әрі жаңғыртты. «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген бар. Кеңес Одағы күйіп тұрған кезде Алаш ардақтылары қазақ тілінде қорық­пай сөйлеуі мінезге байланысты. Осындай тұлғаның бірі Темірбек Жүргенов туралы қанша кітап жарыққа шықса да, әлі де зерттеу – жас ұрпақтың еншісінде, – деді.

Қазақ өнері мен мәдениетінің қалып­тасуына зор үлесін қосқан Темірбек Жүр­геновтің кинодраматургиядағы образы туралы жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева парасатты ойымен бөлісті.

– Көркем фильмнің сценарийін 600-700 беттік кітаптарды оқып, 7 ай бойы жазып шықтым. Сценарий трагедияға толы. Жүргенов пен әкесінің арасындағы тартыс, атастырылған қызынан бас тартуы трагедияның негізгі мазмұнын сипаттайды. Бұл сценариймен телесериал түсіруге әсте келмейді, туындыны көркем фильмге негіздеп жаздым. Бұл – мен үшін шедевр. 1938 жылы ақпанда атылды ғой, сол кезде «Қараторғай» әнін айтқан екен. Бұл деталь киноға кірсе, жастар арасында патриоттық сезімін оятатын еді, – деді ол. 

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір-Нарком» атанған Темірбек Жүр­генов­тің есімі тек қазаққа ғана емес, түгел түркі жұртына мәлім. Ол ұлт мәдениетін көтеру арқылы қазақты ұлттық кемсіту­шілік­тен, жалтақ ойдан арылтты. Сол үшін қазақ мәдениеті Темірбекке қа­рыздар. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ