Екінің бірі біле бермес, бірақ елімізде әлемдік ондыққа еркін кірген сала бар. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-орынға тұрақтады.
ORGANIC: ол енді «таза» емес
752
оқылды

Органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында 4-орынға шықты. Ал Еуроодаққа  органикалық  майлы  зығыр  тұқымын  экспорттау жөнінен 6-орын алады. Енді осы салада селт еткізер бір жаңалық өмірге жолдама алмақ: Қазақстан гидропондық өндірісті «органикалық» деп атауға тыйым салады. 

Осыны қарастыратын «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы ту­­­­ралы» және оған ілеспе заң жобаларын Мәжіліс мақұлдады. Бұл не үшін керек? 

Агроном Болат Айтхожиннің түсін­­­діруінше, өсімдікті гидропондық әдіспен өсіру тәсілдерін адамзат байырғы заман­дардан бері қолданып келеді. Оның ең жарқын үлгісі – «әлемнің 7 кереметінің» бірі саналатын Семирамиданың салбы­ра­­ған бақтары саналады. 

Қызығы сол, гидропондық егінші­лікте топырақ қолданылмайды. Мұнда топырақ алмастырғыштар, соның ішінде вермикулит, перлит, торф, кокос талшы­­ғы, минералды вата, құм, қиыршық тастар пайдаланылуы мүмкін. Олардың бар міндеті – өсімдіктің тамырларын ұстап тұру ғана. Өсімдіктің өзі бай қоректен­діруші заттарға толы суда өседі. 

«Гидропондық егіншіліктің көп ар­­­тықшылығы бар. Бұл тұрғыдан оны ре­­­во­люциялық тәсіл деуге болады. Бірін­­ші­­ден, ол егін шаруашылығы өнімдерін жыл­­­­­дың кез келген уақытында және әлем­­­­­­­­­­­­­­нің кез келген жерінде өндіруге мүм­­­­­­кін­­­­­­­­­­дік береді. Қуаңшылық, климат­­­тың өзгеруі, топырақтың жаппай құ­­­­­­­нар­­­сыздануы, эрозиясы және басқа да жа­һан­­­­­­­­­дық теріс өзгерістер оған ықпал ет­­пейді. Екіншіден, оның көмегімен аз ре­­­сурс шығындап, мол өнім алуға бола­­ды. Топырақтағыға қарағанда, мұнда өсімдік тез өседі, көбірек жеміс өнім бе­­­­реді. Се­­­­бебі мұнда қоректендіруші заттар, ылғал із­­­деу үшін тамырларын кең­ге және тереңге жаю өсімдіктен талап етілмейді. Оның барлығы суда бар», – деді Б.Айт­­хожин. 

Тиісінше, өсуге, тамыр жаюға шы­­­ғын­­­­дайтын энергиясын өсімдік үнемдеп, оны жеміс беруге шоғырлан­­дырады. 

Үшіншіден, мұнда Қазақстанда аса қат ресурс – су аз шығындалады. Дәс­­­­­­түрлі егіншіліктегі сияқты су топыраққа босқа сіңбейді, өсімдікті өсіруге тікелей, нысаналы түрде бағытталады. 

Сарапшының пікірінше, бұл – бола­­­­­шақтың технологиясы. Гидропоника ар­­­қылы тұтас гиперлокалды азық-түлік жүйелерін құруға болады. Бұл арқылы қажетті өсімдіктерді үйде де, жылыжай­­­­­ларда да, контейнерлік фермаларда да өсіруге болады. Гидропондық жүйелерде фермер ауа райының қолайсыз болуынан бүкіл егіннен айырылып қаламын деп қорықпайды. 

Әрі экологиялық таза өнімдермен тұтынушыларды жыл он екі ай қамта­­­­­­ма­­сыз ете алады. Өйткені пестицидтер, гер­би­­­цид және басқа химиялық зиянды зат­­тардың, химикаттардың қажеті жоқ екен: гидропониканың оқшауланған, жабық жүйесі ашық далада, топырақта болуы мүмкін зиянкестерден, өсімдік дертте­­­­­рінен қорғалған. 

Гидропоникада топыраққа қарағанда, өсімдіктер сау, түрлі аурудан ада болады. Онда, тіпті арамшөп проблемасы да жоқ.

Олай болса, Қазақстан неге гидро­­­­­пон­­­­­­­­­дық өндірісті экологиялық таза орга­­­­ни­калық егіншілік деп танудан бас тартпақ?

Сертификаттау – алынбас биік тау

Сарапшылардың түсіндіруінше, бар­­­лық проблема – тек терминде. Бүкіл әлем­­­де экологиялық таза өсімдіктермен үйлесетін Organic бренді әу бастан топы­­­­­рақты таза, күтіп ұстауға бағытталған. Сертификаттау кезінде де басты шарт­­­­­тар­­­­­­дың бірі осы. Ал гидропондық егінші­­лік бұл талапты орындай алмайды, өйт­­­ке­­ні гидропоника топырақты мүлдем қажет­­сінбейді.

Ұлттық салалық санаулы ғана (4) сер­­­тификаттың бірінің иесі Organic Village директоры Ренат Жапаровтың түсінді­­­­руінше, органикалық өнім өндірушісіне қойылатын басты талаптар – экология­­лық таза өнім шығару, бұл үшін ахрохи­мияның кез келген түрінен, соның ішін­де пестицидтен, минералды тыңайт­­­­­­­­­­­­­­­­­­қыш­­­тардан және басқасынан бас тарту. Сонымен қатар ол шұрайы мен құнарлы­­­лығын сақтау үшін топырақты аялап, күтуге, егін айналымы тәртібін және өзге шарттарын сақтауға міндетті.

Биылғы 2023 жылғы қазанда Алма­­­­­тыда органикалық өнім өндірушіге тұң­­­­ғыш қазақстандық сертификат табыс­­­­­талды. Қазақстанда әзірге бұл салада жалғыз ғана компания – Qazaq bio control өндірушілерді еліміздің ұлттық стан­­­дарт­тарына сәйкес сертифи­­­­­­каттау­­­­мен айна­­­­­­лысады. Оның өзі тұңғыш серти­­­­­фи­­катын таяуда ғана беріп отыр. Серти­­­фикатор компания былтыр аккредит­­­телген. 

Қазақстанда органикалық өнімдерді өндірумен көптеген өндіруші, соның ішін­де түрік, қытай компаниясы жұмыс істейді. Шағын фермерлер де жетерлік. Олар өнімдерін шетелге, әсіресе Еуропа мен Қытайға экспортқа шығаратындық­­­тан барлығы еуропалық фирмаларда сертификатталған. Әйтпесе олардың өні­­мін сыртқы нарықта Organic түрінде еш­кім қымбатқа сатып алмас еді. 

Олар негізінен майлы, дәнді және бұршақты дақылдарды өсірумен шұғыл­­­данады. Ал қазақстандық сертификатты ішкі нарығымызға жұмыс істеуді жос­­парлаған өндірушілер ғана алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратынша, Қазақстанда 2000 жыл­­­­­дар­­­­дың басында Еуропалық Одақ стан­­дарттары бойынша сертификаттау про­­­це­­­­­­­­­­сін өз еркімен бастаған алғашқы шар­­­уа­­­­­шы­­­лық субъектілері пайда болды. Олардың саны 70-тен асты, ал паспорт­­­­­­­­­талған егістік жерлерінің көлемі 300 мың гектарға жетеқабыл.

Енді отандық органикалық өнім өн­­­ді­­­­­­­рушілер қатарынан гидропондық әдіс­­­пен экологиялық таза көкөніс, жеміс және басқа дақылдарды өсіретіндер шыға­­­­­­рып тасталатын болады. Олар тұтыну­­­­­­­­­­­­­шылар арасында жоғары бағала­­натын, әрі қымбатырақ сатылатын Organic брендін пайдалана алмай қалады.

Парламент депутаттары ұсынысымен «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» жаңа заңы жобасы­­­­ның 11-бабы жаңа талаппен толықты­­рылды. 

«11-бап. Органикалық өнім өндіру шарттары. 1. Органикалық өнім өндіру кезінде мынадай шарттар сақталуы тиіс: «13) топырақты пайдаланбай өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру әдіс­­­­­терін қолдануды болғызбау», – делінген заң жобасында. 

Кем емес, онда неге тең емес?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін Қайта өңдеу департаменті мамандарының айтуынша, бұл ретте депутаттар халықаралық тәжі­­­рибені алып отыр. Дүниежүзінде АҚШ сияқ­ты бірқатар ел ғана гидропон­­­­­дық егін шаруашылығын органикалық өнім­­­ге жатқызады. Қалғаны органика­­лық деп мойындамайды.

Ведомствоның дерегінше, «Органи­­­­калық өндірілген тамақ өнімдерін өндіру, өңдеу, таңбалау және өткізу жөніндегі нұсқаулықтары» атты Codex Alimentarius CAC/GL 32-1999 халық­аралық стандар­­­тының нормаларына сәйкес, органи­­­­­калық егіншілік жүйесі – топырақтың биологиялық белсенділігін арттыру, топы­­­­­рақтың ұзақ мерзімді құ­нарлылығын жоғарылату үшін әзір­ленген.

«Мұның сыртында Органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысының ха­­­лықара­­­­­лық федерациясының (IFOAM) норма­­­­тивтік талаптарында бекі­­­­­тілген «Органи­­­­­калық ауыл шаруа­­­шы­­­­­лығы қағидаттары» бойынша, органикалық өсімдік шаруа­­­­шы­­­­­лығы топырақтың күйін сақтауы және жақсартуы тиіс. Ал гидропоникалық өнді­­­­­ріс егінді топы­­­рақ­сыз өсіру әдісі болғандықтан, ол орга­­ни­калық стандарт­­­­­тарға сәйкес бола ал­­­май­­­ды. Органикалық өсімдіктер да­­­­­ла­­­­­­­­­­­­­­да­ғы «тірі» топырақта та­­­мыр жаюы шарт. Осы себепті де тамырла­­­­ры тірі топыраққа тимейтін өсімдіктерді, мы­­салы, контей­­­­­нерлерде, қаптарда не­­­месе клумбаларда өсетін өсімдіктерді де органикалық деп тануға жол беріл­­мейді», – деп хабарлады Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашы­­­­лығы өнімін қайта өңдеу департаменті.

Оның дәйектеуінше, органикалық ауыл шаруашылығын реттеу дүниежү­­­­зін­дегі 74 елде енгізілген. Соның ішінде Аме­рикадан басқа елдерде ұқсас ереже­лер заңдастырылыпты. Яғни, бұдан былай Қазақстанда да гидропоникалық өндіріс органикалық егіншіліктен шыға­­­рып таста­­­лады. Бұл тек брендті жоғалту емес, соны­­­мен бірге ол өндіру­шілер мем­ле­­­кеттік қол­­­даудан, түрлі жеңілдіктен айры­луы мүмкін. 

Олар заң қабылданған соң тиісті сер­­­­тификатты да ала алмайды. Заң жо­­ба­сында тиісті сертификаттау рәсім­­дерінен өтпеген ауыл шаруашы­­лығы өндіруші­леріне өз тауарларын «органик», «эко», «био» деген айқындауыштармен таңба­лауына тыйым салынбақ.

Сонымен бірге сарапшылар заңда «нағыз органикалық» деп танылған өнім­­дерді шығаратын фермерлерге де бұл сер­­­­­тификатты алу қиын екенін қа­перге сал­­­­ды. Еуропалық сертификатты алу үшін олар­­­­дың қатаң талаптарына лайық болу шарт. 

Ұлттық сертификаттың бағасы удай. Сәйкестікті растау жөніндегі ұйым– Qazaq bio control ЖШС дерегінше, шағын кәсіпорындар үшін сәйкестікті растау – 900 мың теңгеден жоғары, орта кәсіп­­­­орындар үшін – шамамен 1 млн 100 мың теңге, ірі кәсіпорындар үшін сәйкестікті растау 1 млн 300 мың теңге және одан қымбат.

Ауыл шаруашылығы мамандары гид­­­­ропондық егіншіліктің заң тұрғысынан алғанда «органикалық» талаптарға сәй­­кес келмейтінін мойындайды. Бірақ екеуі де – экологиялық таза өнімдер шыға­­­­­рады. Қазір органикалық өнімдер­­­дің әлемдік нары­­­­ғында 120 миллиард еуро табыс табуға бола­­­ды. Ол нарық белсенді өсуде: соңғы 20 жыл­­­да оның көлемі жеті есеге ұлғайды. Органикалық өнімдер Қазақ­­­станда да, әлемде де тренд­­­ке ай­налды.

Демек, жаңа ғана бой тіктеп келе жат­қан салаға қаптатып шектеу енгізбей, ол әбден өркен жайғанша тыйымды тоқ­­­­тата тұрған жөн. Америка Құрама Штат­­­тары­­­ның Ауыл шаруашылығы министр­­­­­лігінің өзі адамзатты асырайтын бо­­­­­­­­­ла­­­­­­­­­­­­шақтың технологиясын дамыту үшін гидропони­­­каны органикалық егін­шілік аясында қолдап отыр. Біздің одан неміз кем?

Айхан ШӘРІП