Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру екені рас. Осыған сәйкес, еліміз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күннен бастап экономикамызда едәуір құрылымдық өзгерістер болды.
Гүлденсе ауылың, туады тәуір күн
1,611
оқылды

Ауыл шаруашылығын дамы­­туға келгенде біршама алға жылжу бар. Ал ауыл-аймақтың жағдайын айтқанда, кейде жүзімізді тай­­­дырып әкететін кездеріміз болады. «Ауыл – ата қоныс», «Ауыл – ал­­тын бесік» деп қанша жерден ұран салғанмен, ұтымды болмай қалады тағы да. Осыны көріп, көңілден шығар бір бастама болу керегін білген Мемлекет басшысы былтыр қарашада Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­­­­дамасын дайындау ту­­­ралы Үкі­­­­­метке тапсырма берді. Сонымен, 2023 жылдың 31 нау­­­­­рызында  Премьер-Министр Әлихан Сма­йылов тиісті қаулыға қол қойды. 

Инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөлінуде

Тұжырымдама ауылдық ау­­­мақтардың географиялық ерек­ше­ліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, ауылдың әлеумет­­­тік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның ая­­­сында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шара қарастырылып отыр. Бұл құжатта «Ауыл – ел бесігі» жо­­­басы аясында республика аума­­­ғын­дағы  ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді ке­шенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді ме­­­кендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдай­­­­­лар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне ай­­­налмақ.

Құжатта басымдақ беріліп отыр­­ған негізгі мақсаттардың бі­рі – ауылдық елді мекендердегі әлеу­меттік, инженерлік және кө­лік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салы­нып, сумен және электрмен үздік­­­сіз жабдықталады, кеңжо­­­­­лақ­ты интернет пен байланыс желілері тартылып, ауыл жолдары­­ның сапа­­­­сы жақсармақ. Одан бөлек, кітапхана, клуб, музей және кино­театр, спорт ғимараттары салы­­­­нып,  халыққа қызмет көрсету орта­­лықтары ашылады.

Тұрғын үй құрылысын жан­­­­дандыру үшін жаңа жер учаске­­­леріне инженерлік коммуни­­­­­­­­кация­­ларды жүргізу жұмыстары қарқынды жүргізілмек.  Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қыз­­­мет­­­керлеріне үй салып берген жұ­мыс берушілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөл­шерінде субсидияланатын болады деп көрсетілген. 

Қазіргі жағдай қандай?

Соңғы 10 жылда ауылдық ау­­мақтарды дамыту жөніндегі саясат барынша ауылдық елді мекендерді қолдап, ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды деп айтсақ болады. Бұрынғыларды былай қойғанда, 2020-2022 жыл­­­­­дары бағдарламаларды іске асы­­­ру нәтижесінде сумен жабдықтау қыз­­­­­­­­меттеріне қолжетімділік 90,1%-дан 94,5%-ға дейін ұлғай­­ған. 116 мектепке дейінгі мекеме жұмысын бастаса, 224 жалпы білім беру мектебі, 47 амбулаториялық-емханалық мекеме пайдалануға берілген.  

Ал 2022 жылғы ақпанда Мем­­лекет басшысының Жарлығымен Қазақ­­­­станның 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары бекітілді. Оның негізгі тәсілдері базалық көрсетілген қызметтер мен игілік­­­тер (сумен жабдықтау, орта білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік) бойынша өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту және өңір­­аралық аумақтық байланысты (энер­гетикалық, көліктік және цифрлық байланыс) қамтамасыз ету көзделіп отыр.  

 Ұлттық статистика бюро­­­сының деректеріне сәйкес, 2023 жыл­­­­дың басындағы жағдай бойынша республикада 6 295 ауыл­­­дық елді мекен бар. Онда тұрақты мекен ететін халық са­ны жалпы ел халқының 38,2%-ы немесе 7,5 млн адам.

Агенттіктің хабарлауынша, 2011 жылдан бастап ауыл халқы­­­­­ның саны айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Дегенмен әр жылдары әрқалай мөлшерде ауыл халқының өзгерісі байқалады. Бір қуанарлы­­ғы, ауыл халқы санының ұлғаюын қамтамасыз ететін туу деңгейі жоға­­ры. Бірақ ауылдық аумақтар­­­дан көші-қон ағынының өсу үрдісі сақталуда. Мәселен, былтыр көші-қонның теріс сальдосы 67 мың адамды құрады. Бұл 2020 жылы  81,3 мың адам болса, 2021 жылы  77,3 мың адамға өскен.

Ауылдардан халқының ең көп кетуі Абай, Жетісу, Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазахстан, Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыста­­­­рында байқалған.

Соңғы 5-6 жылдықта елдегі ауылдар саны 21-ге қысқарды. Бұл санға келешегінен үміт күттірмей­­­тін ауылдар кіріп отыр.  

Таратылып кеткен ауылдардың көшін Батыс Қазақстан бастап тұр. Есеп бойынша батыста – 10 ауыл, Түркістанда – 8 ауыл, Қостанайда 3 ауыл таратылған. Мәлімет бойын­­ша, 3,3 мың ауылда халық саны 500 адамнан аспайды екен. Бұл ел халқының 8%-ын құрап отыр.  Демек, бұл ауылдардың да келешегі бұлыңғыр болып қалуы ықтимал. Сондай-ақ бүгінде 1 109 елді мекеннің бас жоспары жоқ екені анықталған. Ал 945 елді мекен бойынша бас жоспарын жаңарту қажет болып тұр.

Қаралған қаражат қомақты

Былтыр Президент тапсыр­­­ма­сының орындалуы мен оған бөлін­ген қаражат туралы  Сенат­­тың жал­­­пы отырысында  Премьер-Ми­­нистрдің бірінші орынбасары Роман Скляр арнайы баяндама жасаған болатын. Мұнда «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру ба­ры­сы туралы егжей-тегжейлі баян­далды. 

«Елімізде 6 293 ауыл бар және бұл елді мекендерде 8 млн-ға жуық адам тұрады. Бұл өз кезегінде хал­­­қымыздың 41 пайызына тең. 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесі­гі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – әлеуеті бар 3,5 мың ауылда инфрақұры­­­­лым­­ды дамыту жан-жақты қолға алынды. 2019-2021 жылдары бұл жобаға 200 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 665 ауылда тиісті инфрақұрылым жасалды», – деді Р. Скляр.

Оның айтуынша, ауылдың жағдайын жақсартуға жеке ин­вестор­­­­лар да үлес қосып жатыр. 2019 жылдан бері жеке кәсіпкерлік субъектілері тарапынан  57 млрд теңге қаражат жұмсалып, 2 мыңға жуық жоба іске асырылған. 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» жоба­сына 128 млрд теңге бөлініп 576 ауылды қамтыған. Ал биыл қазынадан ауылды дамыту тұжы­рымдамасы үшін 663 ауылға 140 млрд теңге бөлінген. 

Ұсынылған мәліметке сүйен­сек, алдағы төрт жылда ауылдық елді мекендердің инфрақұры­лым­­­дық мәселелерін шешуге тағы 670 млрд теңге қажет, ол 7 мил­лион­­­­­ға жуық ауыл тұрғынының өмір сапасын арттыруға жол ашпақ. 

Жұмыспен қамту жемісті жүргізілуде

Ауыл халқының ең басты проб­лемасы – жұмыспен қамту. Бұл бағытта не істеп жатырмыз? Бү­гінде елімізде «Бастау-Бизнес» жо­басы бойынша 66 мың адам кәсіпкерлікке дағдылану бойынша қосымша білім алған. Оның  ішінде 10 мың тұлға кәсібін ашу үшін 50 млрд теңге көлемінде микрокредит алып үлгерген. Бұл алынған қаражат 6 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге беріліп отыр. Келесі жыл­дан бастап ауылдарда кәсіп­керлікті дамытуға деп қазы­­­­надан қосымша 52 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетінін айтып өтті Роман Скляр. Білуімізше, бөлінген қаражат есебінен ауылдық аймақ­­тарда алдағы уақыттарда 11 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. 

Ауылдық аумақтарды дамыту­­дың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы басқа да бірқатар басымдықты жүзеге асыруға ба­ғыт­талып отыр. Оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мем­лекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамта­­масыз ету сияқты жобалар іріктел­ген. Осылайша, ауылдардағы та­бысы ең төменгі күнкөріс дең­гейін көтеріп, жұмыссыздық деңгейін 4,2%-ға дейін төмендейді деп кү­тілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100%,  ин­­­тернетпен 97% қамтамасыз етіл­­мек. Жергілікті жолдардың үлесі 95%-ға жеткізілмек. Ауылдық жер­лерде 655 денсаулық сақтау ныса­­ны, 183 мектеп және 100 спорт ғи­мараты пайдалануға берілсе, 650 мәдениет нысаны салынып, бір­қатарын қайта жөндеуден өткізу жоспарлануда.  

Сайып келгенде, ел мен ауыл­дың дамуы екіұдай ұғым емес, бір мүдде, бір мақсат болып отыр. Бұл тұрғыда жоғарыда айтылған мәсе­лелерді Мемлекет басшысы да, Үкі­мет те өз назарында берік ұс­­тап, ауылды көтеруге бар күшін салу­да. Осы орайда ауыл халқы да өздеріне берілген осынау мүмкін­­дікті ұтымды пайдаланып, мем­­­лекеттің қолдауын сезінсе деген ой біздікі.

Бердібек ҚАБАЙ

фото: dixinews.kz