Облыс орталығы Семей қаласының бюджеті биыл 103,1 млрд теңгені құраған.
Абай облысындағы орташа айлық жалақы мөлшері көбейді
591
оқылды

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Астанада өтіп жатқан есеп беру брифингінде өңірдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өсімі жөнінде айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz

«Алғашқы жылымыз әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан оң серпінге ие. Жыл көлемінде ай сайын барлық индикаторлар бойынша тұрақты өсім сақталуда. Бүгінде өңірдің қысқамерзімді экономикалық индикаторы 107,5%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 44,2%-ға өсіп, 426,2 млрд теңгеге жетті»,  деді Нұрлан Ұранхаев Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде.

Облыс әкімінің сөзінше, құрылыс саласында өсім  141,1%-ға, өнеркәсіпте  106,3%-ға, ішкі саудада  103%-ға, ауыл шаруашылығында 101,7%-ға жетті.

Сондай-ақ 233,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (өсім 108%), бұл 2 443 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

«Өндіріс қарқыны әлеуметтік көрсеткіштерге де оң әсерін тигізді. Орташа айлық жалақы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады. Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд теңге түсірді. Биыл облыс бюджетінің көлемі 419,2 млрд теңгені құрады. Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге, денсаулық сақтау   2 есе  және ауыл шаруашылығы 7 есеге өсті»,  дейді әкім.

Облыс орталығы Семей қаласының бюджеті 103,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдан 51,4%-ға артық.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 2 есеге және әлеуметтік қорғау көлемі 23%-ға ұлғайған.

«Президент тапсырмасымен Абай облысының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары Үкімет қаулысымен бекітілді. Ондағы инвестиция көлемі 1,9 трлн теңге және 102  іс-шара қарастырылған. Биыл 89,2 млрд теңгеге 45 іс-шараны жүзеге асыру жұмыстары басталды. Бес жылға арналған инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Оған 8 мың жұмыс орнын қамтитын 1,4 трлн теңгенің 44 жобасы енді. Биылға 600 жаңа жұмыс орны бар үш жоба іске қосылды, құны 19,1 млрд теңге»,  деді Абай облысының әкімі.