Қазір балалар жұқпалы аурулар стационары 111% артық жүктелген.
Қызылша эпидемиясы: Астанадағы балалар ауруханасы лық толды
761
оқылды

Астанада қызылша ауруы өршіп барады. Науқастардың көбі – вакцина алмаған балалар. Дегенмен науқастар арасында ересектер де бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Қазіргі уақытта балалар жұқпалы аурулар стационары 111% артық жүктелген.

№ 3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында бары – 300 төсек-орын.

Алайда қызылшамен келетіндердің көбеюіне байланысты қуаты 557-ге және тағы 20 реанимациялық төсекке дейін ұлғайды.

«Көп ата-аналар әлі күнге дейін қызылшаның қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді. Кейбір жеке сенімі бойынша олар вакцинадан бас тартады. Сенімсіз фактілерге сүйенеді. Бірақ ауру басқа аурулардың асқынуына апарады. Болашақта науқас балада қызылшадан мидың ісінуі, өкпенің абсцессі сияқты ауыр зардаптарға, саңырау болып қалуға әкелуі мүмкін», – дейді № 6 инфекция бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Нұртазина.

Аурухананың мәліметінше, қызылшамен реанимацияда жатқан балалардың бәрі желдеткішке жалғанған.

«Қазір ауруханада жатқызылған балалардың 96%-ы вакцина алмаған. Оның бәрінің жағдайы ауыр. Қызылшамен 6 науқас реанимацияда жатыр.

Төртеуі ауыр, екеуі өте ауыр жағдайда. Қазір бұл балалардың ата-анасы дабыл қағып, үрейленіп, балалары үшін алаңдап отыр. Олар мұны балаларының жағдайы ауыр болған кезде ғана түсінгені өте өкінішті», – деп атап өтті № 3 аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Екатерина Булатова.

Дәрігерлердің айтуынша, негізінен 14 жасқа дейінгі балалар ауырады.

Сондай-ақ, ересектер арасында қызылшаға қарсы ешқашан вакцина алмаған немесе вакцинация күнтізбесіне сәйкес ревакцинацияланбаған адамдар да кездеседі.

Дәрігерлер егер бұрын қызылша ауруы негізінен бір жастан асқан болса, қазір науқастардың арасында 5-6 айлық балалар бар екенін айтады.

Қызылша – вакцина арқылы алдын алатын вирус. Баланың денсаулығы мен өмірін вакцинация арқылы сақтауға болады.