Елімізде соңғы уақытта креативті индустрия туралы жиірек айтылып, бұл салаға мемлекет те аса мән беріп келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көп үлесін тигізері сөзсіз.
Креативті индустрия – ел дамуының қайнар көзі
1,841
оқылды

Сондықтан Мемлекет басшысы осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдай жасалу қажет екенін айтқан болатын. Ол өз Жолдауында шығармашылық индустрияны қолдау бойынша жеке шаралар кешенін әзірлеу, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада шығармашылық индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көрсету жөнінде нақты міндет қойған еді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның эко­­номикалық бағдары» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сү­­­йей­­­тін «креативті өндіріс» салалары шы­­найы инклюзивті экономиканы дамы­­­­тудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десе­­­ңіз, креативті экономика дарынды әрі шы­ғар­машыл адамдарды өзіне тар­­­­татын ірі қалалардың дамуына ықпал ету­­­ші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индус­­­­трияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отан­дастарымыз аз емес. Біз елі­міз­де креа­­­тивті экономиканың жан-жақты дамуы­­на барлық жағдайды жа­­­­сауы­мыз керек. Соның ішінде зият­­­­­кер­­­­лік меншікті қор­ғайтын құқық­тық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді. 

Қазір креативті индустрия орталық­­тары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шым­­кент) шоғырланған, ал өңірлер на­­­­зардан тыс қалып отыр.  Сондықтан да Мемле­­­кет басшысы «Креативті ин­­­­дус­трия субъектілері өндіріс ерекше­­­лігіне байла­­ныс­­ы кәсіпкерлікті қолдау бағдар­л­амаларына толық қатыса алмай­­­ды, қар­жы­­лай көмек те ала алмайды. Оларға қол­­­­­­дау көрсетуге арналған шара­лардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп са­наймын» деген болатын.

Одан басқа, Мемлекет басшысы қыр­күйек айындағы Жолдауында Үкімет алдына бірқатар жаңа міндет қойды. Оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне креативті индустрияны дамытуды қолға алуды тапсырды. Шы­ғар­машылық индустрия, креативті эко­номика немесе білім экономикасы – бұл, ең алдымен, идеялар мен тех­­­­­но­­­­­­­логия­лар негізінде дамитын зия­ткер­лік қызметпен тығыз байланысатын эконо­мика секто­ры. Бұл уәкілетті орган ре­тінде министр­лік жұ­мы­­сының ең негізгі бағыты.

Жақында өткен баспасөз мәслиха­тында  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі креативті ин­­дустрияны дамыту бағытында атқары­лып жатқан жұмыстар туралы баяндап, онда сала басшысы креативті дамытуды тек пайда үшін  қарастырмау керегін айтты. 

«Біріккен Ұлттар Ұйымының бая­н­­да­­­масына сәйкес, шығармашылық және мәдени салалар қоғамымыздың инклю­зивті және тұрақты дамуымызға айтар­лықтай әсер береді. Атқаратын жұмыс көп. Креативті экономика дамып, өр­­­кен­­дегенімен, біз оның даму барысын қазір ғана мемлекеттік дең­гей­де қарас­тырып, жеделдетуді қолға ал­­дық. Қазақ­стан экономикасына креа­тив­ті индус­трия­­­лардың үлесін ұл­­­ғайтуды 2025 жылы 5%-ға (2023 жылы – 4,07%, 2024 жылы – 4,53%), креативті индустрия­ларда жұ­мыс­пен қамтуды 2025 жылы 4%-ға дейін арттыруды (2023 жылы – 3,8%, 2024 жы­лы – 3,9%) жоспар­­­­лап отырмыз, креа­­тивті индус­­триядағы шағын және орта бизнестің үлесі 2025 жылға қарай 1,5 есеге ұлғаяды (2023 жылы – 66 мың, 2024 жылы – 73 мың). Оған қоса, осы уа­қыт­қа дейін креативті технология­лар­­ды дамыту есе­бінен отыз мыңнан астам жаңа жұ­мыс орындарын құру жос­пар­­­­ланып отыр. Ал креативті индустрия­лар өнім­дерінің экспорты екі жүз млн дол­ларға дейін өсе­ді», – деді Аида Балаева.

Министрдің сөзінше, креативті индустрия – біздің өңірлерімізді де, тұ­тастай алғанда елімізді де дамытудың кешенді шарасы. Ал медиа, мәдениет пен креативті саланы біріктіру кешенді және жүйелі жұмыс атқаруға мүмкіндік береді. Басты міндет – осы бағытты да­мыту жөніндегі қызметтің тиімділігін арттыру үшін барынша күш-жігер салу.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика үшін аса қажетті креативті индустрияны қолға алуды осыдан бір­­неше жыл бұрын айтқан. Қазір сол бас­та­ма ел игілігі үшін маңыздылығын кө­рсетіп отыр. Мәселен, Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған Шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, жүзеге асыруды бастап, оған қа­­тысты қызметтің 43 түрін белгіледі. Нәти­жесінде, ел бойынша 95 мың адам жұмыс­пен қамтылып, 32 мың кәсіп­­­кер­дің жұ­мы­сы жанданған. Жақында шы­ғар­­ма­шылық жобалардың питчингтері, соның ішінде оқу семинарлары өткізілді. Оған 200-ден астам адам қатысты. Бұған қоса, білім беру, сәулет және қала құры­лысы, ІТ сынды салаларда 5-тен астам жо­­ба қар­­жыландырылып, 70 млн теңге­­ден астам жеке инвестиция тар­тылған екен.

Белгілі продюсер Ерболат Беделхан креативті индустрияны дамыту үшін бағдар­ла­ма қа­был­дау керегін айтады. «Әлемдегі мықты, та­нымал музыканың 70 пайы­зын жазатын Швецияның жеті-ақ миллион хал­қы бар. Сондықтан да солар сияқты біз де бағ­дар­лама, ұлт­тық бағдарлама қабылдауымыз керек. Соны­мен қатар нарық қалыптастыру керек. Ал нарық болса, біздің экс­порттауға де­ген мүм­кін­дігі­міз ашылады», – дейді ол.

Бүгінде екінші деңгейлі банктер (Forte, Jusan) мен BI Group құрылыс ком­паниясы білім беру, сәулет және қала құрылысы, ІТ салаларда 5-тен астам жо­­­ба­ны қаржыландырып, 70 млн теңгеден астам жеке инвестиция тарты­­лыпты. Қа­­зір бұл индустрияның әлемдік нарық­­тағы көлемі 104,2 млрд долларға бағала­на­ды, ал шығармашылық салалардың капи­­талдануы 2 трлн доллардан асады. Жыл сайын көрсеткіш тағы 15%-ға өсуде.

 

ТҮЙІН: 

Бүгінде көптеген дамыған мемлекет креа­­­тивті индустрия  ар­қылы туризм, сау­да, білім беру секілді сала­­­лар­ды да қатар дамытып отыр. Мысалы, Ұлы­британия үкі­метінің 2020 жылғы мәлі­­­меті бойын­ша, креативті са­лалар эконо­микасы 2018 жылы жылғыға қара­ған­да 7,4 пайыз өс­­кен, бұл жалпы эко­номиканың өсу қар­­­­­қынынан 5 есе көп. Со­нымен қатар шығар­ма­шылық са­­­ла­ларда, әдетте табыс орташадан жоғары, мысалы, шығарма­шы­лық сала­лар­дағы жа­лақы мен АҚШ-тағы же­ке сектордағы орташа жа­лақы ара­сында 34,9 пайыз айыр­машылық бай­қа­лса, Аустралияда да шығармашылық жұмыс­шы­лар­дың орта­­ша табысы елдегі орташа табыстан 31 па­йызға жоғары екен. Тағы бір маңызды фактор – креа­тивті экономика кез келген қоғамдастық үшін са­лыстырмалы түрде қол­жетімді, өйткені ол нақты та­биғи ресурстарды, қолайлы географиялық орын­­­­ды немесе бәсекелестік артық­­­шы­лықтың басқа сырт­­қы факторларын қа­жет етпейді. Ол үшін тек білім мен та­лант қажет. Мемле­кеттің де өз кезегінде бұл салаға айрықша қолдау көрсетуге мүдделі болып отырғаны қуантады.

Наурызбек САРША