Жарты ғасыр бойы теміржолдан өтетін өткел болмай әбден зықысы шыққан Ерейментау ауданына қарасты Еңбек ауылы тұрғындары үшін жақында жылт еткен үміт ұшқыны қайта тұтанды.
Елу жыл күткен өткел
1,407
оқылды

Осыған дейін қыс басталса болды омбы қардың салдарынан сыртқы әлеммен мүлдем қатынассыз қалатын ауыл талайдан бері теміржолдан өту үшін қауіп-қатерге қарамастан басын бәйгеге тігетін. Кейде, тіпті жолдан өтіп бара жатып тұрғындардың бірінің мотоциклі құлап, жанармайы төгіліп, пойыздың астына түсіп қалуға шақ қалған да кездері де болыпты. Дегенмен 50 жыл бойы тоң болып қатқан түйткілді жайттың беті бері қарап, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдардан кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы техникалық шартқа түзетулер енгізді. Ауылға өткел салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жобасы ақыры әзірленетін болды...

Естеріңізге сала кетсек, жуырда AIQYN газетінде өткел салмаса Еңбек ауы­лы тұр­ғындарының тұтас ауыл болып те­міржол бойына отыруға әзір екенін ай­тып наразылық білдіргенін жазғанбыз. 300-ден астам үйі бар Еңбек ауылының тұрғындары жарты ғасырдан бері темір­жол өткелін салуды жергілікті билік пен құзырлы органдардан жалына сұрап ке­леді. Бірақ түйткілдің түйіні тарқатыл­май-ақ қойған. Ауылдың дәл түбінен кесе көлденең өтетін теміржолдан рес­публикалық маңызы бар трассаға шығу үшін тұрғындар теміржолды кесіп өтуге мәжбүр. Ал бұл жол мен ауылдың арасы небәрі 800 метрді ғана құрайды. 

Ауылдың көнекөз тұрғындарының айтуынша, ауылда сонау ертеректегі кеңес заманында арнайы салынған те­мір­жол өткелі болған. Бірақ оны кейін белгісіз себептермен жауып тастапты. Содан бері ауылдағы ағайын адам өмірі мен денсаулығы үшін аса қауіпті әрі заң­мен қатаң тыйым салынса да темір­жол­­дың үстінен жүгіруге мәжбүр. Ал қыс түс­кенде жолды омбы қар басып қала­тындықтан, қалың қарды күрекпен ар­шып өтетін кездері де жиі болған. Себеп ауылға жеткізілетін азық-түлік пен дәрі-дәрмек, тіпті жедел жәрдем көлігі де осы теміржол өткеліне дейін ғана келе алатын. 

Түйінді мәселеден жергілікті билік пен қатар облыстық құзырлы органдар да хабардар. Тіпті, бір кездері теміржол өткелін бюджет есебінен де салу жос­­парланған. Облыс әкімдігі де жағдайдан хабардар болып бюджет қоржынынан тиісті қаражат та бөлінген. Өткел салуға Еңбек ауылынан өтетін теміржол өткелі де кіретін теміржолдың Павлодар учас­келік бөлімі де қарсылық білдір­­меген. Дегенмен нақты іс әне-міне басталайын дегенде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ауыл халқы асыға күткен өткелдің салынуын үзілді-кесілді тоқтат­қан. Ұлттық компания жергілікті билікке техникалық шарт қойып егер теміржолға өткел салса 95 шақырымнан 103 шақы­­рымға өткелді жылжытуды ұсынды. Об­лыстың мәслихат депутаттары 95 ша­­қырымдағы өткелді жаппастан 103 ша­­қы­­­­рымда өткелді ашу жөнінде шартқа өзгерістер енгізуді сұраған. Бірақ «Қазақ­стан темір жолы» мұның нормативтік-құқықтық актілерге қайшы келетінін жеткізіп қарсылық білдірген. 

Дегенмен ауылдағы тұрғындардың жайын ойлаған облыстық мәслихат де­путаттары мен жергілікті белсенді тұр­­ғын­­дар ауылдың тіршілігі үшін аса маңызды өткелді салдыру үшін соңына дейін күресіп бақты. Ерейментау ауданы­нан облыстық мәслихат депутаты Бекім Әкімов ауыл тұрғындарының ащы жа­най­­­­­­­­қайын облыс әкімі Марат Ах­­метжановқа жеткізген. Тараптар ақы­ры өзара келісімге келіп, түйін тар­қа­­тылатын болды. 

– Жақында ғана тағайындалған об­лыс әкімі Марат Ахметжанов сіздер жазған мақала арқылы бұл мәселеге қа­нық болыпты. Сөйтіп ол Еңбек ауылы тұрғындарының өтінішін толықтай қол­дады. Ауылды алаңдатқан теміржол өт­келін салу мәселесін өзінің жеке бақы­лауына алды, – дейді Ақмола об­лыс­тық мәслихатының депутаты Бекім Әкімов. 

Ұзақ уақыт тараптар арасындағы келіссөздерден кейін жағдайдың шыны­мен ауыл үшін өте күрделі екенімен келіскен «Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясы жергілікті атқарушы органмен бірлесіп «Ерейментау-Торғай» жолының сегізінші шақырымындағы Тайбай ауылдық округындағы өткелді жауып, Еңбек ауылында өткел ашатын болды. Ал Тайбай ауылына қажет болған жағдайда теміржол арасынан мал айдап өтетін өткел бюджет қаржысы есебінен салынбақ.

– Тиісті өзгерістерді енгізу үшін осы­ған дейін берілген техникалық шартқа осы өткелді жабу үшін Ерейментау ау­дан­дық әкімдігі мен әкімшілік поли­­цияның келісімі қажет, – дейді «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық ком­­па­­­­ниясынан. 

Жылдар бойы ымыраға келе алмаған мәселенің ақыры оң шешімін тапқанын Ерейментау ауданы әкімі де қуана мә­лімдеді. Аудан әкімінің айтуынша, Тай­бай ауылдық округының халқы өткелдің жабылуына қарсылық білдір­­меген. Әкім­дік «Қазақстан темір жолы» ұсын­ған жолмен келісіп мәселені шешудің жолын тапқан. 

– Еңбек ауылы теміржолдың 103 ша­қырымында тұр. Осыған дейін «Қазақ­­стан темір жолы» ұлттық компаниясы 95 немесе 98 шақырымдағы өткелдердің бірін жабу туралы ұсынған. Бірақ 98 шақырымда да біздің облыстық ма­ңыз­­­­ға ие жол болғандықтан одан айы­рылып қалуға әсте болмайтын. Ал 95 ша­қырымда ірі елді мекендер болғандық­­­­­­­тан бұл өткелді жабуға үзілді-кесілді қарсы болдық. 4 қазан күні тараптар арасында үлкен кездесу өткізіліп, қабылданған шешім бәрінің де көңілінен шықты, - дей­ді Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатов. 

Еңбек ауылына болған жиынға ұлттық компанияның Жол құрылысы депар­­таментінің бас инженері, аудандық және облыстық мәслихат депутаттары мен аудан әкімдігінің өкілдері қатысқан. Жиын барысында тараптар Ерейментау-Торғай бағытындағы 8 шақырымындағы өткелді ауыстыру жөніндегі нұсқаға тоқтады. Тайбай ауылдық округының тұр­ғындарымен жергілікті әкімдік кездесу өткізіп, ауыл тұрғындары қар­сылық білдірмеген. Ендігі мәселе тех­никалық сипатама алуға тірелді. Ұлт­тық компания рұқсатын берсе облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, өткел салатын мердігер де анықталмақ. 

Тұрғындар осыған дейін бөлініп қойған қаржының жылсоңына дейін игерілмесе қайтадан қазынаға кетіп, теміржол өткелі туралы арман біржола қиялға айналып кете ме деп қауіп­тен­ген. Теміржол өткеліне байланысты мә­селе­нің басы-қасында болған депу­тат Бекім Әкімов бөлінген 14 миллион теңге қар­жының келер жылға ауыс­тыры­латынын жеткізді. Сондықтан алаң­дауға да еш негіз қалмаған. Мәс­лихат депутаты ұлттық компанияның қажетті техни­калық шартқа өзгеріс­тердің енгізілгені туралы қуанышты жаңа­лықты жеткізді. 

– «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан құжаттар келді. Енді жобалық-сметалық құжаттама жасауға да кірісе беруге болады. Бұл дегеніңіз алдағы жылы Еңбек ауылында көптен күткен теміржол өткелі ақыры пайда­­лануға берілетін болады, – деді Бекім Әкімов. 

Депутат аса күрделі болса да ауыл­дастарының өмірі мен денсаулығы үшін соңына дейін күрескен ауылдың белсенді азаматтарына алғысын білдірді. Сондай-ақ түсіністік танытқан басқа ауыл тұр­ғындарына да ризашылығын жеткізді. 

– Еңбек ауылындағы жағдайды тү­сініп өз келісімдерін берген Тайбай ауыл­­дық округының тұрғындарына шы­найы рахметімді айтамын. Олар егер адам­дардың өміріне қауіп төніп тұрса біздің өткелді жаба берсін. Біздегі жағдай олар сияқты аса қиын емес. Мәселеге аудан әкімінің орынбасары Саят Кенже­тай мырза да үлкен ықпал етті. Еңбек демалысына қарамастан құжат­тармен айналысып, бар мүмкіндіктерді жасады. Сондай-ақ облыс әкімі Марат Ахмет­жановтың да халықтың жанайқайына құлақ түріп мәселенің шешілуіне жағдай жасағанына алғыс білдіргіміз келеді, – деп түйіндеді Бекім Әкімов. 

Осыған дейін түйінді мәселе жайлы бізге жеткізген ауыл тұрғыны Айбек Хуат та теміржол өткелінің ақыры пайда бола­тынына шынайы ризашылығын жеткізді. 

– Ауылдағы талай жылдардан бері аса күрделі болған жағдайға назар аударып, оң шешімін табуына ықпал еткен әрбір азаматқа алғыс айтамын. Біздің Еңбек ауылы үшін бұл керемет жаңалық болды. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді Айбек Хуат. 

Сонымен Еңбек ауылы көптен күт­кен өткелдің келер жылы негізі қаланбақ. Ондаған жыл халықтың мұңына айнал­ған мәселенің ақыры шешімін табаты­­нына біз де қуандық. Мәселе одан әрі де біздің жіті назарымызда болмақ... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы