Келесі жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» президенттік бағдарламасы аясында төлемдер төлене бастайды.
Бір жылда көп жұмыс істелді - Мәулен Әшімбаев
664
оқылды

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы жалпыұлттық сайлауда жеңіске жетіп, ел Президенті қызметіне ресми түрде кіріскеніне тура бір жыл толып отыр. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев еске салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аталған сайлауда Қазақстан халқының басым көпшілігі Мемлекет басшысы ұсынған реформалар бағдарламасын және Әділетті Қазақстан құру бағдарын қолдап, дауыс берген еді.

"Осы уақыт ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өміріне және экономикасына әсер еткен айтарлықтай өзгерістер болды.

Биліктің барлық тармақтары қайта жаңғыртылды. Саяси жүйені демократияландыру жолында маңызды қадамдар жасалды. Тежемелік пен тепе-теңдік жүйесі күшейе түсті. Өңірлердің дербестігі де нығайып келеді. Әкімшілік реформа іске асырыла бастады.

Сайлау жүйесі жаңартылып, соның негізінде Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Аудандар мен ауыл әкімдерінің сайлауы да жаңа талаптарға сәйкес өткізіліп жатқаны белгілі", – деді Сенат Төрағасы. 

Жалпы айтқанда, өткен бір жылдың ішінде елімізде әділетті, теңгерімді және демократиялық саяси жүйенің негізі қаланды. Халықтың әл-ауқатын жақсарту және өмір сүру сапасын арттыру бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды.

Мәулен Сағатханұлы әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру үшін арнайы Әлеуметтік кодекс қабылданғанын атап өтті. «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», «Ауыл аманаты» сияқты ұлттық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Келесі жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» президенттік бағдарламасы аясында төлемдер төлене бастайды.

"Қазірдің өзінде әділетті экономикалық жүйе құру бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Монополиямен және сыбайлас жемқорлықпен қатаң күрес қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын заңсыз иемделінген активтер және шамамен 8 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды. Шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жүйелі шаралар қолға алынды.

Ел экономикасына шетелдік инвестициялардың салынуы да белсенді жалғасып келеді. Сыртқы сауданың өсу қарқыны көңіл қуантады. Осындай шаралардың арқасында 2023 жылдың қорытындысы бойынша,  ел экономикасының өсуі 5 пайыз көлемінде болады деп болжанып отыр.

Мұндай нәтижелер Президентіміздің бастамасымен іске асырылып жатқан реформалардың тиімділігін айқын көрсетеді", – дейді сенатор.

Оның пайымынша, осылайша, бір жылда көп жұмыс істелді. Алда әлі талай ауқымды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай елдің жалпы ішкі өнімін 2 есеге ұлғайтуды, яғни 450 млрд долларға жеткізуді міндет етіп белгілеп берді.

"Сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығының өнімділігі мен тиімділігін арттыру, еліміздің барлық өңірінде инфрақұрылымды жаңғырту және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту сияқты стратегиялық межелер бар.

Осындай мақсат-міндеттерді нәтижелі іске асыру үшін қазақстандықтардың алдағы уақытта да Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың саясатын қолдап, Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуы аса маңызды.

«Бірлігі бекем ел биікті бағындырады» дейді. Шын мәнінде, біз әділетті, жаңарған, инклюзивті және демократиялық Қазақстан құру жолында жұдырықтай жұмыла білсек, көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз", – деп жазған Мәулен Әшімбаев.