Халқымыз қашаннан жабырқағанның жанынан табылып, сүрінгенге демеу көрсеткен. Сол асыл қасиет ұрпақ бойында әлі де жалғасып келеді.
Жаңақорғандық қос ананың сенімін ақтаған – «AMANAT»
814
оқылды

Оған дәлел – кешегі аптада Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық «AMANAT» партиясына үмітін арқалап келген жаңақорғандық қос ананың сенімінің ақталуы. Себебі, осы екі ана  «AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитовтен өз мәселелеріне байланысты көмек сұрап келген.

Оның айтуынша, аптаның соңғы жұмыс күні болғандықтан істейтін шаруалар таңертеңнен қарбаласып жатқан. 

Жалпы жер басып жүрген жұмыр басты пенде қандай игі іс жасаса да, бар жақсыны балалар үшін, болашақ ұрпағының игілігі үшін жасайды емес пе?! Әдеттегіше белгіленген іс-шаралар мен тапсырмаларға көз жүгіртіп отырғаным сол еді, ішке көзінде мұңы бар орта жастан асқан келіншек кіріп келді. Түсініксіз тілде жазылған қолында ақ парағы бар. Орындыққа отыруын өтініп, жөн сұрап еді, мән-жайын айта бастады, – деген Арман Мажитов оның немересіне көмек беруін сұрап келгенін жеткізді.

Мәриям апайдың айтуынша, үлкен немересін аяғынан тұрғызу үшін талай емдеу - сауықтыру мекемелері мен қазақы емшілердің табалдырығын тоздырған екен. ІІІ топ мүгедектігі бар балаға дәрігерлер прогрессивті бұлшықет дистрофиясы деген диагноз қойған.

Айналайын, Арманжан ауданда қаншама істің басында бастамашыл болып, мұқтаж жандарға мейірімін төгіп жүрген жандар баршылық. Солардың арасындағы біреуінің шапағаты немереме тисе деген үмітпен келіп тұрған жайым бар. Тұңғыш немерем болған соң көз алдымда жүрсе деймін. Туабітті жабысқан кесел болса уақытымен ем қабылдап көндігер ме дік білмеймін. Бірақ аяғын нық басып жүрген немерем екі-үш ай болды, жүруден қалды. Сегіз жасар ұл баланы мына жасымда көтеріп жүрудің өзі қиын. Өз бетінше тұра да, жүре де алмай қалды. Аудан дәрігерлеріне де, Астанадағы дәрігерлерге де көрсеттік. Олар баланың құлан таза айықпаса да кеселдің бетін қайтаруға мүмкіндік бар деген соң саған келіп тұрмын. Ендігі үміт Ташкент медицина мамандарында. Ал ол жаққа бару үшін 500 мың теңгедей қаржы керек екен,  – дейді Мәриям апа.

Арада бір сағаттай өткен соң бас партияның филиалына тағы бір ана көмек сұрай келген. Оның да жағдайы Мәриям апайдікіндей екен. Айтуынша, оның ұлы ер жеткен шағында бір емес екі бірдей кеселге шалдыққан. Дәрігерлер Қамбар Дамирге бастан гидроцефалия және көзден атрофия деген диагноз қойған.

"Бұл дегеніміз бастың ішіне сары су жиналған, салдарынан оң көзі мүлдем көрмей қалған. Оның көру мүмкіндігі 15 пайыз ғана. Барар жерім, басар тауым қалмаған соң амалдың жоғынан өзіңе келдім деп көзіне жас алды", – дейді әлгі ана. 

Осы екі ананың зарын тыңдаған партия өкілі халыққа бейнеүндеу жасап, балалардың еміне қор ашып, көмектескені бар.

"Қайырымдылық жасау қазақтың қанында ежелден бар қасиет. Асыл дініміз де мұқтаж жандарға жақсылық жасауға бұйырады ғой. "Көп түкірсе көл" дегендей жергілікті тұрғындар бұл істен шет қалмады. Сол балалардың несібесі шығар небәрі үш сағаттың ішінде қажетті ақша жиналып, қос ананы қуанта алдық.  Осы тұста өмірдің түрлі сынағына тап болған жандарға демеу көрсетіп, үлкен іс тындырса да, үнсіз жүретін Жаңақорған халқына, барша таныстарым мен дос-жарандарыма алғысым шексіз. Осындай жаны жомарт жандардың жанымда жүргеніне Аллаға шүкір!", – дейді «AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов.