Ел аумағына көгілдір отын жеткізу көлемі 60%-ға жетті. Ресми статистика көрсеткендей, газбен қамту көрсеткіші 2018–2022 жылдар ішінде 49,7%-дан 59%-ға жылжыған. Үкімет биыл 160 мыңдай тұрғын аталған отын түріне қол жеткізіп, халықтың 60%-ы (11,8 млн адам) қамтылды деген деректі ұсынды.
Байлықтың бірі – газ, жағайын десең аз
948
оқылды

Қазақстанның негізгі газ кен орындары еліміздің батыс ай­ма­ғын­­­да орналасқан. Соған сай, кө­­гілдір отынды көбірек пайдала­­на­­­тын да осы өңірлер. Мәселен, Маң­­ғыстау облысы былтыр 2,6 млрд текше метр газ жағыпты. Бұл рес­публика бойынша ішкі на­рық сұранысының 19%-на тең. Отын­ның осынша көлемі облыс­­тағы елді мекендерді жылытудан бөлек, ірі өнеркәсіп нысандарын, сондай-ақ өңірдегі негізгі энерге­­тикалық кәсіпорын – жылу мен электр энергиясын өндіретін «МАЭК» ЖШС тұрақты газбен жаб­­­дықтауды қамтамасыз еткен. Өңір­­­­­дегі тұтыну көрсеткіші тұрақ­­­ты түрде өсіп келе жатқа­ндықтан Президент тапсырмасы негізінде қаза­н айында «Бейнеу–Жаңа­өзен» магистралды газ құбыры­ның екін­­­­­ші желісі пайда­­­лануға берілді. 308 шақырымдық құбыр­дың газ өт­кізу мүмкіндігі жылына 5,8 млрд текше метр. Осылайша, облыстың газға деген қажеттілігі жабылған-дай.     

Оңтүстікте ең жоғарғы көрсет­кіш: Алматы (99,2%) мен Шым­кент (94,2%) қалаларына және Жамбыл облысына (90,2) тиесілі. Ал еліміздің солтүстігіндегі өңір­лер магистралды газ құбырларынан (Бейнеу–Шымкент, Қазақстан–Қытай) тым шалғай жатқандықтан мұндай жеңілдіктің «ауылы алыс» секілді. Мәжіліс депутаты Ерке­бұ­лан Мәмбетовтің пікірінше, оң­түс­тіктен Астанаға тартылған құ­бырды ары қарай солтүстікке созу арқылы теріскейді табиғи газбен қамтамасыз етуге болады. 

«Мәселен, ұзындығы 1 061 ша­­қы­рым болатын «Сары­ар­қа» ма­гистралды газ құбыры бір жыл­дан астам уақыт ішінде салы­­нып бітті. Енді құбырды Астанадан сол­түстікке жеткізу аса қашық емес қой. Егер газ барса, оңтүстік өңір­­­лерден қоныс аударушылар са­ны да артып, облыстағы демо­­­­графиялық ахуал тұрақтанады. Бұл жоба іске асса, солтүстік облыс­­тар­­­­­дағы халықтың өмір сүру сапа­­сы артып, экономиканың қарқын­­ды дамуы жеделдейді және эко­­логи­ялық мәселесі де жақсарар еді», – дейді депутат. 

Алайда «Сарыарқа» құбы­ры­мен жеткен табиғи газ көлемінің де шегі бар. Мың шақырымды арт­қа тастап жеткен магистрал, ең алдымен Елорданы толық қамта­­ма­сыз етуі тиіс. Бүгінге дейін Аста­наның тұрғын үй алабындағы 12 мың абонент газға қосылыпты. Одан бөлек, көпқабатты үйлерді жы­лытатын ЖЭС–1-дегі 10 қа­­­­зандық, ЖЭС–2-де 6 қазандық газ жүйесіне ауыстырылған. Қазір Астананың айналасындағы Ар­­­ша­лы, Целиноград аудандарына газ жеткізу жұмыстары жүргізіліп жа­­­тыр. Осыған орай, Үкімет екі бір­дей нұсқаны қарастырып, техни­­ка­лық мүмкіндіктерін саралап отыр. Оның бірі – «Сарыарқа» магистралды газ құбырының тиім­ділігін байқап көру, екіншісі – Ресей газ тасымалдау жүйесіне қо­­сылу. Өйткені солтүстік және шы­ғыс аймақтарды газдандыру үшін жылына шамамен 2,5 млрд текше метр газ қажет болады екен. Салыстыру үшін айтсақ, оңтүс­­­­тік­­тегі облыстардың жылдық тұтыну көрсеткіші – 5 млрд текше метр. Яғни, «Сарыарқа» құбырын пай­да­лану – оңтүстіктің отынына ор­тақтасу деген сөз. 

Расы керек, Солтүстік Қазақ­­­стан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облысының тұрғын­­­­дары тәуелсіздік алғалы бері орта­­лық газ жүйесі дегенді білген емес. Бұл өңірдегі жылу жүйесі мен энер­­гетикалық нысандар түгелдей көмірге негізделген. Ал аудандар мен ауыл халқы алты ай қыста қол­­ға түскен отын түрін (қи, ағаш, кө­мір) жағып жан сақтайды.

Energyprom порталының дере­гінше, Қазақстан ел аумағын газ­­­­дандыру ісінде ЕАЭО-қа мүше мем­­­­­лекеттерден кейін қалуда. Бі­рінші орында 97%-бен Беларусь Рес­­­публикасы келеді. Бұл ел өз жерінде азғантай көлем өндір­генімен «көгілдір отынды» Ресей­ден импорттап (жылына 20 млрд текше метр) осы көрсеткішке жет­­­кен. Бір қызығы, Армения өз же­­­­­рінде ешқандай газ кен орны бол­­­маса да сырттан импорттап, хал­­­­­­­қы­­­­­­ның газға қол жеткізу көр­сет­­­­кішін 96%-ға жеткізе алған. Рес­­публика газды Ресей (87,7%) мен Ираннан (12,1%) импорт­тайды. Армения үкіметінің дере­­­­­гіне сүйенсек, 2022 жылы мемлекет 504 млн долларға көгілдір отын сатып алған. Одақтың өзге екі елі Ресейде көрсеткіш – 73% болса, Қырғыз Республикасында – 38%. 

Әрине, тұрғындарды газбен қамтамасыз етуде жер шалғайлығы мен халықтың қоныстану көрсет­­­­кіші де негізгі рөлге ие. Мәселен, жо­­ғарыда бізден озық тұрған Бела­русьтің жер көлемі – 207,6 мың шаршы шақырым болса, халық саны – 9 200 600 адам. Арменияда халық саны – 3 227 800 адам, аумағы – 29 743 шаршы шақырым (әлем бойынша 138 орын) ғана.

Олардың қасында біздің жер көлеміміз миллион шаршымен са­­на­­­лады. Қазақтан жерінің аумағы бойынша дүниежүзінде 9 орында (2 млн 724,9 мың шаршы шақы­­рым) тұр. Мұндай ауқымды көр­­­сеткіштер жер қойнауынан газ өн­­­діру, өңдеу, құбырмен жеткізу, тасы­мал шығындарын қосқанда отынның өзіндік құнының өсуіне әкеледі. 

Газ бағасы өседі

Табиғи газдың құны осы уа­­қыт­­­­­­қа дейін мемлекеттің рет­­­­теуін­­де болды. Биылғы 11 қыр­­­­­күйекте Президент қабылдауында болған QazaqGaz АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов 2022 жылдан бері ұлттық компания халық пен бизнеске 389 млрд теңгеге газ баға­­сына субсидия жасағанын мәлім­­­­­деген-ді. Десе де, ішкі нарықта отын­­­­­­ның осы түрінің бағасы бір­­­­тіндеп көтеріліп келеді. Энер­­­гетика министрлігінің дерегіне сү­­­­йен­сек, табиғи газдың құны алдағы бес жыл бойына қымбаттай түседі. Бағаның өсуі әр өңірдің сұраныныса қарай қалыптаспақ. Мысалы, Алматыда 1 мың текше метр газдың бағасы 25,1 мың теңге көлемінде болса, 2023–2028 жыл­­­дары аралығында жыл сайын 12-15%-ға көтеріліп, бес жылдан ке­йін 42,7 мың теңгеге жетпек. Ал Аты­рау облысында бес жыл ішінде көгілдір отын құны 18,5%-ға өседі. Яғни, 1 мың текше метр газдың құ­ны қазіргі 9,6 мың теңгеден 11,4 мың теңгеге қымбаттайды. 

Газ бағасының қымбаттауына басты себеп – сұраныстың артуы. Әсіресе, былтырғы қыста тұтыну рекордты көрсеткішке жетті. Бір ғана қаңтар айында тәулігіне 95 мың текше метр көгілдір отын пайдаланыпты. QazaqGaz ұлттық компаниясының болжамынша, тұтыну көлемі әлі де өсе береді. 

Көгілдір отынның қоры қанша?

Қазақ жеріндегі газ қорының кө­лемі жөніндегі көрсеткіші әр дерек көзінде әртүрлі айтылады. Мы­­­­­салы, Kazenergy ұйымының 2021 жылғы ұлттық баяндамасында Қазақстан әлемде 16 орында екені айтылса, кейбір дерек көздері 19 орын дегенді алға тартады. Бір аны­ғы, ТМД елдері ішінде Ресей, Түрікменстан, Әзербайжаннан ке­йін төртінші тұрмыз. Демек, жер­ас­ты байлығы бар, ендігі міндет – халық игілігіне жарату.                        

Айта кетейік, әлемде газдың дә­лелденген қоры бойынша ТОП-5 мем­лекетке Ресей, Иран, Қатар, АҚШ, Түрікменстан кіреді. Де­­ген­мен әлемдік нарықта газ саудасын қыз­дырып отырған ойын­­шы мем­­­лекеттердің өзі халқын тұтас газ­­бен жарылқай алып отырған жоқ. Отын байлығынан бірінші орында тұрған Ресейдің биылғы көрсет­­­­­кі­­ші – 73,8%. «Газпром» келесі жылы бұл санды 74,7%-ға жеткізуді мін­­де­­­тіне алып отыр. РФ Алтай айма­­­­­ғында газдандыру деңгейі 18% кө­ле­­­мінде ғана. Шашыраңқы ор­­на­­­­­­ласқан 1 600 елді мекеннің 125-де газ бар. Иран үкіметі алдағы екі жыл ішінде тұрғындарын то­­­­лық қамтамасыз етеміз деп отыр. Бұлардың ішінде жоғарғы көрсет­­­­кішке (99,5%) ертерек қол жеткіз­ген мемлекет – Түрікменстан. Был­­­тыр бұл мемлекет 82,7 млрд тек­­­ше метр газ өндіріп, оның 30 млрд текше метрін Қытайға экс­­­­порттаған.

QazaqGaz АҚ Басқарма төраға­­­сы Санжар Жаркешовтің ақпарат көздеріне берген дерегінше, бол­­жан­ған газ қорының көлемі – 62 трлн текше метр болса, ма­құл­дан­­ған және алынатын кө­­лем –  4  трлн текше метр. «Біз қазірдің өзінде он бесінші орын­­дамыз, бірақ бұл тек бастамасы ғана. Егер біз жердің астындағы 62 трлн текше метрді газды дәлдік бар­­­лаумен өндіре алсақ, көш­басшы 10 елдің қатарына кіре ала­мыз», – дейді Санжар Жаркешов. 

БҰҰ былтыр жер бетіндегі дә­лелденген көгілдір отын қоры­­ның көлемі 210 трлн текшеметр деп мә­лім­деген. Бұл дерекпен салыс­тырсақ, Қазақстанның мүмкіндігі мен әлеуеті алда екенін аңғару қиын емес секілді. Ел Үкіметі газ са­­­ласын дамытудың 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспарын қа­­был­дады. Онда газдың ре­­сурс­тық ба­­­за­­­сын ұлғайту, газ нарығын ре­фор­­малау ісі көзделіп отыр. Де­мек, алдағы үш жылда аталған са­ладан еститін жағымды жаңалық та көп болмақ.

Бауыржан БАЗАР

© коллаж: Елдар ҚАБА