Технократтар заманында түрлі кеселдің алдын алуға, науқасқа уақытылы ем-дом шараларын көрсетуге арналған медициналық мүмкіндіктер артып келеді. Әлемді жаулаған өзекті мәселені шешуге енді қазақстандық жас ғалымдар да қол ұшын созбақ.
Адам өміріне арашашы білезік
839
оқылды

Бүгінде елімізде науқастардың өмірін сақтап қалуға көмектесетін тағы бір айрықша құрылғыны жүзеге асыру жоспарланып отыр. С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық универс­итетінің 6-курс интернатура студенті Аружан Қалиханова деменция, аутизм, альцгеймер синдромы, даун, шизофрения, сондай-ақ эпилепсия, қант диабеті және созыл­малы аурулары бар адамдарға (аст­ма, ХОБЛ, гипертония, аритмия) арналған білезік ойлап тапты. 

– Білезікті жасап шығару идеясы 2-курста оқып жүрген кезімде келді. Далада бір кісі есінен танып қалып, айналадағы адамдар оны қоршап алды. Бірақ ол кісіде қандай жағдай болғанын, қалай көмектесу керек екенін ешкім білмеді. Сол сәтте адамға белгі беретін аксессуар немесе бірауыз сөз болғанда ғой деп ойладым. Сосын аутизм, деменциямен ауыратын науқастардың жақындары күртеге телефон нөмірін жазып қоятынын көрдім. Сондықтан дәл осындай білезік жасаймын деп шештім. Уақыт – ме­ди­цинадағы ең маңызды аспект. Жылдам көр­сетілген көмек – көп асқынудың алдын алуға көмектеседі, – дейді жоба авторы Аружан.

Білезік – оның ойлап тапқан алғашқы жобасы. Қазір ол стартап әлемін белсенді түрде зерделеп, осы саладағы білімін терең­детуді көздейді. Аружан медицина мен стар­тап әлемін ұштастыра отырып, денсаулықты сақтауға, адам өмірін құтқаруға үлес қосатын жобаларды іске асыру – алға қойған негізгі мақсаттарының бірі екенін айтты. 

– Елімізде неврологиялық аурулардың саны күрт өсіп барады. Мысалы, аутизм син­дромы бар балалардың немесе деменцияға шалдыққан қарттар­дың білезігінде байланыс нөмірі көрсетілсе, олар­дың жақын­дары да алаңсыз жүрер еді. Балам адасып қалмады ма, анам қайда жүр деген сияқты уайымы азаяды. Өз қаламызды мысалға алайықшы. Алматының көшелерінде жерде жатқан адамдарды жиі кездестіреміз. Ең біріншіден, ішімдікке тойып алып, ұйықтап жатқан шығар деген ой келеді. Алайда ол есінен танып қалған болуы мүмкін. Оған жедел түрде көмек қажет. Егер көшеде өтіп бара жатқан адамдардың көзіне білезік түсетін болса, онда жерде құлап жатқан адамның қандай да бір ауруы бар екенін біледі. Білезіктің тиімді тұсы да осы – адамдардың назарын аудару, – дейді жоба авторы.

Аружанның айтуынша, осыған ұқсас білезіктер АҚШ-та да қолданылады. Мұнда тек QR код енгізілген. Егер оны өзге біреу сканерлейтін болса, науқастың өзі енгізген ақпараты ғана шығады. Ал медициналық құжаттары мен пайдаланатын дәрі-дәрмегі туралы ақпарат көрсетілмейді. Сондай-ақ америкалықтар теңгемен есептегенде білезікті пайдалану үшін жылына 13 мың теңге төлеуі міндетті. Бұл – білезіктің бағасынан бөлек сома. Төлем жасалмаған жағдайда, тиісінше QR код та істен шығады. Аружанның ойлап тапқан білезігінде барлық құжат пен маңызды ақпарат автоматты түрде ауысып отырады. Бағасы да қолжетімді болатын көрінеді.

– Науқас есінен танып немесе ұстамасы ұстап, сөйлей алмай, ахуалы туралы толық ақпарат бере алмайтын жағдайда білезік – таптырмас көмек. Адам білезіктегі «ингаля­тор сөмкенің ішінде» деген ақпаратты көре сала бірден науқасқа медициналық көмек көрсете алады. Жедел жәрдем дәрігерлері QR кодты сканерлеу арқылы науқастың медициналық картасына өтеді. Мысалы, фельдшер науқастың аллергиясы бар препаратты енгізетін болса, науқаста анафилактикалық шок немесе өміріне қауіп төндіретін асқынулар пайда болуы мүмкін. Бұл жерде қызметкердің де, науқастың да күнәсі жоқ. Кездейсоқ жағдай ретінде қарауымыз тиіс. Айналамызда бір ғана ауруы бар адамдар өте сирек кездеседі. Науқаста жүрек ауруымен қоса, өкпе ауруы болуы мүмкін. Онымен қоса, кейбір дәрілерге қарсы көрсеткіші болып жатады. Осындай ақпараттарды білу үшін білезік өз миссиясын атқарады, – дейді Аружан.

Жоба алғаш рет әмиян ретінде жарыққа шығады. Әмиянның ішінде медициналық карта болады. Мұнда QR код, байланыс нөмірі, егер науқастың аллергиясы болса, ол туралы толық ақпарат көрсетіледі. Әмия­нның басты ерекшелігі – науқас өзі қабылдап жүрген дәрі-дәрмегін әмиянға салып жүруге ыңғайлы. Қажетті препараттың барлығы дәрігермен ақылдаса отырып қолданылады. 

– Қазір осы әмиянды қолданысқа енгізу үшін тыңғылықты жұмыс істеп жатырмыз. Әмиян дайын болған кезде Алматы қаласын­дағы пациенттерімізге, мақсатты аудитория­мызға білезіктерді таратамыз. Қолданушы­лардың қандай ба бір ұсыныстары немесе шағымдары болса, барлығын ескере отырып жобамызды дамы­туға күш саламыз. Осы процестен кейін ғана жобамызды ресми түрде іске қосамыз. Ша­ма­мен келесі жылы қолданысқа енгізіледі деген үміттемін, – дейді А. Қалиханова.

Адам өмірі үшін маңызы зор жоба Demo Day байқауының финалисі атанған. Қазір KazNMU Endowment қоры ерекше білезіктің қоғамдық қолданысқа енуіне қолдау көр­сетуге ниетті. Аружанның сөзінше, аталған қор жобаға серіктестер табуға, сонымен қа­тар маркетингтік тұрғыда дамытуға атса­лысып жатыр.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы