Соңғы бес жылда Маңғыстау облысына 3 трлн теңгеден астам ин­вестиция тартылып, өңір эко­номикасының серпінді дамуына септесті.
Инвестиция экономиканың тамырына қан жүгіртеді
1,740
оқылды

Биыл 10 айдың қоры­тындысы бойынша негізгі, капиталға шамамен 840 млрд теңге тартылды, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл 45%-ға артық. Бұл туралы Орталық ком­му­никациялар қызметінің алаңын­да өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев хабарлады.

Биыл жыл басынан бері 12 инвес­тициялық жоба іске қосылды. Құйылған жалпы инвестиция көлемі 11 млрд тең­геден асады. Оның ішінде ет комбинаты, металл прокат, арнайы жабдықтар мен техника, сондай-ақ темірбетон мен антифриз өндірісі бар. 

Жыл соңына дейін жалпы құны 9 млрд теңге болатын тағы үш жобаны іске қосу жоспарлануда, бұл 90-ға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар алдағы үш жылда тағы 54 инвес­тициялық жобаны іске асыру күтілуде. Бұл жобалар өңір экономикасына 1,4 трлн теңге көлемінде қаржы тартуға және 6 мың­нан астам жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жоспарланған.

Негізгі, жобалардың бірі – Svevind не­міс-швед компаниялар тобы жоспарлаған жасыл сутегі зауытының құрылысы. Бұл жо­ба тұщыландыру зауытының құры­лысын, жаңартылатын энергия көздері стансасын, сондай-ақ 2 млн тонна «жасыл» сутегі өндіретін зауытты пайдалануды қамтиды. Сондай-ақ ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясының қатысуымен «Қаламқас, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру жобасы ерекшеленеді. 2024 жылы алдын ала жобалауды (FEED) іске асыру кезеңін бастау жоспарлануда. Жобаны ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде 2 мың жұмыс орны құрылады. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп күтілуде, – деді Маңғыстау облысының әкімі.

Сонымен қатар Kazpetrodrilling қазақстандық компаниясымен стратегия­лық ынтымақтастық шеңберінде Маң­ғыстау аумағында құбыр өнімдері мен сорғы-компрессорлық құбырлар өндіретін зауыттар салуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Бұдан басқа, өңірде азық-түлік қауіп­сіздігін, өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетті нығайту шеңберінде KazAzot Prime ЖШС аммиак-карбамид кешенін салу жоспарлануда, сондай-ақ облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында бүгінде YDA Group түрік ком­паниясы Каспий теңізінің акваториясында кеме жасау верфін салу жөніндегі жобаны іске асыруға мүдделі. 

Сонымен қатар трансұлттық ком­панияларды тарту шеңберінде канадалық Condor компаниясының (Қазақстандық Qazaq LNG ЖШС компаниясы атынан) сұйытылған табиғи газ өндіру жобасын іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар өндірістік қуаттылықты арттыруға, экономиканың ілеспе салаларын дамытуға ықпал етеді. Бұл жалпы облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуына мульти­пликативтік әсер етеді, – деді Нұрлан Ноғаев.

 

Метанмен жүретін жаңа автобустар пайда болды

Маңғыстау облысында өңір эко­логиясына оң ықпал ететін автобустардың жаңа буыны пайда болды. Ақтауда қалалық бағыт бойынша жолаушыларды тасы­малдайтын 30 жаңа автобус өз жұмысын бастады. Сонымен қатар жаңа автобустар «Ақтау – Әуежай» бағытында қатынайды. Жақын арада метанмен жүретін тағы 90 автобусты пайдалануға беру жоспарлануда.

Жаңа көлік (автобустар) жергілікті бюджеттен және өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ қаражаты есебінен сатып алынды, яғни жергілікті бюджет есебінен 1,1 млрд теңге, қалған соманы өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ қаржыландырды. Барлық автобустар ауаны баптау жүйесімен, бейнебақылау камераларымен және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен жабдықталған. Жалпы, жоба 9,2 миллиард теңгеге бағаланады.

Жаңа автобус инфрақұрылымының маңызды бөліктері – арнайы диспетчерлік жүйе  қоғамдық көлік бағыттарының қоз­ғалысын,  ал камералар автобус салонын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін облыста алғашқы рет ерекше газ құю стансасы – метан стансасы пайдалануға берілді.

«Жаңа автобустарда газ моторлы қозғалтқыштарды пайдалану ауаға тарай­тын  зиянды қалдықтар көлемін азайтуға және субсидиялау саласында бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға ықпал етеді», – деді Нұрлан Ноғаев.

Өңір басшысы негізгі мақсат – Маңғыстау облысында жолаушылар көлігінің қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол сондай-ақ аймақтағы сұйытылған газды тұтынудың жоғары көрсеткіштерін атап өтіп, метанды пайдалану сұйытылған газға жүктемені төмендететініне сенім білдірді.

«Біздің мақсатымыз – Маңғыстау облысында жолаушылар көлігінің қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерін қамтама­сыз ету, автобустарды күту уақы­тын қыс­қар­ту және жолаушылар тасымалы нары­ғына жаңа сапалы автобустар ұсыну», – деді Маңғыстау облысының әкімі.

Сумен жабдықтау жүйелері кезең-кезеңімен жаңғыртылады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Маңғыстауда су тұщыту, бу-газды қондырғылары мен турбоагрегаттар сияқ­ты жабдықтарды салу және жаңғырту бойын­ша негізгі алты жобаны іске асыру­ды көздейтін «МАЭК» кәсіпорнын жаң­ғырту бағдарламасы әзірленді. 

Маңғыстау облысы халқының қарқын­ды өсімі мен экономикалық дамуы аясында  мәселелердің бірі – коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту және оның қуатын арттыру. Бұл стратегиялық бас­тама­­лар тіршілікті қамтамасыз ету, инже­нерлік желілер мен сумен жабдықтау жү­йесін жаңғыртуға бағытталған. Назар аударуды талап ететін негізгі факторлардың бірі – «МАЭК» кәсіпорны.  Кешеннің энергетикалық жабдықтарының  тозу деңгейі 81%-ды құрайды. 

– Осыған байланысты Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша су тұщы­ту, бу-газ қондырғылары және турбо­агрегаттар сияқты жабдықтарды салу және жаңғырту бойынша бірнеше негізгі, жоба­ны іске асыруды көздейтін кәсіпорын­ды жаңғырту бағдарламасы әзірленді. Осы жылы кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Маңғыстау облысы әкім­дігінің резервінен тозығы жеткен жабдықты ауыстыруға 2,6 млрд теңге бөлінді. Премьер-Министрдің тапсыр­масы бойынша, жаңа жабдықтар мен жиын­дықтарды сатып алуға Үкімет ре­зервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінді, – деп хабарлады өңір басшысы.

Сонымен қатар Ақтау қаласындағы өзекті мәселелердің бірі – инженерлік желілерді қайта жаңарту. Халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға дейін Ақтау қаласының 25 шағынауданын 5 аймаққа бөліп, жалпы ұзындығы 919 шақырымды құрайтын инженерлік желілерді (су, кәріз, жылу) жаңғырту жоспарланды. 

«Бүгінде 1-кезең бойынша – жалпы сомасы 20,4 млрд теңге қаржыны құрайтын 19 жоба әзірленді (су бойынша – 6 жоба, кәріз бойынша – 6 жоба, кәріз тазарту стан­салары – 6, жылу – 1 жоба). Биыл Ақ­­­тау қаласының 3 «а», 3 «б» және 1-ша­ғын­аудандарында жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде (жалпы, ұзындығы 10,2 км). Ол үшін республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді (жобаның жалпы құны – 11,5 млрд теңге). Сонымен қатар Ақтау қаласының 31 «а» шағынауданында жылу желілерін жаңарту жұмыстары басталды (ұзындығы – 0,7 шақырым, мердігерлік ұйым – «Теплоэнергострой» ЖШС, жобаның құны – 240,0 млн теңге). Республикалық бюджеттен 199 млн теңге бөлінді. Бұл нысан биыл  желтоқсанда аяқталады деп кү­тілуде», – деді ОКҚ брифингінде Нұрлан Ноғаев.

Қалған шағынаудандарды жаңарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылады. Инфрақұрылымды жаңар­тудың маңызды аспектісі ретінде, аймақты ауызсумен толық қамтамасыз ету маңызы айрықша. Жаз маусымында облыста  су тапшылығы тәулігіне 77,2 мың текше метр суды құрайды. Жыл сайын суға сұраныстың өсімін ескере отырып, 2025 жылға қарай жалпы қуаттылығы тәулігіне 136 мың текше метр суды тұшытатын  алты жобаны іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар өңірдің әр тұсында жаңа тұзсыздандыру зауыттарының құры­лысы белсенді жүргізілуде, аталған жоба­лар су тапшылығын жоюға ықпалдасады. «Каспий» су  тұшыту зауыты қуатын тәулігіне  40 мың текше метрге жеткізудің 2-кезеңі бойынша жұмыс істеуде. 2022 жылдың жазғы кезеңінде тәулігіне 5 мың текше метр суды  тұшытатын қондырғы пайдалануға берілді. 2024 жылдың сәуіріне дейін бұл жұмыстарды толық аяқтау жос­пар­лануда.

Сонымен қатар Ақтау қаласында инвестордың жеке қаражаты есебінен қуаты тәулігіне 20 000 текше метр суды тұшыту зауытын салу жұмыстары жүр­гізілуде. Жобаның құны – 4,0 млрд теңге. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазір зауыттың белгіленген қуаты тәулігіне 3 600 текше метрді құрайды. Жыл соңына қарай қуаттылықты 2 есеге арттырып, тәулігіне 7 200 текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда.

Биыл Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр (РБ – 4,2 млрд теңге) және Кендірлі ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытатын қондыр­ғыларды салу жұмыстары басталды.

«Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісі іске қосылды

Маңғыстау – Қазақстан бойынша табиғи газды ең көп тұтынатын аймақ. Был­тыр өңірге 2,6 млрд текше метр кө­гілдір отын қажет болды. Бұл республика бойынша, ішкі нарықтағы тұтыну  қажет­тілігінің 19%-ын құрайды. Ел Пре­зиденті­нің тапсырмасымен 2023 жылдың қазан айында ұзындығы 308 шақырымды құрайтын «Бейнеу-Жаңаөзен» магис­тралды газ құбырының екінші желісі бойынша газ беру басталды. Оның құры­лысы өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асы­рыл­ды. Бұл туралы Нұрлан Ноғаев бас­пасөз мәслихатында кеңінен тоқталып өтті.

 Маңғыстау облысында газдандыру саласындағы жобаларды іске асыру қарқынды жүріп жатыр. Бұл газ тасымалдау жүйе­сінің қуаты мен өткізу қабілетін арт­тыруға, өңірдің табиғи газын тұтынудың өсіп келе жатқан көлемін жабуға және өңірдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жобалар жаңа өндірістік қуаттарды құруға мүмкіндік беретін елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Аталған жобалар Qazaq Gaz және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

2023 жылдың қазан айында Маң­ғыстауда «Бейнеу-Жаңаөзен» магис­трал­ды газ құбырының екінші желісі іске қосылды. «Бейнеу-Жаңаөзен» магис­тральдық газ құбырының екінші желісін іске қосу елді мекендерді, ірі өнеркәсіптік объектілерді, сондай-ақ Маңғыстау облысының негізгі, энергетикалық кәсіпорныжылу және электр энергиясын өндіретін «МАЭК» ЖШС-ін тұрақты газ­бен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Мәселен, «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбыры­ның екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд текше метрді құрайды. Бұған дейін «Окарем-Бейнеу» газ құбыры осы бағыт бойынша 3 млрд текше метрден астам айдауды қамтамасыз еткен болатын. Енді екі газ құбырының жалпы өткізу қа­білеті жылына шамамен 9 млрд текше метрге жетеді. Бұл өңірдің қажеттіліктерін толығымен жабады.

 – Сондай-ақ тұрақты газбен жабдықтау мақсатында республикалық бюджеттен «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының 4 желісін салу жобасын іске асыруға 5,3 млрд теңге (148 км газбен жабдықтау желілері) бөлінді. Президенттің тапсырмасы бойынша, Құрық ауылы ауданындағы АГТС-тен «Саршадан» – «Жылы жағажай» курорттық аймағындағы «Риксос» қонақүйіне дейінгі жоғары қысымды газ құбыры да аяқталды. Бұл жоба Құрық кентін және жақын жерде орналасқан өндірістік объектілерді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жа­ға­жай туризмін дамыту үшін өте маңыз­ды жоба, – деді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ іске асырылып жатқан «Каспий энергетикалық хабы» шеңберінде жаңа шағынаудандарды тұрақты газбен жабдықтау мақсатында «Жаңаөзен-Ақтау» МГ құбырынан басталатын автоматтан­дырылған газ тарату стансасы бар магис­тральдық газ құбырының құрылысы жүріп жатқанын атап өткен жөн.

Ұзындығы 52 шақырымдық газ құбыры Ақтау қаласының жаңа шағынаудан­дарының, Мұнайлы ауданының Қызыл­төбе, Дәулет және Баянды ауылдарының, сондай-ақ Түпқараған ауданының Ақ­шұқыр және Саин Шапағатов ауыл­дары­ның 150 мыңға жуық тұрғынын жылу­мен және тауарлық газбен қамтама­сыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда, ол үшін республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді.

Әлеуметтік инфрақұрылым қалай дамуда?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша өңірде әлеуметтік инфрақұры­лымды дамытуға, атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептердің құрылысына көп көңіл бөлінеді. Өйткені Маңғыстау облысы бірнеше жыл қатарынан бала туу қарқыны бойынша рекорд жаңартты. Бұл қосымша білім беру ресурстарын қажет етеді. Аталған қажеттілікті шешу үшін облыс орталығында, елді мекендерде де жаңа мектептер салу жоспарлануда. Бұл туралы да  аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев толық мәлімет берді.

Маңғыстау облысының әкімі қалалар мен ауылдарды кешенді дамыту жаңа тұрғын аудандармен қоса  қолайлы әлеу­меттік инфрақұрылымды – яғни  балабақ­шалар, мектептер, емханалар, ойын және  спорт алаңдарын да салуды  көздейтінін атап өтті.

Нұрлан Ноғаевтың мәліметінше, 2023 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 209 млрд теңге қарастырылған, бұл облыс бюджетінің 43% құрайды. Облыста барлы­ғы 188 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 39-ы – жекеменшік мектеп. Соңғы үш жылда оқушылар саны 25 мыңға артты (2021 – 156 мың, 2022 – 175 мың, 2023 – 182 мың).  Биыл 3 972 орындық 11 жекеменшік мектеп ашылды (Ақтау – 6, Жаңаөзен – 2, Мұнайлы– 3).

 Әкімдік нұсқауы әрі жетекшілігімен әлеуметтік нысандар қатары артып, әсі­ресе мектептер қадамдық қолжетімділікте болуы үшін тиісті жұмыстар атқарылып келеді. (Бұл үшін қазірдің өзінде бар білім беру нысандарын салу және кеңейту қарқынды жүріп жатыр).  

– «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы ая­сын­да  Түпқараған ауданында М.Горь­кий атындағы мектеп-лицейіне жапсарлас салынған ғимарат  пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 2025 жылға дейін 2 ауысымда 44 мың орындық 21 мектеп салу жоспарланған (2024 жылы – 13 мектеп, 2025 жылы – 8 мектеп). 13 мектеп бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды, құрылыс жұмыстары басталды, – деді Нұрлан Ноғаев.

Білім беру мекемелерінің құрылысында демеушілік қолдау білім беруді дамытуда маңызды рөл атқарады. NCOC және Buzachi Operating LTD компаниялары бұл процеске белсенді қатысып, мектеп құры­лысына қаражат құюда. Бекі ауылында 100 орындық мектеп, ал C.Шапағатов ауы­лында 1 200 орындық мектеп салынады.

 Сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым әлеуетін арттыру саласында автомобиль жолдарының маңызы аса зор, сапалы жолдар өңір экономикасының  өзегі екенін атап өткен жөн. 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының басты бағдары  21 ауылды қамтиды және биыл автожолдарды салу және жөндеу жобаларына қомақты инвестицияларды тарту маңызын айқындай түседі. 

– Биыл орындалған жұмыстардың қо­рытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйін 96%-ға дейін жақсарту жоспарлануда. Бұл тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және жалпы облысты дамытуға маңызды қадам болмақ, – деді Нұрлан Ноғаев.

Сағындық РЗАХМЕТОВ,

Маңғыстау облысы