Вакцина алу – қазір денсаулық сақтау саласында өзекті саналатын мәселелердің бірі. Осыған байланысты қоғамда, әсіресе балалардың екпе алуына байланысты ата-аналар арасында екіұшты көзқарас бар.
Елнұр Бейсенбаев: «Екпе алу – балаларды жұқпалы аурудан қорғаудың  тиімді жолы»
1,537
оқылды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, екпе алудың қоғам үшін қандай маңызды екеніне тоқталды.

«Құрметті, Тамара Қасымқызы! Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Оған, ең алдымен,әрбір баланың ата-анасы, денсаулық сақтау мекемелері жауапты. Алайда соңғы кездері балалар арасында түрлі аурулардың дендеп бара жатуы алаңдатып отыр. Күні кеше өткен Үкімет отырысында осы мәселе көтерілгенінен хабардармыз. Онда  елімізде 17 мыңнан астам қызылшамен ауырған адам тіркелгені, олардың 82%-і балаларға тиесілі екені туралы мәлімет келтірілді. Ал оның көпшілігі вакцина алмаған балалар екен. Бұлардың ішінде 30-дай бала жансақтау бөлімінде жатқан көрінеді.

Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Қызылша асқынып кетсе, баланың денсаулығына қауіп төндіретіні белгілі. Сондықтан мұны тек денсаулық сақтау саласының өкілдеріне ғана ысырып қоймай, бүкіл қоғам болып күресу қажеттігі айқын. Ғасырлар бойы балаларды өрттей жайпаған небір індеттердің вакцина ойлап табылып, жаппай егілгеннен кейін беті қайтқаны белгілі. Бұл – балаларды жұқпалы аурулардың зардабынан қорғаудың тиімді жолы. ХХІ ғасырда өмір сүре отырып, бірқатар ата-аналардың өз баласын міндетті егуден бас тартуын қалай түсінуге болады?! «Бауыр етің балаңа» осылай жаулық жасауға бола ма?! Мамандардың сөзіне құлақ аспай, балалардың денсаулығымен ойнауды доғару керек» – деді депутат Е. Бейсенбаев.

Сонымен қатар депутат Премьер-Министрдің орынбасарына аталған мәселеге байланысты бірқатар нақты ұсыныстарды айтты.

«Дана халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деуі тегін емес. Сондықтан жауапкершілік танытып, аурудың алдын алуға баса мән беру қажет. Өз кезегінде ата-аналар вакцинациялауға қатысты түрлі алып-қашты сөздер мен негізсіз деректерге сүйенбей, тек осыған жауапты дәрігерлердің ғана кеңесін басшылыққа алғаны жөн. Екпелер тек жеке адамның денсаулығы үшін ғана емес, бүкіл қоғам саулығы үшін де қажет. Осыған орай, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізудің маңызы зор.

Құрметті Тамара Қасымқызы! Жоғары айтылғандарды ескере отырып, келесі мәселелерді қолға алуды ұсынамын.

         1.  Елімізде балалардың вакцинациялануы бойынша толық түгендеме жүргізіп, олардың арасындағы ауру түрлеріне, вакцинациялаумен корреляциясына жан-жақты сараптама жасау.

         2. Жергілікті атқару органдарымен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып, халық арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

         3. Осы кезге түрлі себептермен егілмей қалған балаларды және дүниеге келіп жатқан сәбилерді вакцинациялаудан өткізуді қолға алу» – деді «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.