Мемлекеттік органдардың БАҚ-тың ресми сауалына жауап беру мерзімі 7 күннен 5 күнге қысқартылады.
«Масс-медиа туралы» заң жобасы Мәжілісте мақұлданды
978
оқылды

«Масс-медиа туралы» заң жобасы Мәжілістегі бірінші оқылымда мақұлданды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Құжатты таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік органдардың БАҚ-тың ресми сауалына жауап беру мерзімін 7 күннен 5 күнге қысқарту нормасы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарапынан оң бағаланғанын айтты.

«Заң жобасында «масс-медиа», «грант», «бірыңғай медиа платформа», «Журналистердің құқықтары туралы ұлттық баяндама» деген ұғымдар енгізіледі», – деді министр.

А.Балаеваның сөзінше, заң жобасында мынадай бағыттағы нормалар ұсынылып отыр:

  • Бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімін үш жыл деп белгілеу;
  • Бұқаралық ақпарат құралдарының сұрау салуларын қарауды 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту;
  • Журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы ұлттық баяндаманы дайындау;
  • Баспасөз картасын енгізу;
  • Отандық телерадио хабар тарататын спутниктік операторлардың шығындарының бір бөлігін субсидиялау;
  • 2025 жылдан бастап республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшу;
  • Бұқаралық ақпарат құралдарын есепке қою тетігін жетілдіру;
  • Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру.

Депутаттар да, министр де талқылауда айтылған түйткілдер мен ұсыныстарды екінші оқылымға дейін пысықтап, әрқайсысы бойынша ортақ шешім қабылдау туралы пайымға келді.