Оқушының ауыр қылмысқа баруына АҚШ-тың кинофильмі түрткі болған.
Кинодан көргені: Балтамен үш баланы өлтірмек болған оқушыға сот үкімі шықты
701
оқылды

Петропавлда өзі білім алып жүрген мектепке балтамен барып, сыныптастарын өлтірмек болған оқушыға қатысты сот үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Almaty.tv тілшісінің жазуынша, жантүршігерлік жағдай 13 ақпанда болған. 9-сынып оқушысы білім беру мекемесіне өзімен бірге пышақ пен балта кіргізген. Кейіннен ол екінші қабаттағы әжетханаға көтеріліп, маска киіп, артынша дәлізде оқушыларға шабуылдаған. 15 жастағы жасөспірімді жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер тоқтатқан. Судьяның айтуынша, оқушы мұндай әрекетке өзіне қарата айтылған сөздерден кейін барған. Оның қылмыс жасауына америкалық кинофильм түрткі болған көрінеді.

– Қылмысты жүзеге асыру үшін Джокиладзе «Хэллоуин» кинофильмнің басты кейіпкері қолданған қағазға ұқсас бет маскасын жасаған. Кинофильмде кісі өлтіру кезіндегі қанды көріністер көрсетіліпті. Өз кезегінде, кәмелетке толмаған Джокиладзе қаралған фильм кейіпкерінің іс-әрекетіне сүйсініп, 3 баланы өлтірмек болды, – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудандаралық соттың судьясы Әбдіқахар Еркебаев.

Оқиға салдарынан үш баланың басы мен білегіне зақым келіп, ауруханаға жеткізілген еді.  Қазір зардап шеккендердің жағдайы жақсы. Күдікті бірден қамауға алынып, тергеу жұмыстары басталған. Аталған факті қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Араға 9 ай салып сот үкімі шықты.

– Сот Давид Георгиевич Джокиладзені ҚР ҚК 124-бабының 3-бөлігі, 99-бабы екінші бөлігінің 1,9,14-тармақтарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануға және оған көрсетілген баптар бойынша кәмелетке толмағандарды ұстау үшін орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 6 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауға үкім шығарды, – деді Әбдіқахар Еркебаев.

Айта кетейік, 15 жастағы жасөспірімді анасы жалғыз тәрбиелеп келген. Бұған дейін оның ақыл-есі дұрыс деп танылған еді. Енді ол зардап шеккендерге 4,5 млн теңге өтемақы төлеуі тиіс. Сондай-ақ сотталушы мен оны жақтаушылардың аппеляциялық шағым беруге құқығы бар.