Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруіне қатысты БҰҰ-ның Дубайдағы конференциясы ая­сында өтіп жатқан Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөз сөйледі.
Ұжымдық ынтымақтастық климаттық дағдарысты шешеді
1,536
оқылды

Қазақстан Президенті бүгінде жер ша­рын­дағы халықтың тең жартысы кли­мат­тың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ете­тін өңірлерде өмір сүріп жатқанын атап өтті.

–  Шағын аралдардағы мемлекеттерге, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және дамуы кенжелеп қалған елдерге зор қауіп төніп тұр. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің бол­мауы климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бо­лашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақ­тауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның үндеуін қолдайтынын, сондай-ақ Париж келісімін ратифика­циялаған аймақтағы бірінші ел екенін және 2060 жылға дейін көміртегі бей­тараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторын­да «жасыл» технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді.

– Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ «жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүм­кіндікті пайдалану мақсатында серік­тестерімізбен арадағы тығыз ынтымақ­тастықты жалғастырамыз. Қазақстан – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет. Бұл ретте еліміз дүниежүзі бо­йынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді. Біз жаһандық деңгейде электр энергиясын көміртегі қалдық­та­рын­сыз өндіру ісінде шешуші рөл атқара­мыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, алдағы онжылдықта аса маңызды ми­нералдар, соның ішінде сирек кездесетін минералдар, шын мәнінде, әлемді де­карбонизациялау деңгейі бойынша баға жетпес ресурсқа айналады. Осыған бай­ла­нысты Мемлекет басшысы өтпелі кезеңде Қазақстан аталған минералдардың негізгі жеткізушісі болуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ еліміз жекелеген «жасыл» бас­тамаларды белсенді түрде қолдайтынын атап өтіп, пластикалық қалдықтардан құ­тылу жөніндегі жобаларды жүзеге асы­ра­тын Қазақстанның қаптаушылар қауым­дастығын мысалға келтірді. Бұл кәсіпорын осылайша экологияны қорғауға өз үлесін қосып отыр.

Президент метан қалдықтарын азайту жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдететін ең жылдам тәсіл екенін еске салды. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Метан қал­дықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға қатысты еліміздің шешімі туралы айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қа­зақстанның аймақтағы көмір проблемасын Әділетті энергетикалық жүйеге көшу жөніндегі серіктестік бағдарламасын (JETP) іске асыру арқылы шешуге ұмтылыс жасап отырғанын атап өтіп, елімізге қолдау көрсетуге шақырды.

– Кеңірек айтқанда, халықаралық қо­ғам­дастық климат бағытындағы бағдар­ла­маларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты өз міндеттемелерін күшейтеді деп үміттенеміз. Бірақ қаржыландыру – тек кедергілердің басы ғана. 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температу­ра­ның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәсе­лесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшы­лы­ғы­на, қатты ыстыққа, шөлге және экстре­мальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады, – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев әлем­дік қоғамдастықты Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға кө­бірек қаржы бөлуге шақырды.

– Қазақстан келесі жылы Қорға тө­рағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміт­тенеді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблея­сының келесі сессиясы шеңберінде «Бір­тұтас су» атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиын­ға тең төраға болатынымызға қуаныш­тымыз. Биылғы COP28 саммитінің та­бысты өткенін ескере отырып, барлық қа­тысушы мемлекетті 2024 жылдың мау­сым айында ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумына қатысуға ша­қырамын. Форум климатқа қатысты осы өткір мәселелер бойынша мақсатты ын­тымақтастықты СОР29-ға дейін жалғас­тыру үшін диалог алаңы бола алады. Ор­талық Азиядағы климатқа қатысты іс-қимылдарға тың серпін беру мақсатында біз БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өткізуге шешім қабылдадық, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қоры­тындылай келе, климат жөніндегі төтенше жағдай жаһандық дағдарыс екенін, оның әлемдік деңгейдегі жауапкершілікті талап ететінін айтты. Президенттің пікірінше, ұжымдық іс-әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана климаттық дағдарыс проблемасын шешуге болады.

Сонымен қатар саммитте 40-тан астам мемлекеттің басшылары, халықаралық және аймақтық ұйымдардың жетекшілері сөз сөйледі.