Әлемнің жетекші ғалымдарының пікірінше, радиология ғылымының келешегі фантастика әлемімен шектесуге сәл қалып тұр. Келешекте радиолог ғалымдар сәулелі диагностика мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұштастыру арқылы адам нанғысыз табыстар мен жаңалықтарға қол жеткізеді.
Отандық радиологияның озық мүмкіндіктері
926
оқылды

Рентгенология және радиология тарихына үңілер болсақ, 1895 жылы неміс ғалымы Вильгельм Конрад Рентген алғаш рентген сәулелерінің бар екенін анықтаған. ХХ ғасырдың басында рентгендік тексерудің ақпараттылығын жақсарту талпыныстары нәтижесінде томографияны сканерлеу технологиясы пайда болды және тұңғыш рет адамның ішкі ағзасын кеспей көруге мүмкіндік туды. Медицинада көптеген ғылыми жаңалық ашылып, осы салаға бірқатар технология енгізілді. Аурулар мен жарақаттардың тұтас кешенін диагностикалау саласында төңкеріс жасады, кейінірек терапия әдісіне айналды.

Ал елімізде рентгенологияның дамуы 1923 жылдан басталады. Сол жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында бiрiншi рентген аппараты қойылды. Екiншiсi 1926 жылы сол кездегi республика астанасы – Қызылордада орнатылса, 1930 жылы Риддер қаласында рентген бөлмесi iске қосылды. 1953 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтында бiрiншi рет Рентгенология және радиология кафедрасы ашылды. 1964 жылы осы кафедраның қолдауымен Алматы дәрiгерлер бiлiмiн жетiлдiру институтында екiншi Рентгенология кафедрасы ұйымдастырылды.

Бүгінде сарапшылардың айтуынша, отандық медицинада өкпе аурулары, жүрек патологиясы, онкологиялық ауруларды емдеуде радиологияны қолданудың маңыздылығы артып, радиациялық диагностика арқылы зерттеудің әдіс-тәсілдері молайған. Мысалы, рентгендік диагностика кез келген ағзадағы ауруды дөп басып, дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді. 

– Рентгенология және радиология зерттеу әдістері деп отырғанымыз – негізінен сәулелі диагностиканың тармақтары. Қазір Қазақстанда кеңінен қолданып жүрген молекулалық визуализация ол радиология мен ядролық медицинаның өте үлкен жетістіктерінің бірі деп атаймыз. Осыдан 30 жыл бұрын бұл фантастика секілді зерттеу әдістері болатын. Біздің Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты радиология саласында жеке компаниямен бірігіп, компьютерлік томографияға өкпедегі үш миллиметрге дейінгі түзілісті анықтайтын жасанды интеллект технологиясын дайындадық. Ол жасанды интеллект дәрігердің қатысуынсыз, өкпедегі түзілістерді анықтауға көмектеседі. Осы жасанды интеллектіні келесі жылы басталатын өкпе рагын ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарламада пайдалануды жоспарлап отырмыз, – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының «Радиология және ядролық медицина» бөлімі меңгерушісі, PhD доктор Жандос Аманқұлов. 

Әлемдегі ең көп таралған аурулардың бірі – қатерлі ісік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір алтыншы өлім онкологиялық ауруларға байланысты тіркеледі. Ал елімізде соңғы 20 жылда қауіпті ісік анықталған адамдар саны 25 пайызға өскен. Жыл сайын қатерлі ісікке 37 мың адам шалдықса, оның 13 мыңы көз жұмады. Алайда бүгінгі ғылыми-технологияның дамуы бір кездері емдеуге келмейді деген аурулардан айығуға мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, сала мамандарының айтуынша, қазір қатерлі ісіктің І сатысындағы науқастардың 95 пайызын емдеп жазуға болады, ал ІІ сатысындағылардың 80-90 пайызының емделуге мүмкіндігі бар. ІІІ сатысындағы науқастарда да ота сәтті жасалып, өз уақытысында ем алса, жазылуы ғажап емес. Ал дерттің IV сатысындағы науқастарға ота жасалып, олардың өмірін ұзартуға барынша жағдай жасалады. Сәйкесінше, онкологиялық аурулармен сырқаттану 25 пайызға өссе, қатерлі ісіктен болатын өлім 33%-ға дейін төмендеген.

Мамандардың айтуынша, қатерлі ісікке шалдығатындар статистикасының артып, ал керісінше обыр салдарынан ажал құшатындар санының азаюына рентгенология және радиология ғылымының қосқан үлесі көп. 

Қазір медицина саласында дәрігер-радиологтың қатысуынсыз ауруды диагностикалау мүмкін емес. Дәрігер-радиологтар өз жұмыстарында әрбір пациент үшін мейлінше сәйкес келетін, жылдам әрі ауырсынусыз зерттеу тәсілдерін мұқият таңдау жолымен дұрыс диагноз қоюға мән береді. Сондай-ақ магнитті, сәулелі құрылғылардың көмегімен дерттің алдын алып, бетін қайтаруға болады. Халық арасында рентген аппараттарына жиі түсу, магнитті, сәулелі технологияның мүмкіндіктеріне үнемі жүгіну адам ағзасына зиян деген түсінік қалыптасқан. Бірақ дәрігерлердің айтуынша, заманауи жаңа технологиялар бұрынғыдай қауіпті емес. Обырды емдеуге заманауи медицинаның күші жетеді. Бірақ нәтижелі  болуы үшін науқас медициналық тексерістерден неғұрлым ертерек өтіп, дертті меңдемей тұрған кезінде дәрігерге қаралғаны абзал.

Халықтың отандық медицинаға деген сенімінің аздығы «Бәлен жерде бақыр бар...» деген тәмсілге ұқсайды. Дәрігерге қаралмай, ауру асқынғаннан кейін «шетелге барсам жазылып кетемін» деп ойлау қате. Естуімізше, онкологияны емдеу дүниежүзінде бірдей. Біздің медицина сүйенетін халықаралық хаттамаға Жапония да, АҚШ та, Еуропа елдері де сүйенеді. Мәселен, елімізде 2008 жылдан бастап қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында скринингтік тексеру жүргізіледі. Қазір қатерлі ісік жасқа қарамайды. Сондықтан тиісті медициналық мекемеге барып скринингтік тексерудің 3 түрінен өту – әрбір азаматқа міндет. Министрліктің бекітуімен бүгінде азаматтар жас шамасына сәйкес скринингтен, яғни жатыр мойны обыры (әйелдер арасында 30-70 жас), сүт безі обыры (әйелдер арасында 40-70 жас) және тоқішек обыры (ерлер мен әйелдер арасында 50-70 жас) тексеріліп отыруы керек. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният: 

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы қазан айында Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Осыған орай онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту басталды. Егер пациентте онкологиялық ауруы бар деген күдік туса, ондай сырқаттарға «жасыл дәліз» ашылады. Ол адам емханаларда «Жасыл жол» бағыты бойынша жеделдетілген тәртіппен, 18 күннің ішінде барлық тексеруден өте алуы тиіс, – дейді.

Радиология – түрлі ғылымды тоғыстырған ғылым. Егер қатерлі дерт асқынбай дәрігерге қаралған жағдайда  радиациялық диагностика зерттеу әдісінің тиімділігі мол. Ол адам бойындағы қатерлі ісікті нүктелі түрде жоюға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл салада жауапты әрі білікті мамандардың болуы маңызды.  

– Бүкіл әлем медицинасында радиологияның рөлі зор. Медицинаның әр саласына радиологиялық әдістер өте қажет. Бұған далел – COVID кезіндегi радиологиялық диагностикалық әдістердiң арқасында дәл диагноздар қойылып, жүздеген мың адамның құтқарылғаны. Астанада академик Ж.Хамзабаев атындағы радиология ҒЗИ ашылуының негізгі мақсаты – заманауи инновациялық технологияларды меңгерген білікті радиолог кадрларды даярлау. Институттың негізгі міндеті – әртүрлі локализациядағы ауруларды ерте сатысында диагностикалау. Жасанды интеллект бағдарламаларын енгізу ғылыми серпіліс көрсетілетін диагностикалық қызметтердің сапасын жақсартуға, диагностикалық іздеуді және дифференциалды диагностиканы жеңілдетуге, диагностиканың жаңа әдістерімен түрлі ауруды емдеудің тиімділігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Патологияларды, әсіресе қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтау үшін жаңа гибридті технологиялар әзірленетін болады, – дейді Астана медицина университеті, Ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор, медицина ғылымының докторы Раушан Рақымжанова.

Заманауи медицинада рентгенология және радиология саласымен қанаттаса дамып келе жатқан саланың бірі – ядролық медицина. Ядролық медицина Қазақстанда кеңестік жүйе кезінде-ақ жақсы дамыған екен. Мамандардың айтуынша, сол кезде Қазақстанда 24 радиоизотоптық зертхана болған. Одақ ыдыраған соң оның бірен-сараны ғана қалыпты. Бүгінде елімізде ядролық медицина саласында айтарлықтай ілгерлеу бар. Астанадағы Қазақстан  Президентінің іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасында ашылған ядролық медицина орталығының ерекшелігі – қазір әлемдік медицина индустриясында қолжетімді позитронды эмиссиялық компьютер томографиясының болуы. Сканерлеу жылдамдығы жоғары бұл аппарат диагноз қою сапасын арттырады. ПЭТ/КТ зерттеуінен өтетін пациенттердің санын жылына 3 мыңнан 7 мыңға дейін жеткізеді. Мамандардың айтуынша, бүгінде бұл аппараттың Орталық Азия мен ТМД елдерінде баламасы жоқ. Ядролық медицина орталығының радиоизотопты диагностика дәрігері Мақсат Жайымбаев: 

– Бізде GE SPECT/CT Discovery 670DR, Symbia T6, SIEMENS 2 БФЭКТ/КТ аппараты бар. Циклотрон өндірісі кешені әртүрлі радиофармацевтикалық препараттың кең спектрін шығаруға мүмкіндік беретін озық жабдықтармен жабдықталған. Орталық  диагностикалық қана емес, сонымен қатар радиофармацевтикалық препараттарды өндіру бойынша дәрігерлерді, физиктерді, химиктерді және радиофармацевтерді дайындайтын оқу орталығы екенін атап өткім келеді. Мамандары жыл сайын жақын және алыс шетел клиникалары мен ядролық медицина орталықтарында жүйелі түрде тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырып, жинақталған білімдерін орталықтың күнделікті тәжірибесін толықтыруда. Дәрігерлер халықаралық ғылыми журналдарда тұрақты түрде жарияланады және қолайлы Хирш индексіне ие. Жыл сайын радиофармацевтикалық препараттарды енгізуде және жалпы ядролық медицина саласында көшбасшы  әртүрлі елден профессорларды, оқытушыларды шақырамыз. Олар бізге дәріс оқып, білімімен және тәжірибелерімен бөліседі, – дейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде, әсіресе еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде ядролық медицина орталықтарының тапшылығы өткір сезілуде, соның салдарынан кезек күткен науқастар саны артқан. Кезегін айлап күткен науқас алыс жол жүруге мәжбүр. Семей қаласында жалғыз Тераностикалық орталық (радиофармацевтикалық препараттарды қолдану арқылы диагностика ғана емес, сонымен қатар емдеу де жүргізілетін орталықтар) бар. Қазақстанға кемінде тағы 7 ядролық медицина орталығы мен 8 терапевтикалық орталық қажет. Статистикаға көз жүгіртсек, ядролық медицина орталықтары санының өсімі әлем бойынша жыл сайын 8 пайызды, ал терапевтік орталықтар өсімі шамамен 28-30 пайызды құрайды. Қазір бүкіл әлемде диагностикаға ғана емес, сонымен қатар радиофармацевтикалық препараттардың көмегімен онкопатологияны емдеуге арналған орталықтар санының көбею үрдісі байқалады. Себебі ядролық медицина тек диагностикамен ғана емес, сонымен қатар емдеумен де айналысады. 

– Президенттің іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасы Ядролық медицина орталығы – еліміздегі 5 түрлі радиофармацевтикалық препарат шығаратын жалғыз орталық. Отандық радиофармацевтиканың жетістігі саналатын препараттар қатарында метаболизмі жоғары қатерлі ісіктерді диагностикалау үшін 18F-FDG, қатерлі сүйек түзілімдері және сүйектің екіншілік зақымдануын анықтау үшін 18F-NaF, ми ісіктерін диагностикалау үшін 11-метионин, қуық асты безінің қатерлі ісігі үшін 68Ga-PSMA және нейроэндокриндік ісіктер үшін 68Ga-DOTA препараттары бар. Сондай-ақ желтоқсан айында қалқанша безі мен нейроэндокриндік қатерлі ісіктердің кейбір түрлерін анықтау үшін 18F-DOPA шығаруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Ядролық медицина орталығы 9 түрлі радиофармацевтикалық препаратты 2026 жылға дейін қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр, – дейді Ядролық медицина орталығының радиоизотопты диагностика дәрігері Мақсат Еркінұлы. 

Қазір медицина онкопатологияның алдын алу мен емдеу ғана емес, онкологияға қарсы емдік препаттар жасауға да ден қойып отыр. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі инновациялық дәрілік заттарды әзірлеу және өндіру саласындағы әлемдік көшбасшы Roche компаниясымен Жергіліктендіру туралы келісімге қол қойды. Бұл Қазақстанда үш түрлі биотехнологиялық дәрі-дәрмекті жергілікті өндіру және отандық фармацевтика саласына озық технологиялар мен ноу-хаудың берілуін және ұзақмерзімді шарт негізінде жергілікті серіктес тарапынан патенттелген бірегей дәрілік заттарды жеткізуді қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ