Кеңес Одағы уақытында тарихымыз талай бұрмалауға ұшырады. Азаттықты аңсаған арыстарымыз атылды. Аты аталмайтындай дәрежеге жеткізіпті. Елім, жерім деген ерлер есіл кетті. Халықтың жадында сақталған Тәттімбет күйші ғана емес, металлург те болған еді...
Тәттімбет тек күйші емес...
1,595
оқылды

Біраз жыл бұрын «Тәттімбет Қазан­ғапұлы – XIX ғасырдың ұлы күйшісі, лирикалық және эпикалық дәстүрлерін байланыстырған шертпе күй дәстүрін жалғастырушысы» деп қана оқыды оқырман, осылай деп таныды өнер­паз­дар. Оның ұстазы Қызымойын Қуандық Байжігіттің шәкірті болған.

 Негізінде, Тәттімбет өзінің әділді­гімен халыққа танымал би, қазы, мәмі­легер,  семсерлесуші, алтын өнеркә­сібі­нің қожасы, Қоянды жәрмеңкесінің негізін қалаушылардың бірі болған. Оның үстіне, Тәттімбет патшалық әс­кер­дің жүзбасылық қызметін ат­қарған. 

«Тәттімбет ақсүйектер әулиетінен шыққан, сондықтан Кеңес үкіметі ке­зінде оның шығармалары халыққа қарсы шыққан деп түсіндірілген, ал оның ұрпағы XX ғасырдың 20-30-жыл­дарынан бастап қуғынға ұшырап, Қара­ғанды облысы Қарқаралы ауылынан, туған жерлерінен қоныс аударған.

Тәттімбеттің өмірінде ең басты орын алатын бір нәрсені – му­зыкалық шығармашылығы не­месе саяси-қоғамдық қызметі ме, айту қиын. Дегенмен өзінің даналығы, игі­лігі, қайырымдылығы нәтижесінде Тәт­тімбет замандастары үшін әрқашанда еш нәрседен тайсақтамайтын ер мінезді, тіпті адамгершілігі мол абыройлы адамға айналды», – деп жазады «Тәттімбет – тари­хи тұлға» атты мақаласында Аян Әден.

Тәттімбеттің әке-шешесі оның би бол­ғанын қалаған, сондықтан Қарқа­ралының әйгілі биіне шәкірт ретінде тап­сырған. Сот ілімі бұлағы жасөспірімге оңай берілген – дала құқығын шапшаң игеріп, шешендік өнерінің негізін тез меңгерген. Көп кешікпей, жастығына қарамастан Тәттімбет дербес сот тәжі­ри­бесін бастады. Ол әртүрлі наразы­лықты реттеп, көптеген даудың шешімін қабылдап, сот ісін басқарған. Өзінің тапқырлығы, өткір тілділігі және де ту­ра­лығы арқасында жас би бүкіл ай­маққа танымал болған. 

Тәттімбет өмір бойы қазақ елі­нің амандығы үшін отарлық тәуелділікке қарсы күрескен. Тәт­тімбет Қазақ­станның алтын қазу өнеркәсібінің ба­сында тұрған. Мыржық тауының Ма­ныбай қайнарының ма­ңын­да Ша­йыр­ғалы шахтасы сақталып қалған.

Кейінгі жылдардағы жазбалар та­­­­рихты бұрмалаудан сақтап қалмақшы. Олай болса білгеніміз, там-тұмдап тер­геніміз дұрыс. Тәттімбет Тобықты руы­ның аға сұлтаны Құнанбай Өскен­байұлының (Абайдың әкесі) сенімді өкілі болған. Ол Құнанбайдың тоқалы, Абайдың шешесі Ұлжанның інісі еді. Құнанбай Тәттімбеттің үлкен рухани беделін қиын мәселелерді реттеу үшін қолданған. Солай Тәттімбет Құнан­бай­­дың тапсырмаларымен Батыс Түркіс­танның қазақтарына ресейлік азамат­тығын қабылдау үшін жіберілген. Тәт­тім­бет арнайы осы тапсырма үшін «Алшағыр Шаған» және «Қорамжан» атты күйлерін шығарған.

Тәттімбеттің тағы да бір қыры – Ке­несары ханға сапары. Патшалық коло­ниалды әкімшілігі қазақтың соңғы ха­ны­на қарсылықты доғартып тұтқынға берілуді ұсынған, алайда Тәттімбет құпия түрде Кенесарыға Қырғызстан арқылы Қытайға шығуды айтқан. Әйткенмен, Кенесары хан қырғыз ма­наптары ұйымдастырған торға түсіп, ұрыста қаза тапты. Тәттімбеттің жан-тәні көтерілісшілермен бірге болды. Кенесары ханға арналған Тәттімбеттің «Азына» атты күйі сөзімізге дәлел. 

«Тәттімбеттің бізге дейін жетіп, но­таға түскен 27 белгілі күйі бар. Өкі­нішке қарай, Кеңес үкіметі кезінде шертпе күй бай-шонжарлардың өнері саналып, оларды халық арасында кең таратуға тыйым салынған. Тек Әбікен Хасеновтің қайсарлығы арқасында үнтаспаға жазы­лып, бізге дейін жеткен. Кезінде елімізге белгілі күйші Мағауия Хамзин­нің: «Жан сақтау үшін біз төкпе күй мен шертпе күйден «гибрид» жасап, халыққа шертпе күйлерді жеткіздік қой», – деп айтқаны бар. Тәттімбет белгілі көпес Варнава Ботовпен бірігіп, қазақ даласындағы тұңғыш тауар биржасы – Қоянды жәр­меңкесін ашады. Бұдан бұрын қазақ­тар малын Қытай мен Ресейге айдап апарып сататын немесе алыпсатарларға арзан ба­ғаға өткізетін. Енді қазақтар ауыл шаруашылық өнімдерін сол жерде саудалап, тікелей өздері пайда тауып отырды. 1913 жылы Қоянды жәр­мең­кесінің айналымы 5 мил­­лион рубльге жетіп, мыңға жуық киіз үй тігілген. Сол кезде ең қымбат мал – бір ту биенің құны 20 рубль болған. Осы Қоянды жәрмеңкесінің арқасында сол кездегі қа­зақ даласындағы ең ауқатты адамдар – Орта Жүздің байлары болды», – дейді публицист, ағыбай­танушы, өлкетанушы Жұмағұл Шөже­нов. Тәттімбеттің енді бір қыры – Шығыс Түркістандағы қан­дастарымызға ар­найы барып, тезірек Ресей империя­сының қоластына өтуге кеңес бергені. Өйт­кені Ресей мен Қы­тайдың шекарасы жабылса, қазақтар екіге бөлінетінін сол кездің өзінде сез­ген. Сол уақытта оның шығарған күй­лері: «Алшағыр-Шаған», «Қорам­жан» және «Жазғы қайғы» осы оқи­ғаларға арналған. Ол Кенесары хан­мен тығыз қатынаста болып, халық кө­те­рілісін белсенді түрде қолдаған. Тәтт­імбеттің Шығыс Түр­кістанда бо­луының басты себебі – Ке­несарыны қырғыз жері арқылы Қытайға өткізіп жібермек ойы болған. Бірақ Кенесары қолы қапыда қырғыздар құрған торға түсіп қалады. Тәттімбет сол қайғылы оқиғаға байла­­­нысты «Азына» деген белгілі күйін шы­ғар­­­­ған. 1849 жылғы Қарқаралы ауда­­нында аға сұлтандыққа өтетін сайлауда басты кандидат Тәттімбет еді. Өйткені ол қай жағынан болса да, басқа үміткер­лерден оқ бойы алда тұрған. Бірақ Ом­быдағы генерал-губернатордың Тәттім­беттің кандидатурасын өткізбей тас­­­­­­­­­­­тауы­­ның басты себебі – оның Кене­сары ханмен тығыз байланыста болғаны. Тәттімбет қазақ жерінде ал­­­­­ғашқылардың бірі болып, кен өңдей­тін зауыт ашқан. Архив құжат­тарына сәйкес, 1856 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Х.Гас­фортқа және Алтай тау-кен зауыты­ның басқармасына хат жолдап, алтын кен орындарын барлауға рұқсат сұрайды. Осыдан кейін Батыс Сібір генерал-гу­­бернаторы кеңсесінде алтын кен орын­дарын барлаушы Тәттімбет Қазан­ғаповқа арнайы іс ашылады. 1856 жыл­дың 13 тамызында Ресей импе­риясының қаржы министр­лігінен, Тәт­тімбет Қазанғаповқа Орта­лық Қазақ­­­­­­­­­­станда алтын және басқа да бағалы металдарды барлауға және өң­деуге рұқсат қағаз келеді. Бұл рұқсат қағазды Тәттімбетке Томск қаласында орналас­қан Алтай тау-кен зауыты бас­қарма­сының төрағасы арнайы өзі келіп тап­сырған. Өмірінің соңына дейін Тәт­­­­­­­­­­­­тім­бет өз атағын одан сайын асқақ­тат­қан әрі сол кездегі басқа да қазақ зия­лыларына үлгі боларлық осы кәсіп­пен айналысқан.

Бүгінде Тәттімбет атында ұлт ас­паптар оркестрі, өнер кол­леджі, ес­керткіштер, көше бар. Бірақ халық күй­шінің басқа қыры, металлургия са­ла­­сын­дағы еңбегін біле бермейді...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ