«Қонаев дәуірі» – бес сериялы деректі фильм. Фильмді түсірген – Бостон университеті, Коммуникация мектебінің магистрі Әлия Әшім. Деректі фильм 1960-1989 жылдары аралығындағы қазақ тарихының қалыптасуы, биліктегі номенклатураның орнығуы мен өнер-мәдениетіміздің қалыптасуы төңірегінде өрбиді.
Әлия Әшім: Тарихи тұлғаларды қалай танимыз?
6,247
оқылды

Өткен кезең арқылы елдің трансформациясын, дамуын көрсетуге тырысқан. Youtube-тың Q.rec productions арнасында көрсетілген фильмді тамашалағандар өте көп. Деректі фильмді түсіруге не түрткі болды? Біздің білгіміз келгені де осы. 

– Әлия, ұстазымыз, белгілі жазушы Серік Әбдірайымов өмірінің соңында Қонаев туралы бірнеше кітап жазды. Ол кісінің: «Қонаев туралы кейбір деректер уақыт өте келе айтылатын болады» деп айтқаны бар еді. «Қонаев дәуірінде» қандай жаңа деректер таптыңыздар?

– Біздің формат – деректі фильм. Бізге керегі сол дәуірдегі бейнежазбалар болды. Әрі сол жазба төңірегінде айтып беретін тарихшыларды іздедік. ХХ ға­сыр­дың 60 жылдары өмір сүрген қайрат­кер­лердің арасында көзі тірісі аз. Ал Серік Әбдірайымовтың не айтқанын білмейміз, ол кісі биліктегі талас-тартысты айтса, біз оны барынша ашық көрсеттік деп ойлаймын. Ешқандай цензурасыз шықты, ешкім бізге нақты тапсырма берген де жоқ. Қонаев тұлғасы қандай, объективті түрде беруге тырыс­тық. Деректердің көбін архивтен алдық. 

– Дінмұхамед Қонаев дәуірі – қазақ тарихының бір белесі. Бұл тақырып не үшін қызықтырды?

– Біз – Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген ұрпақпыз. Біз мектепте оқыған Қазақстан тарихын көрсеңіз, онда Қонаев туралы да, оның дәуірі туралы тым қысқа берілген, ары кетсе, екі-ақ бет. Ол кезеңдер туралы да көп жазыл­маған. Былай қарасаңыз, ол кісі – би­лік­те отыз жылдай отырған адам. Отыз жылдық дәуір туралы екі бет жазу деген – нонсенс. Ежелгі дәуір тарихы тура­лы көп оқыдық, білдік. Бірақ Қонаевты жұрт жақсы біледі, құрметтейді, аңыз қылып айтады. Әсіресе, үлкен буын, әке-шешеміз, ата-әжелеріміз құрметпен айтып отырады. Бірақ ол да адам баласы ғой. Адам болған соң, кейде дұрыс шешім қабылдайсың, кейде дұрыс емес шешімдер айтылады. Сондықтан мен ол кісі туралы тереңірек білгім келді. Шын мәнінде, ол – кім? Ең бірінші, осы сұрақтың жауабын іздеуге ұмтылдым.

– Тарихи тұлғалар өте көп. Таңдау неге Қонаевқа түсті?

– Бұл сауалдың туғанына үш-төрт жыл болған шығар. «Болашақпен» оқып келгеннен кейін осындай күрделі тақырыптар мені қызықтыра бастады. Бірақ мен деректі фильм түсіремін деп ойлаған жоқпын. Әуелі ол кісі туралы жазылған көркем дүниелерді, сосын ол кісінің мемуарын оқи бастадым. Ол шығармалардың барлығын дерлік қазіргі Z буын бірден түсінуі оңай емес. Тіпті, өте қиын жазылған. Соған қара­мастан, толық деректі дүниелердің бә­рін оқуға тырыстым. Оқып отырып, ол кісі айтқан әр фамилияға жеке-жеке тоқталуға тырыстым. Мәселен, ҰҚҚ қызметі пәленше пәленшеев деп тұрса, соны Гуглға салып, іздеп көріп, жеке қағазыма түртіп отырдым. Тәшенов, Камалиденов, Әуелбеков... Тағы сол сияқты фамилиялардың бәрін түртіп отырдым. Осыдан барып менде жеке картина қалыптаса бастады. Тіпті, кейбір есімдерді білмек түгілі естімеген екенмін. Бұл есімдер тарихи оқулық­тарда болған да жоқ. Олар қазақтың сол бір дәуірінде маңызды шешімдер қа­был­даған азаматтар болса, ол неге оқу­лыққа енбеген? Осылай-осылай есім­дер­ді жинақтау арқылы сол замандағы жүйені түсінгендей болдым. Толық отыз жылдың картинасын қалыптастырмасам да, шет жағасы миға сіңе бастады. Ме­нің мақсатым – осы өзім оқыған, түсін­ген, жадыма қабылдаған дүниелерді Z ұр­паққа көрсету. Олардың әрқай­сы­сынан «сен білесің бе?» деп сұрап отыра ал­майсың. 

– Деректі фильм түсіруге қанша уа­қыт кетті?

– Бір жылдай жинақтадық десек те бо­лады. Архивке отыруға көп уақыт кет­­ті. Сәуле екеуміз бірігіп, жан-жақты де­ректер жинай бастадық. Мәскеуде съезд өткені туралы құжатты табасыз. Оның сценографиясын түгел тыңдап шығу керек. Тәшенов пен Қонаевқа қатысты кей деректерде әр тарихшы өз нұсқасын айтады. Мәселен, оңтүстіктің кей аудандары Өзбекстанға берілгені туралы құжаттар бар. Ол құжатқа кім қол қойды? Сол кездегі Жоғары кеңес­тің депутаттары қолдады ма? Сол ви­део­ларды іздедік. Онда кімдер бар? Кімнің түр-тұлғасын таныдық? Әр айтылған тезистерге дәлелдер іздеу уақыт алады. Ал құр видеоны тауып, оны құрастыра салу қиын емес.

– Сол замандағы бейне жазбалардың бәрін архивтен алдыңыздар ма?

– Біз ол жазбалардың барлығын сатып алдық. Мәскеуде бір минуттық видео 25 мың теңге тұрса, еліміздің ар­хив­терінде 6 мың теңгеге шықты. Хру­щев, Горбачевтің видеоларын Мәскеу­ден алдырдық. 

– Кез келген тарихи тұлғаны жазу үшін авторлық құқықты сақтау керек. Бұл тұрғыда сіздер кімнен рұқсат ал­дыңыздар?

– Ол кісінің бүкіл мұрасы архивке өткізілген. Қонаев қоры архивке толық кіруге мүмкіндік берді. Негізінен, Қонаев қорының сайтын ақтарсаңыз да, біраз құнды деректер бар. Тек құжат­ты өңдейтін документалистер аз. 

– Кез келген жобаны қолға алу үшін қаражат керек. Деректі фильмді түсіру де қаржыға тірелетіні белгілі. Демеуші таптыңыздар ма?

– Бізге ешкім демеуші болған жоқ. Сол үшін де жоба бір жарым жылға созылды. Өйткені архив құжаттарын сатып алуға да қаржы керек болды. Сәуле Темірбаева екеуміз тапсырыс алып, содан түс­кен ақшаны осы деректі фи­льмге жұмсап отырдық. Тап­сырыс деген – текст жазамыз, фильм түсіріп береміз. Сосын біздің командада 15 жастағы жасөспірімдер де болды. Олар «Ракурс» дейтін фильм мектебінде оқиды. Біздің деректі фи­льм бес сериядан тұ­рады. Алғашқы серияда миф пе, ақиқат па, соған тоқталдық. Сөйтіп, кезең-кезеңімен дайындап шықтық. 

– Деректі фильм YouTube арнасы арқылы таралып кетті. Оны сатуға мүм­кіндік болмады ма?

–Бізде сатамыз деген мақсат болған жоқ. Иә, рас, сатып алғысы келгендер болды. Тіпті, өз ақшасын ақтайтындай да ұсыныстар жасағандар бар. Біздің YouTube арнаның мақсаты – саяси оқи­ға­ларды жеңіл тілмен көрерменге ұсы­ну. Егер біз басқа медиа арнаға берсек, ол жерде жаңалықтар, сұхбат, мақалалар бар. Оның үстіне, біздегі YouTube арналардың бағыты белгілі: екі адам отырып алып, подкаст жасайды. Біз таза тарихи маңызды дүниелерді жеңіл тілмен жаңа стильде түсіндіруді көз­дедік. Netflix-те эксплейнер деген стиль бар: құжаттармен түсіндіреді. Біздің де бағытымыз – осы. Сондықтан сатып жіберуге де болар еді, бірақ оған формасы келіңкіремейді. Тағы бір дү­ние – аудитория. Көпшілік хабарлардың көрермені – 40-50-жастан асқандар. 17 мен 40-тың арасындағылар не көреді? Бұл арадағы кеңістік бос жатыр. Біз ау­диторияны көп зерттей бермейміз. Қа­зір қарасаңыз, деректі фильмге пікір жа­зып жатқандар да солар. Сол пікір­лерді көргенде көңілім толады. 

– Бір тарихи тұлғаны зерттей отырып, ашқан жаңалығыңыз не болды?

– Қонаев – нағыз коммунист болған адам. Кеңес одағында қызмет етті. Қыз­мет етпеуге мүмкіндігі жоқ еді. Өйткені қоғам сондай болды. Біз тәуелсіз мем­лекет болған жоқпыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың естелігінде кейбір жәйттер бар. Екеуі бірде ұшақпен ұшып келе жатқанда Қонаев иллюминатордан төменге қарайды да, ұланғайыр жерді көріп, «Қарашы, қазақтың жері қандай кең байтақ! Осының бәрі өзіміздің тәуелсіз жер болғанда» дейді. Қартайған шағы ғой. Мен осы бейнекөрініс арқылы партиялық шенеуніктен өзінің ұлттық болмысына оралған адамды көрдім. Қайтыс боларының алдында республиканың түкпір-түкпірін көп аралады. Шабдарбаевтың да естелігінде бар: Желтоқсан оқиғасында қазақ жастарының «Қонаевты шығарыңдар» деген сөзін естігенде көзіне жас алды дейді. Ол –өмірі жыла­маған адам. Тіпті, үстінен қылмыстық іс қозғалды дегенді естігенде де мыңқ етпеген. Элдар Қонаев айтады: жүрегі ауырып, қатты шаншып кеткен­де үстінен жұдыры­ғымен ұрып отырады екен. Яғни, ауруды аурумен басу үшін. Сол үшін де көр­кем фильм түсіргім келді. Деректі фи­льмде оның эмо­ция­сын көрсете ал­май­сың. Иә, біз көп көркем фильмде кей тұлғаларымызды тым идеал қылып көр­сет­кіміз келіп тұ­рады. Мен керісінше, азаматтық келбетін көр­сетсем деймін. Кемшілігін, қателігін, ар­тық шешімдерін, дұрыс іс-әрекет­терін, қасиетін, болмысын көрсе дедім. Өйткені ол да адам ғой, кемшілігімен, қателігімен бірге қабылдағанымыз жөн. «Қыз Жібек» фильмі, «Көшпенділер» трилогиясы, қаншама театрларымыз дүрілдеп тұрды, «Аз и Я» кітабының шығуына ерекше еңбек сіңірді. Бірақ республикада қазақ тіліндегі мектептер азайды. Есесіне ауылдардың өзінде орыс мектептері ашылды. Бір Алматы­ның өзінде жалғыз мектеп қалған. Көрдіңіз бе, бір-біріне кей шешімдері қарсы келіп жатты.

– Келесі тақырып қандай болмақ?

– Біз «Желтоқсанды» түсірдік. Бұл де­ректі фильм емес. Репортаж жан­рында түсірілді. Одан кейін орыстан­дыру саясаты туралы репортаж жасасақ деген ой бар. Келесі жылы «Семей полигоны» туралы Netflix-ке питчинг жасағымыз келеді. Бірінші мақсат – арна ашу болғанымен, Netflix-те қазақ­ша дүниелердің болғанын қалаймыз. Тіл білеміз, «Болашақпен» оқып келдік. Қазақ тарихын біз түсіріп көрсетпесек, айдаладағы шетелдік қайдан түсінеді? 

– Иә, «Болашақпен» Америкада оқып келгеніңізді білеміз. Сізде де әлі «аме­рикалық арман» бар ма?

– Менде шетелге баруға мүмкіндік жетеді. Тіпті, визам да бар. Бірақ өзімді шетелге қажетпін деп санамаймын. Америкада жақсы өмір сүруге болады. Мендегі мақсат біреу ғана: ол – осы елге пайда тигізу. Яғни, қазақ туралы дүниелерді өзгелер де білетіндей деңгейде фильм түсіру. 

– Қазір YouTube арна көп. Қанша көп болса да, қазақша контенттердің сапасы сын көтермейтін сияқты. Неге біз Қанат Бейсекеевтің не болмаса Тимур Балым­бет­овтің арналарын жиі тамашалаймыз?

– Өйткені қазақ тілді арналарда хейт тақырыптар көп. Кім көбірек айғай­лайды, сол өтімді. Тіпті, үлкен кісілер сондай арналарды жақсы көреді. Ке­рісінше, мен айтқан буын салмақты, айтар ойы бар бағдарламаларға мұқтаж. Сондықтан да Бейсекеев пен Балым­бетовті көруге тура келеді. Орыс тілді бағдарламалардың өтетін тұсы: спикер көп. Үлкен картиналарды көргіміз келеді. Бірақ оған қазақ тілді спикер таппаймыз. Мәселен, кешегі «Қонаев дә­уірінде» де орыстілді спикерлер кө­бірек таптық. Кеңес одағын зерттеген ғалымдар көп. Олардың дені – орыс­тілді.

– Оныңыз рас. Әңгімеміздің түйінді тұсында жаңа жобаларыңа сәттілік тілеуге рұқсат еткейсіз! Еңбектеріңіз жана берсін!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС