Бірақ өмір болған соң бәрі бірдей бір орында тұрмайтыны белгілі. Әкесі өмірден ерте озған балаларға қайтпек керек? Жақында атыраулық еріктілер «Менің тәлімгерім» жобасын іске қосты. Жобаның авторы Сандуғаш Көкенованың айтуынша, мақсат – әкесі өмірден өткен балалардың тәрбиесіне әке тәлімі арқылы атсалысу.
«Тарихты қарап отырсақ, бала тәрбиесіндегі әке тәлімінің орны ерекше болған. «Әке көрген оқ жонар» демекші, атбегілік, құсбегілік, қолөнер сияқты ерекше ептілікті қажет ететін дүниелерге кезінде балаларын әкелеріміз баулыған. Ұлы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы абыз ақсақалдарға «сәлем беріп келуге» жіберулерінің өзінде үлкен мән жатыр. Әкелер ұлын сынап отыру арқылы, көп тәрбие берген», – дейді Сандуғаш Көкенова.
Айтуынша, жобаға 7-12 жас аралығындағы балаларды іздеп тапқан.
«Жобаның жүзеге асуына жергілікті «Азаматтық орталық» мекемесі атсалысты. «Менің тәлімгерім» жобасына өмірден өз орнын тапқан, 10 азаматты таңдап алдық. Олар 2,5 ай бойына қамкөңіл балалармен бірге болып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Әкеден айырылып, жүрегі жараланған балалар осы қысқа мерзім ішінде жаңа орта, жаңа дос тапты дейді», – жоба авторы.
«Менің тәлімгерім» жобасына қатысқан әкелердің қатарында оқу орындарының басшылары, мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер де бар. Ақын, қоғам белсендісі, жеке кәсіпкер Арман Жайық – осы жобаға қатысқан әкенің бірі. Арман Жайықтың өзі – төрт баланың әкесі. Қазір ол әкесі көз жұмған Жақсыбек есімді 8 жасар балаға тәлімгер болып жүр.
«Ер баланың қоғамда өз орнын тауып, лайықты азамат болып ер жетуіне әке тәрбиесінің ықпалы ерекше. Мақсатымыз – жалғызбасты ана тәрбиелеп отырған балаға әке жылуын сезіндіру болды», – дейді Арман.
Бастапқыда Арманды кішкентай Жақсыбек тосырқай қабылдаған. Әлеуметтік жобаның не екенін түсіне қоймаған бала жаңа «әкесіне» үйрене қоймапты.
«Суыртпақтап отырып, сөздерін әрең суырып алатынмын. Қазір үйренісіп кеттік. Күнінің қалай өткенін, сабақта не істегенін әңгімелеп береді. Өзімнің төрт балам үшін бұл жаңалық болмады. Себебі үйге жетім балалар көп келеді. Мұндай көңілі жарым балаларға әуелден есігім ашық», – дейді Арман.
Жақсыбекті Арман әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың «Мәншүк: мұз бен жалын жыры» және «Неизвестная война. Мәншүк» кітаптарының таныстырылымына апарған.
«Кезінде көнекөз қарияларымыз тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айту арқылы, қазақтың маңдайына біткен кең де, дархан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігін бала жүрегіне жеткізе білген еді. Абыз ақсақалдарымыздың деңгейіне жете алмасақ та, рухани демалыстарға көп көңіл бөлуімнің мәні осында еді. Яғни, бала туып-өскен елінің тарихымен сусындай алуы керек. Тіпті, қазірдің өзінде біздің рухани демалысымыз жалғасуда. Біз Жақсыбекпен сенбі, жексенбі күндері кездесіп тұрамыз. Алға қарай осы баланың ер жетіп, отау құрғанға дейінгі өміріне де араласып, барынша қолдау білдіргім келеді. Ең болмағанда бір арманының орындалуына себепші болсам екен», – дейді Арман.
«Бұқар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын-тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» дейді. Яғни, бұл жерде жырау әке тәлімін көріп өскен баланың әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез келген қамалды бұзуға дайын болатынын айтып тұр. «Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» дейді. Яғни, бұл жерде әкесіз өскен баланың жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Сондықтан бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын білгеніміз жөн» деген Арман қысқа мерзім ішінде Жақсыбекке әбден бауыр басып қалғанын айтты. Төрт емес, енді бес баланың тағдырына жауапкершілік алып отырған Арман әке тәлімін насихаттау бір жоба шеңберінде аяқталмауы керек екенін айтады.
Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі. Міне, осы бір ғана мысал – әке мектебінен өткен баланың сол мұраға қиянат жасамауға тырысатынын паш етіп тұр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА