«Әпке» драмасы – белгілі жазушы Дулат Исабе­ковтің қарымды қаламынан туған таңдаулы шы­ғар­ма­ларының бірі. Бүгінде аталған драма телехикая ре­тінде көгілдір экран арқылы көрерменге жол тапса, ұлы өнер – театр әлемінде қойылым күйінде келу­ші­лер назарына ұсынылып жүр.
«Әпкенің» айтары бар
3,288
оқылды

Арадан қаншама жыл­дар сырғып өтсе де шығарма маңызы мен өзектілігін жой­ған жоқ. Күлдіріп отырып жылататын шығарма осы уақыт аралығында халықтың жоғары бағасын алып үлгерді.

Соның бір дәлелі – «Әпке» драмасының премьерасын та­ма­шалауға келген көрерменнен залда ине шаншар орынның бол­мауы. Ғабит Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен премьера жазушының осы бір шығармасына негізделген. Театр ұжымы драманы жаңаша нұсқада сахналады. Қойылым режиссері таяуда ғана өткен І Республикалық жастар театр­лары фестивалінде «Үздік ре­жис­сер» марапатына ие болған талант – Мейрам Хабибуллин. Қоғам мен адам санасы өз­герісінің ұлттық құн­ды­лықтарға тигізген ықпалы атал­ған қойы­лымда көрініс та­бады. Жас­тайынан ата-ана­сы­нан айы­рылып, жетім қалған балалардың тағдыры көрермен жүрегін елжіретпей қоймасы анық. 

Премьераны тамашалауға келген қадірлі қонақтардың арасында шығарма авторы Ду­лат Исабеков те болды. Қойы­лым аяқталған соң жазушы сахнаға көтеріліп, арнайы сөз алды. Шығарманы жазу тари­хын бөлісіп, өткен шақты есіне алды. Режиссер мен актерлік құрамды премьерамен құттық­тап, шығармашылық жолында сәттілік тіледі. Алайда автордың айтар сыны да жоқ емес. Қо­йылымдағы басты кейіпкердің көркемдік деңгейі тұрғысынан ескертпелерін жеткізді. Ал кеш аяқталып, шымылдық жабыл­ған соң режиссердің пікірін білу үшін сахна сыртына іздеп бардық. Мейрам Хабибуллин автор тарапынан айтылған сынның орынды екенін айтады. Заманауи нұсқада ұсынылған қойылымда тиісінше бүгінгі қоғам мәселелерін көрсетуге тырысқанын алға тартты.

– Сынды қабылдаймын. Ду­лат ағамыздың пікірін түсінуге болады. Себебі драмада өзінің басынан өткерген тарихы, әп­ке­сінің өмірі баяндалған. Шы­ғар­ма осыдан 46 жыл бұрын жа­­зылыпты. Ал қойылымға ке­­лер болсақ, қазір аутизмге шал­дыққан қаншама балалар бар. Бүгінгі қоғамның мәселе­лері неде жатыр? Біз елемей жүрген дүниелер қандай? Қо­йы­лымдағы Ермектің образын болып жатқан оқиғаларға өз көз­қарасымен қарайтын, айна­ла­дағы көріністі өздігінен баға­лайтын кейіпкер ретінде алып шығуға тырыстым, – дейді ре­жис­сер М.Хабибуллин.

Шығармадағы басты кейіп­кер Қамажайдың рөлін сомдау­шы театр актрисасы – Динара Шымырбаева. Актрисаның сөзінше, өзіне бекітілген басты кейіпкердің образы болмысына жақын болыпты. Дайындық барысында режиссердің актер­лерге еркіндік бергенін, соның арқасында кейіпкердің ішкі күйін сезіне отырып жұмыс іс­те­генін атап өтті.

– Қойылымға дайындық тамыз айында басталды. Оның ара­сында түрлі іс-шараларға қа­тысып тұрдық. Бірақ соған қарамастан дайындықты үзбеу­ге тырыстық. Дайындық кезінде режиссермен жұмыс істеген ұна­ды. Режиссердің актерлер­мен жұмыс істеуі, оларға еркін­дік бере білуі, қойылымды қою­дағы еңбегі жоғары болды деп айта аламын. Барымызды салып, рахаттана жұмыс істей алдық. Әпке образы табиғатыма өте жақын. Себебі отбасымызда мен де үйдің үлкенімін. Өзім­нен кейін екі бауырым бар. Қа­мажай сияқты артындағы бауыр­ларына қарайлап, жеке ба­сының мүдде­сін шетке ысы­рып қойған жан­дар қаншама. Қа­зақ әйелінің болмысына тән қа­сиеттерді осы әпкенің бойы­нан табуға бо­лады, – дейді ол. Ал актриса ав­­тор тарапынан ай­тылған сын­ды қалай қа­был­дайды?

– Дулат ағаның айтқаны да жөн шығар. Өйткені бұл – Дулат ағамыздың жүрек түк­пірінен шыққан туынды. Өзінің әпкесіне арналып жазылған шығарма болғандықтан, осы қойылымнан әпкесі мен бауыр­ларын іздеуі орынды деп ойлай­мын. Айтылған сынды қабылда­мауға құқығымыз жоқ. Енді сын­ның барлығы уақыт өте келе өз қалпына келеді деп ойлай­мын, – деп сөзін түйіндеді Д.Шымырбаева.

Естеріңізге салайық, «Әпке» драмасының кезекті қойылымы 7, 8, 23 желтоқсан күндері сах­на­ланады.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы