Қаржылық сауаттылық, қаржы­лық білім берудің үздіксіз процесі ар­қылы іске асырылады. Ол ха­лық­тың хабардар болуын, қаржылық білімі мен дағдысын, жеке немесе отбасы­лық бюджетті басқару бойынша дұрыс әрі сараланған шешімдер қабылдауға көмек­тесетін әрекет ету модельдерін жақсартуға бағыт­талған.
Декларация тапсыратындар қатары 300 мыңға көбеймек
892
оқылды

Мемлекеттік әлеуметтік-экономика­лық саясаттың элементі ретінде, қаржы­лық сауаттылық азаматтардың әл-ауқа­ты­ның және тұрмыс сапасының жақса­руына әкеледі, тұтынушыларға арналған ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтеді, сондай-ақ халықты қаржылық көрсе­тілетін қызметтермен барынша қамтуды және олардың қолжетімділігін қамтама­сыз етеді. Халықтың қаржылық сауат­тылығы деңгейінің жоғары болуы азамат­тардың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға, жеке инвесторлар қаражатының ел эко­номика­сына құйылуына, қаржы нарық­тарында бәсекелестіктің дамуына, қар­жы­лық тұрақтылықты нығайтуға және қо­ғамның әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Сондықтан халықтың қаржылық сауат­­тылығы өте маңызды. Өкінішке қарай, халықтың көп бөлігі әлі күнге дейін қаржылық сауаттылығы төмен екенін жасыра алмаймыз. Оның салдары көптеп байқалуда. Тұрғындар кірістері мен шығыстарын есептей алуы керек. Қаржылық сауаттылық деңгейінің тө­мендігі біздің елде ғана емес көптеген мем­лекетте де бар. Оның салдары халық­тың борыш жүктемесінің ықтимал өсуі, экономикалық өсу қарқынының төмен­деу және халықтың тұтас қаржы жүйесіне деген сенімінің төмендеуіне алып келеді.  

Қаржылық сауаттылықтың бір тармағы – салықтық сауаттылық 

Осынау мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қау­лысы жарияланған. 

Онда қаржылық сауаттылықты арт­тыру саласында үздік нәтижелерге қол жет­кізу аясында бірқатар бөлім қарас­тырылған. Біз соның бірі салықтық сауат­тылыққа тоқталсақ.  Аталған бөлімде, «Ха­лықта мемлекетке және қоғамға са­лық төлеудің маңыздылығын түсінуді және өздерінің салық төлеу құқықтары мен міндеттерін білуін қалыптастыру, салық жүйесі мен салық органдарына деген сенімді арттыру, бұл жиынтығында азаматтардың салықтық мәдениетін білдіреді», – делінген. 

Ал салық – кез келген өркениетті мемлекеттің кіріс көзі. Әлемдік тәжірбие көрсетіп отырғандай салық пен несие қаржы жағынан реттеуді ұштастырып, нарықтық экономиканы басқарудың анағұрлым тиімді түрі болып саналады.

Елімізде заман ағымына орай  салық төлеудің тәртібі, түрі өзгеріп тұрады. Мә­селен, 2021 жылдың 1 қаңтардан бастап Қазақстанда төрт кезеңнен тұратын жалпыға бірдей декларациялау енгізілгені баршамызға белгілі. Яғни,  бұл жеке тұл­ғаның кірістері мен мүлкі туралы дек­ларациялар.   

ҚМ Түркістан облысы бойынша, Мемлекеттік кірістер департаменті Өнді­рістік емес төлемдер басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов жергілікті халық білуге тиіс декларациялаудың кезеңдері және оның өңірдегі орындалуы барысы туралы толығырақ айтып берді.

Мейрамбек  Байқадамұлының ай­туынша, 2021 жылғы 1 қаңтардан бас­талған Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңіне декларациялауға жауап­ты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары, мем­ле­кеттік функцияларды орындауға уәкі­леттік берілген адамдар және оларға теңес­тірілген адамдар мен олардың жұ­бай­лары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциялық заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңдарына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген тұлғалар қатарына жатады.

Жалпыға бірдей декларациялаудан ешкім қалыс қалмайды

Ал биыл жыл басында басталған  екінші кезеңде аталған декларациялауға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары мен квази­мемлекеттік сектор субъектілерінің жұ­мыскерлері және олардың жұбайлары қосылды. Енді келер жылы, яғни 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қо­сылатын үшінші кезеңде декларациялауға жататын тұлғалардың қатарына заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшы­лары (қатысушылары) және олардың жұбайлары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары кіреді. 

 Сондай-ақ төртінші кезең де, яғни 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап декла­рациялауға 18 жасқа (кәмілет жасына) толған  және халықтың қалған санаттары енеді. 

«Жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты әлеуметтік саясатты же­тілдіру, көлеңкелі экономиканы қысқар­туды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқор­лық деңгейін төмендету, бюджетке қо­сымша түсімдерді қамтамасыз ету. Жалпыға бірдей декларациялауға кіру кезінде жеке тұлғалар декларацияның өзінен және оған алты қосымшадан тұратын жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны («кіру» декларациясын, 250.00-нысан) ұсынуы қажет. Содан кейін «кіріс» дек­ларациясын тапсырғаннан кейін, келесі жылдан бастап жыл сайын кірістер мен мүлік туралы Декларацияны (270.00 - нысан) ұсыну бойынша міндеттеме пайда болады», – деп түсіндірді Мейрамбек Көкенов.

Басқарма басшысының айтуынша, кірістер мен мүлік туралы декларацияда есепті күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, салық шегерімдері, мүлікті сатып алу және (немесе) иеліктен шығару туралы мәліметтер, Қазақстан аумағынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша сондай-ақ елден тыс жерлердегі мүлік көрсетіледі.

Кірістер мен мүлік туралы декла­рацияны «салық төлеушінің кабинеті"» (kgd.gov.kz), Е-Salyq Аzamat мобильдік қо­сымшасы, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдарына келу тәртібімен қағаз жеткізгіште не ХҚКО-ға жіберіледі немесе пошта арқылы жіберіледі. 250.00-нысан және 270.00 - нысандағы декларацияны қағаз тасы­ғышта тапсыру мерзімі – әр жылдың 15 шілдеден кешік­тірмей, электрондық түрде –15 қыркүйек­тен кешіктірмей жолдау керек. 

«Келесі жылдан бастап декла­рация­лаудың үшінші кезеңі басталады. Актив­тер мен міндеттемелер туралы кіріс дек­ла­рациясын заңды тұлғалардың басшы­лары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары; жеке кәсіп­керлер және олардың жұбайлары ұсынады – деп қосты Мейрамбек Көкенов.

Биыл облыста 268 мыңнан аса адам декларация тапсырды

2021 жылы кезеңінде Түркістан облысында 18 мыңнан астам жеке тұлға, яғни мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары декларация тапсырған. 

Ал екінші кезең 2023 жылы басталып,  және жалпыға бірдей декларациялау жү­йесіне квазимемлекеттік сектор, мәде­ниет қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігер­лер, спортшылар және олардың жұбай­лары кірді. Түркістан облысы  бойынша декларацияны 268 мыңнан астам тұлға тапсырды. 

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде, яғни 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, декларацияны ұсыну бойынша міндеттемелер бизнес өкілдері мен олардың жұбайларында, заңды тұлға­лардың басшыларында, құрылтайшы­ларында (қатысушыларында), жеке кә­сіп­керлерде туындайды. «Бұл ретте, бұл міндет «әрекетсіз» мәртебесі бар жеке кәсіпкерлерге және ЖШС басшыларына (құрылтайшыларына) да қатысты болады. Яғни, қолданыстағы немесе әрекетсіз­дігіне қарамастан, 2024 жылдың 1 қаң­­­та­рын­­дағы жағдай бойынша Қаржы ми­нистрлігінің Мемлекеттік кірістер ко­митеті базасында тіркелген барлық ЖК және заңды тұлға декларациялануға жатады». Осылайша, Түркістан облы­сында 3-ші кезеңде декларацияланатын тұлғалар саны 300 мың болмақ.

Соңғы 4 кезең, 2025 жылғы 1 қаңтар­дан бастап, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне толық кіру, яғни кәмелет жа­сына толған  1 миллион 300 мыңға жуық Түркістан облысы тұрғыны табыс етілуі күтілуде.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы.