Игі істерді атқаруда «Жастар рухы» Жастар қанатының қатарындағы әрбір рухты волонтер алда тұрады.
«Жастар рухы»: Волонтерлер еңбегі еленеді деп сенеміз
1,186
оқылды

Волонтерлер қарттарға қол ұшын созу, көше сыпырушы азаматтарға көмек көрсету, төтенше жағдай кезінде алдыңғы қатардан табылу, халыққа гуманитарлық көмек үйлестіру немесе апат болған орынды қалпына келтіру, вандалдар қалдырған суреттерді жойып, тарихи ескерткіштерді тазалау, полиция қызметкеріне серік болып, қоғамдағы тәртіп сақтауға шақыру, қараусыз қалған жануарларға пана табуға жәрдемдесу секілді істің басында жүретін жастар.

Аталған игі істерді атқаруда «Жастар рухы» Жастар қанатының қатарындағы әрбір рухты волонтер алда тұрады. Оқу немесе жұмысымен волонтерлік істі қатар алып жүрген рухтастар кеше ғана  бастау алған «Волонтер болу оңай» республикалық апталығына қосылды.

Волонтерлердің атқарып жатқан істері мен ізгілікке толы жұмыстарын тек мереке кезінде ғана емес, жыл бойы жадымыздан шығармай, оларға тиісті құрмет көрсетуіміз керек,  дейді «Жастар рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова.

«Күнделікті өмірде, қоғамдық қызметте волонтерлер тарапынан көрсетілетін көмек үлкен рөл атқаратынын есімізден шығармауымыз керек. Жастар қанатының кез келген өкілі немесе белсендісі қызмет жолын волонтер болудан бастады десем қателеспеймін. Мектеп оқушысынан бастап қарияларымызға әрқашан қол ұшын созуға ұмтылып тұратын біздің рухтастар бойына мейірімділік, адалдық, еңбекқорлық секілді қасиеттерді жинаған. Жастар қанаты еліміздегі  көп  жастың басын қосқан ұйым ретінде өз қатарындағы рухты волонтерімен мақтанады. Волонтер болу оңай, ол біздің әр өнегелі ісімізде көрініс тапқан. Сондай-ақ  ол жас таңдамайды»,  дейді Ақерке Искандерова.

«Волонтер болу оңай» республикалық апталығы аясында Жастар қанатының волонтерлері кеше Шымкент қаласында «Мен донормын» акциясын өткізді. Онда 70-ке жуық жас қан тапсырып, адам өмірін арашалауға атсалысса, бүгін Атырау, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстары мен Астана қаласында «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында  қарттарға көмек көрсету, ауласын қардан, қоқыстан тазарту бойынша акция өтіп жатыр. Онда 100-ден астам волонтер жұмылдырылып, 20-дан астам қартқа көмек көрсетілді.

Атаулы апта шеңберінде өскемендік рухтастар бүгін «Үміт» балалар үйінде болып, бүлдіршіндерге көңіл күй сыйлап қайтты. Ал павлодарлық волонтерлер «ТазаLike» экологиялық жобасы барысында  вандализммен күресті жалғастырып, бұзақылардың қолынан бүлінген қоғамдық орындарды тазалауда. Олар қала азаматтарын вандализммен күреске шақыруда тұрғындар көп өтетін жерасты жолында лозунгтер жазылған плакаттар орнатты. Осылайша, «Шығармашылығыңды шашпа!», «Талантыңмен таныл!» сөздерімен  қоғамдық орында сурет салмауға шақыруда.

«Жастар рухы» өкілдерінің айтуынша, олар вандализммен күресіп, қоғамдық тәртіпті реттеуге бұған дейін кірісіп кеткен.

Мәселен, «Қауіпсіз қоғам» акциясы аясында Полиция департаменттері мен волонтерлердің араласуымен құқықтық тәртіпті сақтау бойынша 8 300-ден астам құқықбұзушылық анықталған, 374 бірлескен акция мен рейд  өткізілді. Сондай-ақ 500-ден астам тарихи, мәдени және табиғи мұраны, ескерткіштерді вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акция басталған. Оған 1 500-ден астам волонтер қатысуда. Қазір  қала, аудан ішінде вандализм іздерімен күресу жұмыстары жүргізілуде.

«Ал «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында  синтетикалық есірткі жарнамасы бар 5 мыңнан астам граффитиді жойдық. Оған мыңнан астам еріктілер қатысты», дейді Жастар қанатының өкілдері.

«AMANAT» партиясының жастары елімізде болған төтенше жағдайлар кезінде алдыңғы шептен табылғанын да ерекше атап өту керек. 2019 жылы Арыс қаласында жойқын жарылыс болып, ел әбігерге түсті. Төтенше жағдай болған күннен бастап «Жастар рухы» Жастар қанатының волонтерлері барлық аймақтарда гуманитарлық көмек қабылдау пункттерін ашты. 750-ден астам ерікті Арыс қаласының эвакуацияланған тұрғындарын тіркеу және орналастыру, жоғалған балаларды іздестіру, гуманитарлық көмекке жататын тауарларды түсіруге қатысты. Жалпы саны 450 тонна гуманитарлық көмекті волонтерлер қоймаларға жайғастырды.

Ал әлемді есеңгіреткен індет кезінде Қазақстанның оңтүстік аймағындағы Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекенді су алып, республикалық көлемнен бөлек, өңірлік техногенді төтенше жағдай жарияланды. Осы сәтте «Жастар рухы»-ның 500 волонтері Мақтаарал ауданында тұрғындарды эвакуациялауға қатысты. Су астында қалған үйлерді қалпына келтіруде еріктілер аудан халқына көмек көрсетті. Құрылыс материалдарын жеткізіп, 1 000 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті халыққа таратты.

Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы әлемде болған коронавирус пандемиясы кезінде  BIZ BIRGEMIZ  жалпыұлттық акциясы бастау алды. Акцияға республика бойынша 5 000 волонтер жұмылдырылды. Волонтерлердің атсалысуымен   320 000-ға жуық отбасы азық-түлік себеттерімен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Тұрмысы төмен 100 мың отбасына 5 миллион  тегін бетперде таратылған екен.

«Жастар рухы» Жастар қанатының волонтерлері Қостанайда болған өрт кезінде де шетте қалмады. Төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап олар 3 қала мен 17 облыста гуманитарлық көмек қабылдау орталықтарын ашты.  Еліміз бойынша 1 300-ден астам волонтер Әулиекөлге көмек көрсету үшін жұмыс істеді. Апат болған орында Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облысы мен Алматы, Астана қаласынан 300-ге жуық волонтер гуманитарлық көмекті қоймаларға жайғастырды. Азық-түлік пен қажетті заттарды тұрғындардың үйлеріне жеткізіп берді. Волонтерлер 1 200 тоннадан астам жиналған тұрмыстық қажеттіліктер, азық-түліктер, құрылыс материалдары мен техникалық жабдықтарды тұрғындарға үйлестіруге жұмылдырылды.

Былтыр Павлодар облысындағы Екібастұзда болған жылу магистраліндегі ақаулардан кейін билік жергілікті аумақта техноген сипатындағы төтенше жағдай жариялаған сәттен бастап «Жастар рухы» волонтерлері қалаға жолға шықты. Апаттан құтқарушы бригадаларға ыстық тамақ ұйымдастыру, сондай-ақ жалғыз тұрып жатқан зейнеткерлер, мүгедектер және мұқтаж отбасылар туралы ақпарат жинау үшін үй-үйді аралау жұмысын жүргізді. Жалпы, 1 700-ден астам электр жылытқышты таратты.

Елді есеңгіреткен Абай облысындағы алапат өрт кезінде Жастар қанаты жасақтаған волонтерлер тобы зардап шеккен және эвакуацияланған тұрғындарға белсенді көмек көрсетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ден астам рухты волонтеріміз халықты эвакуациялау, зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізу, құтқарушыларға ыстық тамақ, дәрі-дәрмек және киім-кешек жөнелту ісіне атсалысты. Олар гуманитарлық көмек жинау пунктіне жеткізілген заттарды қабылдап, оны Талица, Успенка және Каштак елді мекендеріндегі зардап шеккен тұрғындарға таратты. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші,  бас-аяғы 5 күнде еліміздің бірқатар өңірінде 126,5 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Оның ішінде  азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, жеке бас гигиена заттары, жанар-жағармай және т. б. қажетті заттар бар.

Әрине, бұл волонтер атқарып жатқан жұмыстардың тек бір бөлігі ғана. Елім деп еміреніп, халқым деп қызмет етіп жүрген волонтерлер еңбегі еленіп, азаматтардың алғысына бөленеріне сенімдіміз. Бастысы – бәрі адал ниетпен, отансүйгіштіктің арқасында жүзеге асуда.