2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрді құрауы мүмкін.
Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы жанынан су мәселесі жөнінде арнайы комиссия құруды ұсынды
1,681
оқылды

Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек суды тиімді пайдалану мәселесі өзекті екенін айтты. Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары атынан Премьер-министрге сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрді құрауы мүмкін. Бұл шамамен Арал теңізіне пара-пар су. Яғни, таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 процентке азаяды. Ал бұл әрбір екінші қазақстандық ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе. 

«Еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге осы шешілер емес. Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. 

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды», – деп атап өтті ол.

Б.Базарбек аталған мәселеге қатысты Үкімет салғырттық таныта беретін болса жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтынын басып айтты. 

«Мысалы, ресми деректер бойынша, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған бар. Олардың 333 республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жекеменшікте болса, 22-і – иесіз екен.

Су қоймалары ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігінің жекелешеленіп кеткендігі бізді қатты алаңдатады. Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жекеменшік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалуда. 

Ал жекелеген фактілер бойынша, мемлекеттік жер кадастрі базасында тіпті табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудыруда. Бұл жағдай, кемінде 5-6 облыста кездесетін жай.

Сондықтан еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеме жасап, жай-күйін нақтылау, қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмес іс», – деді депутат.

Су пайдаланудағы келесі бір маңызды нысан – каналдар. Мәліметтер бойынша, елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60% су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын. Депутаттың айтуынша, бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз.

«Жалпы, каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық емес. Судың сұрауын сұрайтын кез жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының осыған ерекше назар аударып, каналдарға қатысты берген тапсырмасы өте орынды. Оны толығымен қолдаймын. 

Бұл мәселені өткен аптада әріптесім Болатбек Нажметдинұлы да көтерген болатын. Судың жайы бәрімізді де алаңдатып отыр», – деді ол. 

Осыған орай мәселенің маңыздылығын ескере отырып, «AMANAT» партиясы жанынан арнайы комиссия құру қажет екенін де атап өтті. Партияның «Жер аманаты» аясында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы тәжірибесін каналдарға қатысты да қолдану туралы ұсыныс айтты. 

Осылайша, аталған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, мынадай шараларды қолға алуды ұсынды:

  1. Еліміздегі жекеменшікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алу. 
  2. Су ресурстарын ұтымды пайдалану маңызды.

«Халқымыз «Судың да  сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептеймін», – деп түйіндеді ол.