Бетперде киіп алып, пышақпен қорқытқан: букмекерлік кеңсені тонаған жігіт ұсталды

Полицияның мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Атырау қаласында 25 жастағы жігіт букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, қарақшылық шабуыл 3 желтоқсанда болған.

«Күдікті таңертеңгі сағат 08:55 шамасында букмекерлік кеңсе бетперде киіп кірген. Кеңсе қызметкерін ас үй пышағымен қорқытқан. Сөйтіп, күдікті букмекерлік мекемеден 143 мың 780 теңгені алып, оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен», - деп жазды департаменттен.

Полиция қызметкерлері күдікті ретінде Атырау қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-бөлігімен (Қарақшылық) қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қазір ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.