Кез келген мемлекет күн сөн­ген­ше тұруы үшін қорғаныс қа­­біле­тін нығайту сыртында, ел-жұр­тының амандығын ойлауы керек. Халық­тың амандығы үшін ең алдымен оны аштыққа ұрындырмау, тамақтан тарықтырмау шарт.
Малдың жайын ветеринар білер
957
оқылды

Бұл үшін азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз еті­луге міндетті. Ал азық-түлік қауіп­сіз­дігі бірінші кезекте ветеринария саласына да байланысты. Осын­дай стратегиялық маңызы бар сала ұзақ жылдар бойы деградация­­­ланып, кері кетті. Енді Үкімет оны реформамен түзеп, жаңғыру­­лармен жандандырып, мол қар­жымен қуаттандыруға ниетті.

Ветеринарлыққа жастар неге қызықпайды?

Саланың жағдайы жыларман күйге жеткені сонша, бұған тікелей Прези­дент­тің араласуына тура келген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында саланың қорда­­лан­ған мәселелеріне жеке тоқталып, түбе­гейлі реформа жүргізуді жүктеді. 

«Мал басының амандығы және өнім­ділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл түптеп кел­ген­­­де, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария саласын же­­­тілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзы­реттер нақты бөлінуі керек. Ветери­нария қызметі қазіргі заман талабына сай болма­са, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экс­пор­­­тын арттыру мүмкін емес. Сон­дықтан осы салада жүйелі жұмыс атқары­луға тиіс», – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сол жолы ел Президенті бұл саладағы процестерді толық цифрландыруды, мәлі­мет жинауды жүйелі, дұрыс жолға қоюды және оны автоматтандыруды, маман даярлау ісін жетілдіруді және олар­дың жалақысын көбейтуді тапсырды. Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қа­былдауға міндеттелді.

Ескі Үкімет бұл міндет үдесінен шыға алды деу артық айтқандық. Саладағы қор­даланған көптеген проблема бүркеме­лен­ген күйі қалды.

Не шешілді? Ветеринар мамандардың жалақысы көтерілген. Бірақ әлі де жоға­ры­­­латуды қажет етеді: орташа республи­ка­­лық жалақы көлемінен әлдеқайда төмен. 

Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­тінше, ветеринарлық қызметпен шұ­ғыл­данатын қызметкерлердің орташа ай­лық атаулы жалақысы 220 мың теңгені құ­райды. Бұл бір жыл бұрынғыдан 35,9 па­йызға көп. Алайда бұл елдегі орта­ша ай­лық жалақыдан (2023 жылғы қара­шада 350 542 теңгені құрады) көп төмен. 

Десек те, мал дәрігерлері қолдарына анағұрлым аз алатынын айтады. Ветери­нарлық санитарлар 100 мың шамасында, ветеринарлық фельдшерлер – 130-150 мың айналасында, ветеринарлық дәрігер­лер 200 мыңдай ғана алады.

Салдарынан, бұл салада істеуге жастар қызыға бермейді. Сырқаттанған жануар­­ларды емдеуге келетін «айболит­­тердің» ара­­сында жас мамандар некен-саяқ көрі­неді. 

Баспана мәселелері де көп жерде ше­ші­ле қоймаған. Аз жалақы үй сатып алмақ түгіл, ипотека рәсімдеуге де жарай бер­мейді.

Бұған қоса, олардың жұмысы да ауыр: ауыл ветеринары Батырболат Қайдарұлы­ның әңгімелеуінше, жұмыс режимі норма­ланбаған, таңнан кешке дейін еңбек етуге тура келеді. Әсіресе, қыс айларында жұ­мыс қызады: қаңтар-ақпанда төрт түлік төл­дей бастайды. Оның барысында түрлі қиындықтар туындап, ветеринарды түн ішінде шұғыл шақыруы мүмкін. Көбісінің аршылмаған жолдарды еңсерер көлігі де жоқ. 

Малға, құстарға вакцина салу науқа­нын жүргізіп, бірнеше рет сүрлігеді. Әрбір малды, әсіресе жылпың тауық, қаз бен үй­ректі ветеринарлар негізінен өздері аулап, ұстауға мәжбүр: кейбір ауылдықтар вакцина атаулыны жақтырмай, мал-құс­тарын ұстап беруге құлық таныта бермейді екен. Кейбірі далаға қоя береді. Оларды да қайырып, қуалап, ұстау керек. Олай жа­самаса, салғырт қараса, құс тұмауынан бес миллионнан астам үй құсы қырылып қал­ған 2021 жылғы оқиға қайталануы мүмкін. Елде мал аурулары да өрши бас­тапты. Келесі жолы оралармын деп қол сілтесе, бұл жол шығынын арттырады.  

Әрбір қораны да бірнеше рет өңдеуі керек, талап солай. Оны түсінбеген мал иелері «неге қайта-қайта келе бересің?» деп ашуланып, есіктерін ашпай қоюы мүмкін.

Қағазбастылықпен күрес жүруде

Президент тапсырғалы салада цифр­ландыру жұмыстары жүргізіле бастады. Бұл – маңызды жұмыс. Себебі ветерина­риялық қызмет жұмысы цифрлық фор­матқа көшірілсе, бір жағынан бұл Қазақ­стандағы эпизоотиялық ахуалды ба­­­­­­­­қы­­­­­­лау­ды жақсартады, осылайша елдегі, дү­кен сөрелеріндегі мал шаруашылығы өнім­­дерінің қауіпсіздігі қамтамасыз еті­леді. Екінші жағынан, цифрландыру ве­теринар мамандарды қағазбастылықтан босатып, негізгі функцияларын орын­дауына мүмкіндік береді.

Әзірге ветеринарлар толтыратын қа­ғаздар, тапсыратын есептер жетерлік. Тіп­ті, әр препарат, вакцина үшін есеп беру керек.

«АӨК Экономикалық саясат талдау ор­талығы» ЖШС төрағасының орынба­сары Шалқар Амантұровтың айтуынша, оның кәсіпорны қазақстандық мал шаруа­шылығы үшін маңызды, бірақ ес­кірген жүйелерді пысықтап, жаңа жүйе­лерді әзір­леді. Олардың қатарында бірін­шіден, Vetlab жүйесі жасалды, ол ветерина­риялық зертханалық зерттеулерге ар­­­­­­нал­­­ған. Екін­шіден, «РПО» жүйесі ауыл шаруа­шылығы жануарлардың аса қауіпті ауру­ларының ошақтарын орталықтан­ды­рылған түрде тіркеуге алады. 

Үшіншіден, процессингтік орталық жануарлардың жеке нөмірлерін генера­­ция­­­­лаумен және берумен, оларға мони­торинг жүргізумен айналысады. Төртін­шіден, «Ветеринариялық-санитариялық са­раптама» жүйесі сою пункттерінде эс­пертиза актілерін беру және олардың мо­ниторингі жұмыстарын автомат­­­­тан­ды­рады. Бесіншіден, Vetmobile атты ве­те­ринариялық дәрігерлерге арналған мо­бильді қосымша іске қосылған. Ал­­тын­­­­­шыдан, мал ұстайтын ауылдық­тарға, шаруа қожалықтарына, барлық ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған Torttulik мобильді қосымшасы әзірленді.

Озық қарулану бұл салаға да қажет

Бірақ сала бәрібір проблемалардан бас көтере алмай жатыр. Егер бюджеттен тиісті қаражат бағытталса, онда инсине­­раторлар, Комаров дезинфек­циялық қондырғысы (КДҚ) бар арнайы автома­ши­­­­наларды, жол талғамайтын көліктерді, басқасын сатып алуға мүмкіндік туар еді.

Мысалы, бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, қазіргі Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев таяуда өз бло­­гында облыстағы бірқатар ветери­­­нария­лық мекемелерге қызметтік жаңа автокө­ліктер табыстағанын мақтана жариялады. Арнайы жабдықталған ресейлік үлгідегі 10 «УАЗ» көлігі облыстық бюджет есебінен алыныпты. Бәлкім, шетелдік, жайлырақ әрі жолсыздан өту қабілеті жоғары көліктерді алған жөн болар?

Басшылығы ауысқан Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған қолданыстағы тұжырымдамасын өзгертуге, соның аясында енді ветери­нария саласын дамытуға баса мән беруге талпынып отыр. Мұны ауыл халқы құпта­ры сөзсіз. Әйткенмен, бірінші кезекте Үкіметтің қаржы мен бюджетке жауапты министрліктері және солардың басшы­­­лығы отырған Республикалық бюджеттік комиссия құптаса жөн. Ал олар ондаған жылдар бойы ветеринариялық қызметтің стратегиялық маңызын түсінбей, сорақы­сы сол, түсінгісі де келмей, қаржыдан қағып келді. 

Сонымен, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі саланың материалдық-техни­­калық базасын жақсарту үшін 2030 жылға дейін келесідей қаражат бөлуді сұрады: біріншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­­масыз ету, қазақстандық мал шаруа­шылығы өнімдерін өндірушілердің экс­портын сақтау үшін 12,3 миллиард теңге керек екен. Бұл сомаға ветерина­­­риялық лабораторияларға арналған заманауи зертханалық жабдықтар сатып алынады.

Екіншіден, 1,5 миллиард теңге берсе, мемлекеттік ветеринариялық-санитария­лық инспекторларды қамтамасыз ету үшін оларға қажетті жабдықтар, нақтылағанда, азық-түлік қауіпсіздігі бойынша сынама алуға арналған құралдар, термоқон­дырғылар, жеке қорғаныс құралдары, ви­деорегистраторлар, планшеттер сатып алынбақ.

Үшінші бағыт ең көп шығынды талап етеді: жалпы сомасы 21 миллиард теңге қажет. Толыққанды қаржыландыру болса, онда 695 бірлік арнайы техника салаға жол тартады. Оның арасында инсинераторлар, арнайы Комаров дезинфекциялық қон­дырғысы бар автомашиналар, жол тал­ғамайтын автомашиналар, ветери­­­­на­риялық пунктері бар аудандық ве­­те­ри­­­­нариялық станциялар, әкімдіктер жанын­да­ғы мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар үшін ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдауға арналған тіркемесі бар ав­томашиналар және басқасы алынатын көрінеді. 

Төртіншіден, әкімдіктер құрған ве­т­ұйымдар үшін ветеринариялық іс-ша­раларды, соның ішінде малды сәйкес­тендіру, одан қан сынамаларын алу, вак­цинациялау және өзге шараларды жүргізу кезінде малды қамап, қысып ұстайтын қондырғыны – жылжымалы бөліністерді сатып алу үшін жалпы сомасы 1,5 млрд теңге сұралды.

Жалпы, Қазақстанның мал шаруа­шылығы өнімдерін өндірушілердің экс­портық әлеуетін және экспорты көле­мін сақтау үшін де ветеринария саласы озық дамытылуы, заманауи зертханалық жаб­дықтармен мұздай қарулануы тиіс. Олай болмаған соң республикаға қаншама рет санкция салынды, отандық ауыл шаруа­шылығы өнімдерін сатып алудан қаншама ел бас тартып, бизнес шетелдік нарығын жоғалтты. 

«АШМ қарамағындағы қолданыстағы ветеринариялық зертханаларда мате­риалдық-техникалық жарақтандыру жет­кіліксіз, «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес белгіленген 75 анти­биотиктің тек 7 түрін анықтау бойынша ғана зерттеулер жүргізе алады. Қалғаны бойынша көршіге тәуелді», – деп шын­дықты айтты министрлік мамандары.

Зертханаларды жабдықтармен соңғы жарақтандыру сонау 2008 жылы жүр­гізіліпті. 15 жыл бұрын сатып алынған жаб­­дықтардың өзі қазіргі уақытта ескір­ген, үлкен бөлігі өндірістен шыға­рылған.

Ендеше Үкіметтің дәл ветеринариялық қызметке келгенде, «шығайбайлана» бер­мей, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, қазақстандық мал шаруа­шы­лығы өнімдерінің экспортын сақтап, арт­­тыру үшін республикалық бюджеттен салаға қаржы бөлгені орынды. Ал АШМ ол миллиардтардың әдеттегідей талан-тараж болмауына жауапты қарауы шарт.

Елдос СЕНБАЙ