Ұры-қары көбейді деген халық бір айдан бері көшені күзетіп келеді.
Алматы облысындағы ауылда он күнде 20-дан астам үй тоналған
6,624
оқылды

Алматы облысы Қызылқайрат ауылында екі апта ішінде 20-ға жуық үй тоналған.  Енді ауыл халқы түнгі уақытта көше күзетіп, кезек-кезек рейдке шығып жүр,  деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty телеарнасына сілтеме жасап.

Дүйім ел үй тонаушылардың ұл-қызымызды зорлап немесе өлтіріп кетпесіне кім кепіл деп алаңдап отыр. Жұрттың айтуынша, олардың ішкиімін ақтарып, ерсі әрекетке барғанына қарағанда, күдіктілердің психологиялық ауытқуы болуы мүмкін.

«Екі бірдей сауып отырған сиырымды ұрлап кетіп, төмен жаққа апарып басын кесіп, ішек-қарнын ақтарып тастаған. Газ қостырамыз деп тірнектеп жинаған 950 мың теңге, алтын бұйымдарымды тонап кетті. Полицияға айттық, әзірге еш нәтиже жоқ», – дейді тағы бір тұрғыны Кемелхан Мұхамеджан.

Ұры-қары көбейді деген халық бір айдан бері көшені күзетіп келеді.

«Қорқып қалдық. Жігіттер 4-5 күн болды, сағат 20.00-03.00 аралығында рейдке шығып жүр. Алдыңғы күні 2, сосын 3 үйді тонап кетті. Кеше рейдте жүрсек, сағат 21.00 шамасында тағы бір үйге ұрлыққа түскен», – дейді тағы бір тұрғын Ербол Жамбы.

«Он күн ішінде 3 ұрлық жасалды. Бәрі тіркеліп тұр. Тергеу амалын жүргізіп, іздеп жатырмыз. Негізі, ұрлықты күндіз жасап жатыр», – деді Талғар аудандық Полиция басқармасының бастығы Рүстем Жарықбасов.

«Араға күн салып, ұры-қарыға жем болдық» деген жұрт жергілікті әкімдіктің де жұмысына наразы. Өйткені жарығы жоқ, жолдары жасалмаған қараңғы ауыл қарақшыларға қолайлы болып тұрғанын айтты.

«Халық сенімін ақтау үшін жұмыс істеп жүрмін. Бір айдың ішінде 10-нан аса баспанаға ұрлық түскен. Бүгін-ертең бәрін шешіп, жарық қоямын деп айта алмаймын, арнайы процедурасы бар, – деді Алатау ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов.

Қызылқайратта қазір 8 мыңнан аса адам тұрады. Тұрғындар мәселе шешілмесе, облыс әкіміне баруға дайын.