Соққы салдарынан кәмелетке толмаған бала «бас миының жабық жарақаты, бас миының шайқалуы» диагнозымен жедел түрде ауруханаға жатқызылды.
Алматы облысында қатыгез әке кішкентай ұлын миы шайқалғанша ұрып-соққан
1,071
оқылды

Алматы облысында прокуратура, полиция және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құралған мобильді топтар 800-ден астам отбасына барды,  –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыстық прокуратура мәліметінше, тексеру барысында 8 қылмыстық іс қозғалып, 73 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 27 бала отбасынан алынды. Сотқа ата-ана құқығын шектеуге қатысты 9 талап-арыз түсті.

«Аудандардың бірінде өгей әкенің 8 жасар баланы қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлегені анықталды. Бала бір жыл бойы қайыр сұрап, жиналған ақшаны өгей әкесіне ішімдік сатып алуға жұмсаған»,  деп хабарлады прокуратура.

Сондай-ақ тағы бір жаға ұстатар жағдайдың беті ашылған.

«Тағы бір баланы әкесінің соққыға жығу дерегі анықталды. Соққы салдарынан кәмелетке толмаған бала «бас миының жабық жарақаты, бас миының шайқалуы» диагнозымен жедел түрде ауруханаға жатқызылды. Әкеге қатысты қылмыстық іс қозғалды», делінген прокуратура хабарламасында.

Аталған жайтқа қатысты облыстық әкімдік өкілдері пікір білдіріп, оқиғаның Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы мектепте болғанын мәлімдеді.

«3-сынып оқушысының бетіндегі жарақатты көрген сынып жетекшісі дереу тиісті органдарға хабарласып, жедел жәрдемге  және төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдерін шақырған. Баланы әкесінің ұрып-соққаны анықталды. Балада бас миының жарақатымен қоса, аяқ-қолында, бет-аузында көгерген, ісіген жаралар бары анықталды. Қазір  білім бөлімі ата-аналармен жұмыс жүргізіп жатыр»,  делінген әкімдік хабарламасында.

 Баланың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.