Қазақстандықтар банктерден қарыз алып қана қоймай, мемлекеттің өзіне қарыз бере алады.
Қазақстан өз азаматтарынан қалай қарыз алады?
2,305
оқылды

Ол борыш мемлекеттің Қазақстан қор биржасында (KASE) облигацияларды, мемлекеттік құнды қағаздарды  шығару арқылы жүзеге асырылады. 

 Мемлекеттік құнды қағаздар мәселесіне келген кезде, ең алдымен облигация ұғымына тоқталайық. Бұл –  ҚР Қаржы министрлігі шығарып отыратын нақты бір мерзімге белгіленген кірістілігі бар қарыз қағазы. Оны қаржы тартуға ниетті кез келген компания шығара алады. Ең басты шарт – қор биржасында тіркелу. 

Мемлекет облигацияларды бірінші кезекте бюджет дефицитін жабу үшін шығарады. Яғни, бюджеттің кірісінен шығысы артық болған кезде бұл айырмашылық дефицит деп аталады. Басқаша айтқанда, облигация – ішкі нарықтан қарыз алу. Мәселен, өткен жылы Қаржы министрлігі облигациялар шығару арқылы 4,2 триллион теңге қаржы тартқан. Бұл сома толығымен былтырғы бюджет дефицитін жабуға жұмсалды.

Бұған қоса, облигациялар арқылы құнды қағаздар нарығын дамытуға болады. Мұның арқасында еліміздің қаржы жүйесі күрделенеді. Ал мемлекеттің қор биржасында ойыншы болуы – облигациялардың тұрақтылығын жақсы қамтамасыз етеді. Себебі  мемлекет облигация бойынша міндеттемелеріне 100% кепілдік береді. Қорытындылай келе, мемлекеттік облигацияны сатып алған қазақстандық қор нарығындағы ахуалға қарамастан, жұмсаған ақшасын купондық кірісімен бірге қайтарып ала алады.

Мұндай тиімділік тәуекелге барғысы келмейтін және инфляция деңгейінен жоғары болатын кірістілікке мұқтаж банк, сақтандыру компаниялары, зейнетақы активтерін басқару қоры сияқты ірі қаржы институттарына қоржынындағы ақшаны облигацияларға салуға мүмкіндік береді. 

Мәселен, 2023 жылдың 9 айында Қаржы министрлігі бастапқы нарыққа 4,9 триллион теңгеге облигациялардың 33 шығарылымын орналастырды. Кірістілік 11,5 пайыздан 17,78 пайызға дейін жетті. Бұл ретте, болашақта базалық ставканың түсуі күтіліп отырғандықтан, қазір қысқамерзімді, яғни 1-2 жылдың облигацияларының кірістілігі өте жоғары екенін айта кету керек. Бұл өз кезегінде инвесторлардың мемлекеттік құнды қағаздарға деген сұранысын арттырып отыр.

Бүгінгі күні қор биржасында айналымда жүрген мемлекеттік облигациялардың көлемі 25,5 триллион теңгені құрайды. Биыл бір айдағы орташа алып-сату көлемі 38 миллиард теңгеге жетті. Облигацияларды бастапқы нарыққа Қаржы министрлігі шығарады. Ары қарай ол екінші нарыққа айналымға кетеді. Яғни, мемлекеттік құнды қағазды сатып алған инвестор оны биржада қайта сатуға, кепілге қоюға құқы бар. Осылай өз мерзімі біткенге дейін облигациялар инвесторлар арасында айналып жүреді.

Негізі, әлемнің дамыған елдерінде мемлекеттік құнды қағаздар нарығына көп көңіл бөлінеді. Себебі  қарыз құрылымында сыртқы қарыздан гөрі ішкі қарыздың басым болуы тұрақтылыққа жақсы әсер береді. Мемлекет үшін халықаралық қорлардан валютада қарыз алып, оны артынан бюджеттен жырып төлегеннен гөрі, теңгеде есептелетін облигациялар арқылы ішкі нарықтан қарыз алу анағұрлым қауіпсіз болып есептеледі. Және осы арқылы қор биржасына деген қызығушылық артып, отандық инвесторлардың үлкен шоғыры пайда болады.