ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.
ТЖМ қазақстандықтарға үндеу жасады
7,725
оқылды

«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, желтоқсан айында ауа райының жиі өзгеруі күтілуде,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, кейбір аудандарда қар көп жауып, боран болады деп болжануда. Оңтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады, тұман, көктайғақ, екпіні секундына 15-30 метрге дейін немесе одан да көп жел соғады деп күтілуде. Жауын-шашын тоқтап, тұрақсыз болған ауа райы аязға ауысады.

7-15 желтоқсан аралығында суық арктикалық ауа массасының келуімен еліміздің барлық аумағында ауа температурасы:

 Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында түнде -39°С, күндіз -35°С дейін;

Ұлытау, Абай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында түнде  -35°С, күндіз -30°С дейін;

 Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында түнде -23°С, күндіз -20°С дейін;

 Қызылорда облысында түнде -20°С дейін, күндіз -15°С дейін;

Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында түнде -25°С дейін, күндіз -17°С дейін, таулы аудандарда түнде -30°С дейін, күндіз -15°С дейін;

 Атырау, Маңғыстау облыстарында түнде -18°С, күндіз -12°С дейін күрт төмендейді.

 ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

"Дауыл туралы ескертулер жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болыңыздар.

Ауа райы жағдайы мен автожолдардағы көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты бақылаңыздар.

Қатты жел болған жағдайда жақын маңдағы ғимаратта немесе қауіпсіз жерде жасырыну қажет. Ағаштардан, ілулі тұрған конструкциялардан, электр желілерінен және билбордтардан аулақ болыңыздар.

Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар.

Қатты аяз техногендік өрттердің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты біз жоғары қуатты электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы пештерді қыздырмауға немесе электр желілерін шамадан тыс жүктемеуге кеңес береміз.

Автокөлік иелеріне ашық оттың көмегімен автомобильдерді жылыту қаупі туралы еске саламыз.

Барлық оқиғалар туралы 112 немесе 101 телефондарына хабарласуыңызды сұраймыз", делінген хабарламада.