Бұл өсім тек еңбек ету қабілетінен айырылған 80,7 мың азаматқа және асыраушысынан айырылған 57,7 мың отбасына қатысы бар.
Жоғары әлеуметтік төлемдерді 2024 жылы қанша қазақстандық алатыны белгілі болды
1,619
оқылды

2024 жылдан бастап Қазақстанда кейбір әлеуметтік төлемнің мөлшері артады. Бұл өсім тек еңбек ету қабілетінен айырылған 80,7 мың азаматқа және асыраушысынан айырылған 57,7 мың отбасына қатысы бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.

 

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін кейбір әлеуметтік төлемнің мөлшерін арттыруды ұсынған еді. Қарашада бұл ұсынысты Премьер-министр мақұлдап, құжатқа қол қойған болатын.

Осылайша, МӘСҚ ақпараты бойынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалған ұзақмерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7 пайызға ұлғаяды. Яғни, бұл өсім еңбек ету қабілетін жоғалтқандарға және асыраушысынан айырылғандарға қатысы бар. Бұл әлеуметтік төлемдер бірнеше жыл бойы берілуі мүмкін.

 "Бүгінде еңбек ету қабілетін жоғалту бойынша тағайындалатын 80,7 мың адамға әрі асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 57,7 мың отбасына тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін қайта есептеу аяқталды", – деп атап өтті қор өкілдері.

МӘСЖ өкілдері әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу автоматтандырылған режимде жүргізілгенін айтты. Яғни, төлем алушыларға мекеменің өзіне барып, қосымша құжаттарын ұсыну қажет емес.

Еске салайық, бүгінде қазақстандықтар бес әлеуметтік жәрдемақы түрін алу бойынша өтініш бере алады: асыраушысынан айырылған жағдайда; еңбек ету қабілетін жоғалтқан кезде; адам жұмысынан айырылса; жүктілігі мен босануы, сондай-ақ бала күтімі бойынша. Алайда аталған әлеуметтік төлемдерді тек ресми түрде жұмысқа орналасқан қазақстандықтар ала алады. Оған қоса, жұмыс беруші барлық қажетті жарна мен аударымды, соның ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын төлемдерді жасауға тиіс.