«AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысына қатысу­шылар Әділетті Қазақстанды құру ісіндегі әйелдер рөлін талқылады.
Әйелдер қанатының алғашқы отырысы өтті
1,302
оқылды

«AMANAT» партиясы әйелдер қа­натының I отырысына өңірлерден кел­ген 100-ден астам белсенді әйел қатысты. Олар екі күн бойы әйелдердің мем­лекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейту, кәсіпкер әйел­дерді қолдау және инклюзивті қоғамды дамыту мәселелерін талқылады.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқығын қорғау және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселесі әрқашан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.

«Әйелдер қанаты өз жұмысын бас­тағаннан кейін гендерлік мәселелер биік мінберден жиі айтыла бастайды. Біз белсенді әйелдердің басын қосып қана қоймай, шешім қабылдауға және жауап­кершілікті өз мойнына алуға қабілетті көшбасшы әйелдердің жаңа буынын қалыптастыруымыз керек. Қазірдің өзінде партиямыздың қатарында жауап­ты жұмысқа, оның ішінде депутат, әкім лауазымдарына дайын әйелдер өте көп», – деді ол.

Барлық дерлік мемлекеттік орган тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерімен қандай да бір деңгейде айналысады немесе тым бол­мағанда айналысуы керек. Бірақ бұл жұмысқа келгенде жалпы тәуелсіз ба­қылау жоқ. Бұл туралы аталмыш оты­рыста сөз сөйлеген Мәдениет және ақ­парат министрі, Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық саясат жө­ніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева айтты.

«Әйелдер қанатына тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу жұмысына қатысты аймақтар мен ми­нистрліктер басшылары пікіріне ұдайы құлақ аса отырып, әйелдердің күн тәр­тібіндегі мәселелерінің орындалуына қоғамдық бақылау функцияларын алуды ұсы­намын», – деді ол.

Қазір қоғамымызда әйелдер мәселесі әлі де өткір тұр. Бұл – гендерлік тең­сіздік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, білім алудың қолжетімділігі, діни радикалдану және соған байланысты проблемалар.

«Сондықтан Президент заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөледі. Мемлекет кез келген қылмыстың, соның ішінде әйелдерге қатысты қыл­мыстың жолын қатаң түрде тоқтатуы керек. Әйелдер өз кезегінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеуі тиіс», – деп атап өтті Аида Балаева.

 Министр елімізде гендерлік теңдік мәселелері мемлекеттік саясаттың ба­сым бағыттарының бірі болып табыла­тынын айтты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының бастамасымен өңірлерде отбасын қолдау орталықтары, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан жастар ресурстық орталықтары құ­рылды.

«Министрлік қазір орталықтардың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуде. Біз партияның әйелдер қанатын орта­лықтардың жұмыс әдістері мен әдіс­темесі, қызметкерлерді оқыту, біліктілі­гін арттыру, жаңа көзқарастарды қалып­тастыру және инновациялық әдістерді енгізу тиімділігін арттыруға атсалысуға шақырамыз», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар делегаттар Прези­дент Жолдауы мен оның сайлауалды бағдарламасы, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында елімізде ана мен бала бақытты өмір сүруі үшін жағымды жағдай жа­салып жатқанына назар аударды. Атап айтқанда, бала күтіміне берілетін төлем 1,5 жасқа дейін ұзартылды, көпбалалы аналарға тағайындалған жәрдемақы мөлшері ұлғайтылды, әлеуметтік жағ­дайы осал отбасыдан шыққан 100 мыңнан астам бала балабақшаларда тегін тамақпен қамтылды, ал 2024 жылы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» деп аталатын мүлдем жаңа бағдарлама іске қосылады.

Сондай-ақ кездесуге қатысушылар ауыл тұрғындарының табысын арт­тыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың шамамен 30%-ы қыз-келіншектер екенін атап өтті. Ал қаржылық сауатты арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы түлектерінің 58%-ы – көпбалалы аналар.

«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова іс-шара модераторы болды. Жиынға қатысушылар бірқатар бастама көтерді. Атап айтқанда, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және асоциалдық құбылыстардың алдын алу мәселелері бойынша облыс әкімдерінің тұрақты тыңдауын өткізу, әйелдерді скринингтен өткізу және олардың денсаулығын қадағалау мақсатында «Әйел саулығы дені сау ұрпақ кепілі» жаңа жобасын іске қосу сынды ұсыныстар айтылды.

Өз кезегінде Тараздан келген делегат, «Жан шуақ» сыйлығының лауреаты Анар Бексұлтанова әйелдер мен әлеу­меттік кәсіпкерлікті қолдаудың маңы­зына тоқталды.

«Қазіргі қоғамда тағдыр тауқыметін көріп жатқан әйелдер аз емес. Дегенмен олардың арасында алдынан шыққан кедергілерге мойымай жетістікке жетіп, қоғам мен ел дамуына белсенділік та­нытып жүргендер де жетерлік. Ол үшін мемлекет пен партия тарапынан қол­даулар да ауыз толтырып айтарлықтай.  Сондай азаматшалардың бірі менмін. Орайы келгенде, өзім туралы аз-кем айта кетсем. Мен ұстаздық білімін алып, жиырма үш жыл Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде экскурсовод болып қызмет атқардым. 2013 жылдан бастап нар тәуекел деп жеке кәсібімді аштым. Бүгінде «Әдемі қыз жасауы» деп атала­тын тігін шеберханамда 5 азаматты тұ­рақты жұмыспен қамтып отырмын. Әрине, барлығы сіз бен біз ойлағандай оңай бола салмайды. Барлығына қа­жырлы қайрат пен қаржылық қолдау қажет. Сондықтан жеке кәсібімді да­мытуға мемлекет тарапынан 5,5 мил­лион теңге грант, 3 миллион теңге несие алып, жұмысымды жалғастырудамын. Жеке кәсібімнен бөлек қоғамдық өмірге де белсене араласып келемін. Нақтырақ айтсам, 2019 жылдан бастап «Шебер ша­ңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлес­тігіне жетекшілік етемін. Бірлестік об­лыс­тағы мүгедектігі бар, мүгедек бала асыраушы 200-ге жуық ананың өмірге бейімделуіне көмек көрсетіп келеді», – деді ол.

Ал Көкшетаудан келген делегат Айнагүл Балташеваның айтуынша, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету қажет.

 «Бүгінде елімізде денсаулығында ерекшеліктері бар бала санының тө­мендемей тұрғаны бәрімізді алаңдатады. Өздеріңізге белгілі, ерекше бала тәр­биелеп отырған аналар мен мүгедектігі бар әйелдерге қолдау жасауды жүйелі түрде жүргізу өте өзекті. Осыған орай әйелдер қанаты жұмысын үйлестіру әрі жетілдіру үшін үкіметтік емес ұйым­дардың жетекшілері мен қоғамдық пікір көшбасшыларын бір арнаға тоғыс­тырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Біз ақмолалық әйелдер қауы­мы «Қолғабыс» жобасын бастап, ба­лалардың ерекше қабілеттерін ес­керіп, инклюзиялық қолдау орталық­тарын ашуды бастаймыз. Мен мұғалім ретінде бұл бағытты жақсы түсінем, тиісті деңгейде ұйымдасты­ра­мын. Сонымен қатар ерек­ше балақай­лар­ды қолдау, әлеуметтендіру мақсатын­да өзге балалармен тең және қатарлас командалық ойындардың рөлін пай­далана отырып, «Тең мүм­кіншіліктер әлемі» инклюзивтік спорт фестивалін өткізуге белсене атсалы­самыз деп шештік», – деді ол.

Сонымен қатар Ұлттық ғылым ака­демиясының президенті Күнсұлу Закарья QazScience – AMANAT fest халықаралық ғылым фестивалін өткізуді ұсынды. «ЮНЕСКО деректері бойынша қазір әлемдік ғылымдағы әйелдердің үлесі небәрі 30%-ды құрайды. Ғылым саласының проблемалары жеткілікті. Ал Орталық Азия өңірінде жағдай біршама жақсырақ. Ғылымдағы әйелдердің үлесі әлемдік көрсеткіштен едәуір асып түседі және шамамен 50%-ды құрайды.

Менің ойымша, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біздің әйелдер қауымының құлшынысы жоғары және олар үлкен табандылыққа ие. Олар өз біліктілігін арттыруға, түрлі курс пен тағы­лымдамадан өтуге белсенді қаты­сады. Мысалы, егер 2018 жылы әйел ғылым докторларының саны 595 болса, 2023 жылы олардың саны 714-ке дейін өсті. Рас, олардың барлығы 55 жастан асқан және олардың көпшілігі білім беру саласында жұмыс істейді.

Еліміздегі 22 мың ғалымның 2 427-сі әйел-ғалым-кандидаттар, 992 PhD док­торы, 28-і профильді доктор. Екіншіден, әйелдердің ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерге қатысуы артып келеді. Егер 2016 жылғы жағдай бойынша зерттеуге 9 282 әйел қатысса, 2022 жылы олардың саны 11 041-ды құрады. Бұл ретте әйел ғалымдардың ең көп саны медицина ғылымдары саласында –71%; әлеуметтік ғылымдарда – 62%; гумани­тарлық ғылымдар саласында – 59%; жара­тылыстану ғылымдарында – 53%; ауыл шаруашылығы ғылымдарында – 45%; инженерлік әзірлемелер мен тех­нологиялар саласында  44% жұмыс істейді.

Үшіншіден, тағы бір айырмашылық – зерттеуші әйелдер негізінен білім беру саласында және мемлекеттік секторда жұмыс істейді, ал ер адамдар жоғары жалақы мен мансаптық мүмкіндіктерді ұсынатын жеке секторда басым. Бұл үрдіс тіпті зерттеуші әйелдердің жоғары пайызы бар елдерде де жалғасуда. Мысалы, Аргентинада олардың жалпы үлесі 52%-ды құрайды, бірақ жеке сектордағы олардың көрсеткіші 29%-ға дейін төмендеген.

ЮНЕСКО-ның жаңа интерактивті ресурсы қыздарды математика мен нақты ғылымдарды оқытуда қолдаудың маңыздылығын көрсетеді және оларды жас кезінен бастап ынталандыруға шақырады. Аймаққа қарамастан, дәл ғылымдар, техника, технология және математика саласындағы әйел зерт­теушілер саны аз екенін көруге болады. Мысалы, Корея Республикасында зерттеушілердің тек 17%-ы әйелдер, ал инженерлік ғылымдардағы әйелдердің үлесі небәрі 9%-ды құрайды», – дейді ол.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мемлекет басшысының тапсыр­масын орындау мақсатында министрлік «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын жүзеге асыру жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. 

«Үш жылда 21 мың әйелге экстра­кор­поралдық ұрықтандыру қызметі ұсынылды. Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде 8 мыңнан астам әйел жүкті болып, 5 мың отбасында көптен күткен 6 мыңнан астам бала дүниеге келді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберін­де жыл сайын 7 мың квота бөлу көз­делген», – деді ол.

Ведомство басшысының айтуынша, 3 жылда елімізде бас-аяғы 1,5 млн-ға жуық сәби дүниеге келді. Жалпы, елі­мізде 6 млн-нан астам бала мен босану жасындағы 4 млн-нан астам әйел бар.

«Әйел денсаулығының жақсы болуы – ұрпақ амандығы, ұлт саулығы, мем­лекетіміздің баянды, жарқын болашағы. Кейінгі 6 жылда елімізде босану көр­сет­кіші 7%-ға өсіп, жаңа туылған сәбилер саны 15%-ға артты. Жыл сайын 500 мыңға жуық әйел жүкті болып, олардың 99%-ы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында болады», – деді министр.

Сонымен қатар жиында Әйелдер қанатының тең төрағасы Зарема Шау­кенова жаңа Этикалық кодекс пен «Психологиялық қызмет туралы» заңды әзірлеу жөнінде бастама көтерді. Мә­жіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова өз сөзін әйел көшбасшыларды даярлау әдісіне арнады, ал оның әріптесі Юлия Кучинская – харассмент, гендерлік бюджет және гендерлік сараптама мәселелері бойынша заңдарға түзетулер енгізуді ұсынды.

Азат ҚАЗАҚ