Күн сайын болып жатқан қо­ғамдық-саяси оқиғалар тізбегі­нің артын аңдап қарасаңыз, соңы экономи­­ка­лық жағдайға жеткіз­­бей қой­майды. Жа­­һан­дық маңы­­зы бар тақырып төңі­регінде біз де терең­нен қаз­­­балап көрдік.
Айбар Олжай: «Кедей» деген сөзден емес, кедейліктен қорқуымыз керек
2,382
оқылды

Бүгінгі кейіп­ке­ріміз – қаржы, биржа, мак­ро­эко­номика сарапшысы, эко­­номист Ай­бар Олжай. Ол елі­­міздегі демо­графиялық өсімнің маңызы, ха­лықтың әлеуметтік жағдайы, ке­дей­лікпен күресу, сондай-ақ биз­нес өкілдерінің ахуалы және т.б мәселелер ту­расында әңгі­мелеп берді.

– Айбар аға, осыдан бірер күн бұрын мемлекетіміз үшін қуанышты хабарды естіп бөркімізді аспанға лақтырдық. Қазақ­станның 20 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Осы тұста демографиялық өсім ел экономикасына серпіліс әкеле ала ма?

– Халық санының өсуі екіге бөлінеді: де­мографиялық және миграциялық про­цестер. Бізде осының ішінде демо­­­гра­­фиялық өсім басым. Бұл – өсіміміздің демография есебінен көбеюі. Ал миг­рация – елге сырттан көшіп келген ха­лық. Кез келген мемлекет үшін халық са­­нының көбеюі оның экономикалық өсімінің басты алғышарты болып есеп­теледі. Экономиканың өзі ішкі жалпы өнімді қарасақ, елімізде бір жыл бойы жасалған тауарлар мен қызметтердің са­тылған саны. Соның барлығының жиын­­­­тығы ішкі жалпы өнімді құрайды. Бі­ріншіден, халық саны көп елде ішкі жал­­пы өнім көп болады. Екіншіден, халық саны өсіп келе жатқан мемлекетте экономикалық өсім де көп болады. Себебі сан өседі. Ал керісінше, бәсеңдеп келе жатқан елде тұтыну деңгейінің өсуі екі талай. Оған себеп – халық санының аздығы. Тағы бір маңыздылығы, халық саны бизнес өкілдері үшін де маңызды. Іскери орта үшін ол – көбірек жасалатын мәмілелер саны. Халық санының көп болуы мемлекет үшін салық базасын құрады. Бұл ретте бір ғана мәселе бар. Егер халық санының жастық құрамы кәрі болса, бұл мемлекет үшін ауыр. Өйткені олар жұмыс істей алмайды, салық төле­­­мейді. Мемлекеттен зейнетақы тө­­­ленеді. Мұндай жағдайда бюджетке салмақ түсе­ді. Халық саны жас болса, оның ішін­­де еңбекке жарамды, қабілетті адамдар көп болса, олар өз жұмысын істеп, салық төлейді. Сол себепті халық саны көп әрі жас болса, тиісінше мемле­­­­кеттің эко­номи­­­калық өсіміне пайдасы бар. Біздің халық санымыз – жас. Бүгінде 20 мил­лионға жетсек, күніне 732 адамнан кө­бейіп отырмыз. Мысалы, 16-ға толмаған балалардың өзі халық санының 35 пайы­зын құрайды. Экономикалық белсенді халық саны 9 миллионнан асып кеткен. Елімізде экономикалық белсенді халық саны жалпы халық санының 50 пайызы­нан асу керек. Алайда біз қазір бұл көр­сеткішке жетпей тұрмыз. Ал зейнет жа­сына жеткен адамдар белгілі бір үлестен асып кетпеуге тиіс. Ол үшін жастар са­нының көп болғаны маңызды. Менің ойымша, елімізді алдағы 10 жылда демо­графиялық серпін күтіп тұр. Алдымызда демографиялық шұңқыр жоқ. Біз 90-жыл­­ғы демографиялық шұңқырдан 2001 жыл­дан бері қарай шыға бастадық. 2010 жылы тұрақты дамуға жеттік. 2020 жылдан бері бала туу деңгейі әлде­қайда өсті. Эконо­мика жақсы болса, ха­лық саны да өсе бастайды. Себебі адам­дарда болашаққа деген сенім пайда бо­ла­ды. Ал халық кө­бейсе, экономика да арта түспек. Олар бір-бірімен тығыз байланысты. Біз қазір осы процесті көріп отырмыз. 

– Дүниежүзілік банк өкілдері жүргізген зерттеу негізінде халық саны көп елдерде кедейлік проблемасының бар екендігі анық­­талған. Кейбір мемлекет билігі бағ­­дар­ламалар ойлап табу арқылы кедейлік шыр­­мауынан шыққан. Ал біздің елімізде ке­дейлікке қарсы күрес қалай жүруде? Ол үшін арнайы бағдарлама қарастырылған ба?

– Бізде ұғымдар проблемасы бар. Ең алдымен кедейлікке қарсы күрес бағдар­­­­ламасын құру керек. Осы уақытқа дейін біз «кедейлік» деген сөзден ұялып, қор­­­­қып келдік. Шындығында, Қазақстанда кедей азаматтардың бар екенін, халықтың біраз бөлігі кедей екенін мойындауымыз керек. «Қазақстан халқы кедей» деп айт­­қан­нан кейін біз оны емдеудің жолдарын іздеп табамыз. Өзге елдер мұндай олқы­­лықтарын мойындап, кедейлікке қарсы күрес бағдарламасын әзірлеген. Бізде өкі­­­­­­­­­­­нішке қарай, «кедейлікке қарсы күрес» деген сөздер айтылмайды. Әлеуметтік қолдау деп жаба саламыз. Нақты кімнің кедей, кімнің кедей емес екенін анықтау керек. Дүниежүзілік банктің зерттеу анализдерінде осы секілді модельдер бар. Бізде нақты статистиканың шынайы­лы­ғында проблема бар. Өйткені мемлекет әр адамның басындағы жағдайды біл­­мейді. Халықты жалпы топтарға бөліп қа­­рас­­­тырады, бірақ бір адам айына қанша та­бады, ол кедей ме, кедей емес пе деген сұ­раққа жауап бере алмайды. Соңында медианды параметрлермен жабуды көз­дейді. Қытайдың кедейлікке қарсы жүр­гізген ісіне қарасақ, ол – адамға жұ­мыс тауып беру, іспен айналысып отырған аза­матты салықтан босату және т.б. Арзан несие, гранттық қаржыландыру және оларға жеңілдетілген заңнамалық база сынды параметрлерді қолдану арқылы Қытай кедейліктен шығып кетті. Нор­­вегия мемлекеті 1930 жылы кедейлікке қарсы мықты бағдарлама әзірледі. Байқап қарасаңыз, Норвегия – қазір әлемде адам сапасы жөнінен нөмірі бірінші мемлекет. Осының барлығы кешенді бағдарламалар әзірлеудің арқасында жүзеге асты. Егер бізде де сондай бағдарлама құрылатын болса сапалы, барлық жағынан ойлас­тырылған болуға тиіс. Кедейлердің кім екенін анықтап, оларға қандай көмек бе­рі­леді және кедейліктен қашан шығады деген сұрақтарға жауап беретін нақты мерзімді жоспар құру маңызды. Мәселен, олар бес жылдан кейін кедейлер сана­тында болмауға тиіс, біз оларды сондай жағдайға жеткіземіз деген негізгі міндет­терді қабылдау керек. Менделеев кесте­сіндегі барлық қазба байлығымыз бар болғанымен, ол үлкен кен орындары емес. Біз мұнай өндірудің алғашқы он­дығына кірмейміз. Ал газ қорымыз өзі­мізге әрең жетіп отыр. Әлемде нөмірі бі­рінші болып есептелетін еншіміздегі дү­ние – тек уран ғана. Астық бойынша дүниежүзіндегі ең ірі экспортерлар қа­тарына кірмейміз. Қазіргі кезеңде асты­ғымыз өзімізге де қажет. Бізде металл өн­дірудің өзіндік құны жоғары. Мәселен, Қытайда металдар арзан болғандықтан, олар әлемдік нарықты жаулап алады. Сондықтан біз өзімізді аса бай мемле­кет­тер қатарына жатқыза алмаймыз. Халық­аралық қорға жинаған ақшамыз – 97 млрд доллар. Оның 57 млрд доллары Ұлттық қорда, қалғаны алтын валюта резерв­­­­терінде жатыр. Одан өзге бізде қаражат жоқ. Демек, қолда бар ақшаны сатып, алдымен халықты кедейшіліктен ақы­­рындап шығару мәселесін қарастыру ке­рек. Қазір бюджет дефициті болып жатыр. Біз жинаған салықтан көбірек жұмсаймыз. Осы ақшаның 56 пайызын әлеуметтік бағытқа қолданамыз. Сондай-ақ бюджет­тің көп бөлігін білім саласы алады. Білім беру сапасына көп қаражат жұмсаймыз. Оның ішінде мұғалімдердің айлық жала­қысы бар. Қарап отырсақ, бізде күнделікті жетіп жатқан ақша жоқ. Мемлекеттен жыл сайын 4 трлн теңге қарыз боп қала­мыз: 2 трлн Ұлттық қордан, қалған 2 трлн ішкі нарықтан қарызға аламыз. Оны Қар­жы министрлігі ай сайын облигацияға шығарады. Осындай жолмен қарыз алып, бюджеттің тесігін жабады. Халыққа ке­регі – ынталандыру, салықтан босату ар­қылы адамдарға көмектесу. Оларға нақты бір мерзім қою керек. Мұны жүзеге асыру үшін ең біріншіден, кімнің кедей екенін аты-жөнімен анықтап, оларға «кедей» де­ген статус беру керек. Аталған статусы бар адамдарға барлық жәрдем берілуге тиіс. Тап осындай қадамдар арқылы біз нақты кедейлікпен күресу жолына түсеміз. 

– Соңғы 10 жыл ішінде елімізде 200 мыңнан астам шағын бизнес субъектісі тіркеліпті. Ал орта және ірі бизнестің ахуалы қалай?

– Біз кезінде ірі бизнеске қатты сен­ген­біз. Алайда ірі бизнес сенімді ақта­­мады. Себебі ол көбіне ақшаны сыртқа шығарумен айналысты. Талай ірі бизнес иелері банкротқа ұшырады. Мұның бар­­лығы ірі бизнестің алып келген зар­дабы. Жалпы экономикасы күрделі диверси­­фикалды мемлекеттер бүкіл назарын ірі бизнеске арнамайды. Негізі, мемлекетті ұстап тұрған – орта бизнес. Мәселен, қа­рамағында 50-100 адам істейтін кәсіп­­­орын­дар – экономикамыздың негізгі ті­регі. Сондықтан ірі бизнеске жұмсаған субсидия, деференцияның барлығын енді орта бизнеске беру керек деп ойлаймын. Өйткені орта бизнес ірі бизнеске қара­ғанда билікке аса жақын емес. Ірі бизнес өзінің билікке жақындығын пайдаланып көп нәрсеге монополия жасап, ақшаны шетке шығарып, көп активтерді сыртқа алып кететінін көрсетті. Ірі бизнес – монополияға жақын. Егер қолдарынан келсе, ақшаны сыртқа алып кете ала­тынын дәлелдеді. Бізге орта және шағын бизнесті дамыту керек. Олардың билікпен аса таныстығы жоқ. Ережеге сүйене отырып, салықтарды төлейді. Шағын бизнестің көбеюі – салық пен заңнаманың арнайы режимдерінен пайда болды. Осы арнайы ережелер көп нәрсені оң­тай­ландырды, бизнес дамыды. Мысалы, ЖК-ны (ИП) бір күнде онлайн аша аласыз. Енді осы деңгейді сақтап қалу арқылы шағын бизнеске деген арнайы режимдерді жоғалтпау керек. Шағын бизнес – жұмыссыздар кате­го­рия­­­сынан кәсіпкер категориясына енуге тез жол ашады. Бұл кәсіптің ішінде тір­келген және тұрақты түрде салық төлеп тұрған бизнес иелері бар. Егер жай ғана тіркеліп, бірақ жұмыс істемей тұрса, онда кәсіпте белгілі бір проблема бар деген сөз. Ал айналым болса, демек бюджет үшін жұмыс істеп отыр. 

– Орта бизнес мемлекет үшін тиімді дейсіз. 2023 жылдың наурыз айындағы ста­тистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2 мил­лионнан астам шағын және орта биз­нес субъектісі тіркелген. Оның 1 миллион 800 мыңын шағын бизнес құрайды. Ал қалғанын орта бизнес еншілеп отыр. Са­лыс­тырмалы түрде орта бизнестің кенжелеп қалуына не себеп? 

– Орта бизнестің кенжелеп қалуына кезіндегі рейдерлік процестер себеп. Рей­дер­лік процесс – орта бизнестің да­мып, ірі бизнеске ауысуына көп тосқауыл қой­ды. Кәсіпкерлер көзге көрінгісі келген жоқ. Өздерінің тұрақты табысын алып, сол күйінде тоқтап қалды. Себебі бізде табысың көзге көріне бастаса, кәсібіңді тартып алады деген түсінік болды. Мем­лекет кәсіпкерге «жұмысыңды істе, салы­ғыңды төле, саған ешкім тиіспейді» деген кепілдік беруге тиіс. Ешкім саяси процес­терге салып сенің бизнесіңді тартып ала алмайды. Сондықтан біз осы күнге дейін болған процестер жемісін енді көріп отыр­мыз. Олар – рейдерлік әрекеттер, адамдардың табысын жасыра бастауы, мемлекетке табысын көп етіп көрсеткісі келмеуі. Біз осындай фобиялардан қашан арыламыз, сол кезде ғана орта бизнес ілге­рілей бастайды.

Цифрлық теңге – бізді көлеңкелі экономикадан ақырындап шығаратын құрал

– Соңғы жаңалықтар бойынша, елі­мізде цифрлық теңге айналымға енгізіле бастады. Цифрлық теңгені қолдану қара­пайым халық үшін қаншалықты тиімді? Көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға қауқарлы ма?

– Неге сіздің зейнетақыңыз аз? Шә­­кіртақыңыз неліктен аз төленеді? Егер осы сияқты сұрақтар туындаса, демек бұл көлеңкелі экономиканың кесірінен жү­­зеге асып отырған жағдай. Көлеңкелі экономика – сізге төленуге тиіс ақшаны көрсетпей тыққанмен тең. Себебі көлең­келі экономикада салық төлемейді. Біз салық жия алмасақ, тиісінше шәкіртақы мен зейнетақыны дұрыс төлей алмаймыз немесе аз мөлшерде төлейміз. Ал цифр­лық теңге – бізді көлеңкелі экономикадан ақырындап шығаратын бірден-бір құрал. Мемлекет беретін ақшаны цифрлық тең­геге ауыстырақ, оның түпкілікті қайда ба­­ратынын, кімнің қолында кеткенін көре аламыз. Мұндай жағдайда ақша көлеңкелі экономиканың еншісіне тие алмайды. Қазір дамыған мемлекеттерде көлеңкелі экономика мүлдем жойылған деуге болады. Онымен арнайы күрес шаралары қолға алынған. Техника қа­рыштап дамыған заманда блокчейн тех­­нологиясы бізге жаңа мүмкіндіктер есігін ашып отыр. Сондықтан цифрлық тең­генің тиімді тұсы – елімізді көлеңкелі эко­номикадан шығаруы деп ойлаймын. 

– Қазақстан ең көп табысы азық-тү­лікке жұмсалатын елдердің қатарында еке­нін айтып едіңіз. Халықтың басым көпшілігі табысының 58 пайызын тамаққа жұмсайды. Олқылықтың орнын қалай толтырсақ болады? Шешімі бар ма?

– Бұл мәселеден шығудың екі жолы бар: азық-түліктің бағасы түсуі қажет немесе біздің табысымыз артуы керек. Ал ең дұрысында екеуінің параллель жұмыс істеуі, азық-түлік бағасының түсуі – ин­фляцияны тоқтату деген сөз. Яғни, ин­фля­циямен күрес. Онда нарықта басы артық ақшаны алып тастау керек. Қазір Ұлттық қор осы мәселемен айналысып жатыр. Халықтың табысын арттыру Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің қолында тұрған дүние. Кө­­зімізді жұмып тұрып минималды айлық көлемін 150 мыңға дейін көтереміз деген саяси шешім қабылдасақ, қазір мини­малды айлық көрсететін кәсіп­орындар өзінің қызметкерлеріне төлей­­­тін айлық­ты көтеруге мәжбүр болады. Сол кезде халықтың табысын арттыруға деген ең бірінші қадам жасалады. Менің ойымша, қазір минималды айлық көрсеткіші 70 мың теңге болса, оны 150 мыңға дейін кө­­теріп, батыл қадам жасап көру керек. Әрине, бастапқыда бюджет үшін «шок» болуы мүмкін. Бірақ сол «шок» халықтың өмір сүру сапасына жағымды әсер береді. Себебі біз жалақымыздың жартысынан астамын азық-түлікке жұмсағандықтан, қалған қызметтердің төлемін өтеуге қал­тада ақша қалмайды. Адам күнін көріп, аш қалмау үшін жұмыс істейді. Оның бар көретін қызығы – осы. Бірақ бұл жұмыс екінші жұмыспен параллель жүруі тиіс. Бұл – халықтың банк алдындағы қарыз­да­рын реттеу. Осы мәселе бойынша қазір заң жүзінде біраз жұмыс атқарылуда. Бі­ріншісі – қарызы бар адамға несие алуға шектеу қою, екіншісі – көлеңкелі несие бе­ретін ұйымдармен күресу, олардың бар­лығына тоқтау салу. Біз ұлттық бағаның инфляциямен күресуін жалғастырсақ, ба­залық ставканы жоғары ұстаса, Үкімет минималды жалақы бағасын 150 мыңға көтерсе, ал Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі барлық несиені шектеу бойынша мүмкін нормативтік шараларды қабылдаса, біз шамамен екі жылдан кейін халықтың айлық жалақысының басым бө­лігін азық-түлікке жұмсау мәселесін тоқтатуымыз тиіс. 

– Елімізде айлық жалақы, шәкіртақы бағасы өскенімен, ізінше азық-түлік баға­сының өсіп отыратыны жасырын емес қой. Құжат жүзінде сан өзгергенімен, халықтың өмір сүру сапасы баяғы жартас сол жартас күйінде қалады деп ойламайсыз ба?

– Инфляцияның ресми және нақты сезінетін түрі бар. Бізде нақты сезінетін ин­фляция 18 пайыз деңгейінде және оның басым бөлігі азық-түлікте. Бұл – үл­кен парадокс. Елімізде азық-түлік бағасы неге қымбаттай береді? Меніңше, бұл мә­селе үш жағдайға қатысты болып келеді. Бі­ріншісі – картелдік келісім. «Айлық көтерілейін деп жатыр, бағаны өсірейік, сосын табысымыз да көтеріледі» дейді. Шынын айтқанда, бұл – азық-түліктің басы-қасында отырған азаматтардың ын­сапсыздығы. Ол әрекеттері эко­номи­када үлкен рөл ойнайды. Егер халықтың айлық жалақысы көтерілсе, ал сатушы азық-түлік­тің бағасын көтермесе, табысы құла­майды. Керісінше, өзінде қалады. Бірақ сатушы табысын азаматтардың есебінен жегісі келеді. Екіншісі – фундаменталды емес фактор. Бұл фактордың біздің на­рықта үлесі жоғары. Әлі күнге дейін пси­хо­­­логиялық белгілі бір тұрақтылыққа кел­ген жоқпыз. Адамдардың тез баюы, өзге азаматтардың есебінен ақша табу сияқты фактілер бар. Мұны мойын­дауы­мыз тиіс. Үшіншісі, фундаменталды фак­тор. Халықтың жалақысы көтерілсе, мемлекет соның есебінен кейбір пробле­маларын шешкісі келеді. Мысалы, бензин бағасы бірден шарықтайды. Бензин – кез келген тауарлар қызметі тізбегінде ма­ңызды рөлге ие. 

Мұнайдың күні санаулы

– Қазақстан – мұнайға байланған мемлекет екенін айтып қалдыңыз. 2018 жы­лы әлемдік мұнайдың АҚШ – 16 пайызын, Сауд Арабиясы – 13 пайызын, ал еліміз екі пайызын өндірген. ТМД бойынша мұнай өндіруден Ресейден кейінгі екінші орында­мыз. Мұнай ресурсы таусылса, ел эконо­микасына үлкен қауіп төнетіні белгілі. Егер сондай ахуалға тап болған күнде тығы­рықтан шығу жолы бар ма?

– Бізде қазірдің өзінде тығырық бас­талды. Себебі болашақта мұнай, көмір се­кілді ресурстар басты отын статусынан кетеді. Оған себеп өздеріңіз жақсы біле­тіндей қазір электромобильдер дәуірі бас­талды. Енді электроұшақтар бойынша жұ­мыс жүргізілуде. Болашақта электро­комбайн, электрофура мен электро­­авто­бус пайда болады. Оған ток керек, бірақ мұнай емес. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2060 жылы мұнайдың эрасы бітеді деп толық жазылған. Еуропа бұл кезеңде ешқандай көмір, мұнай жақпауымыз тиіс деп арнайы бағдарлама қабылдаған. Қазір Еуропа елдері жасыл энергия жүйесіне өтуде. Мәселен, Германия жасыл энергия­ны күн жүйесінен алмақшы. Сондықтан мұнайдың күні санаулы. Егер Қазақстан қазіргі жағдайымен қалып қоятын болса, біз тақырға отырамыз деген сөз. Жалпы, бюджеттің 56-57 пайызы мұнайдан келеді. Демек, бізге жасыл энергия көшіне еріп, мұнайдан кету, мұнайдың орнына өнді­рістерді көбірек ашу мәселесімен тезірек айналысу керек. Біз әлі күнге дейін әр­тараптандыру жасаған жоқпыз. 

– Соңғы уақытта күнкөріс қамы үшін табысты жұмыс іздеп АҚШ-қа, Англия мен Кореяға ағылатындардың саны көбейді. Соның бір мысалы, жақында әлеуметтік желіні шарлаған – Англияда қарға қуған қазақтар. Жастардың жаппай шетел асуына не себеп?

– Бұл – заңды процесс. Қай ел көп тө­лейді, қай елге жұмыс күші қажет, адам­дар сонда барады. Англияға біздің не үшін баратынымыз да белгілі деп ойлаймын. Англияда Қазақстаннан қарағанда жала­қыны көбірек төлейді. Адамдар сонда жақ­сы жалақыға жұмыс істеп, Қазақстанға оралған соң өзінің несиесін немесе басқа да проблемаларын шешуге тырысады. Бұл жағдай елімізде барлық жастарға жұ­мыс табылмайтынын және ол жүйенің қорғалмағанын көрсетеді. Гастарбайтерлік экономика жаман деп айта алмаймын. Оның бір оң және екі теріс жағы бар. Тиімді тұсы – азаматтарымыздың сыртқы төлем балансына жақсы әсер беруі. Сырт­та жұмыс істеп, сол ақшаны Қазақ­станға әкеле беретін болса, ол бізге оңтайлы. Се­­бебі біздің төлем балансымыз оң бола­ды да, шығыстан гөрі кіріс көп болады. Алайда бұл экономикалық жұмыс күшінің балансына қаншалықты әсер етеді деген сұрақ туындайды. Егер барлығы шетел асып кетіп қалса, елімізде кадрлық дефи­цит пайда болады. Қазір мұндай жаппай дефицит жоқ деп айтар едім. Бізде білік­тілігі жоғары мамандарға деген кадрлық дефицит бар. Егер жастар сыртқа жұмыс іздеп кете беретін болса, ал өз ішімізде өнді­рістік экономиканы құрып жатсақ онда жұмыс күші тарылып қалады. Мұн­дай жағдайда экономикамызда регресс басталады. Бірақ дәл қазір бізде мұндай керемет өндіріс орындары жоқ. Сондық­тан жастардың шетелге барып жұмыс істегені, елге валюта алып келгені, ішіміз­дегі әлеуметтік шиеленісті шешкені, ең бастысы тәжірибе жинағаны тиімді. Уа­қытша шара ретінде азаматтар ресми келі­­сімі бар орынға барып жұмыс істегені дұрыс. Ол біздің жастарымызға екі компе­тенция береді. Біріншіден, тіл. Шетелде жұмыс істегеннен кейін жергілікті ха­­­лық­тың тілін үйрене бастайды. Екінші­ден, дамыған елдердің алға жылжу қарқы­нын көріп келеді. Шынымен, дамыған елдерде осылай жұмыс істейді екен, қоқыс таста­майды, түкірмейді, жұмыстың тәртібі бар, барлығы сыпайы. Бұл неге Қазақстанда болмасқа деген оймен елімізге қайтып жатса, бір амбассадор пайда болады. Кейін ол да Қазақстанда өндіріс ашқысы келеді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ