1734 жыл қазақ жеріне алғаш рет экспедициялар жіберіліп, зерттеу жұмыстары жүріп, қамал салу мен бекініс жасау күрт артқан кезең еді.
Тың деректер қамтылған жинақ
2,355
оқылды

Сол тұста И.Кириллов бастаған экспедиция басшысы болып, түрлі сала маманы, оның ішінде: тау-кен, геодезистер, артиллеристер, ботаник, лекарь және 1687 жылы Мәскеуде ашылған Славян-латын-грек академиясының студенттері де болған. Кейін Кириллов өлгеннен кейін 1737 жылы В.Татищев (1686-1750) тағайындалады. Осылайша, бекіністерден соң ірі-ірі қалалар пайда болып, ХІХ ғасыр қазақ халқының саяси-әлеуметтік даму жолында із қалдырған ғасыр деп саналған.

1844 жылдарға дейін Орталық Азия мен Қазақстан жеріне саяхатшылардың сапары 22 рет ұйымдастырылған. Бірақ ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап арнаулы ғылыми экспедициялар жыл сайын жіберіліп отырған. 

Сонымен қатар бұл ғасырда атақты Щербина экспедициясы да болғаны мәлім. Ол 1896-1903 жылдары далалық өлкені зерттеу үшін арнайы құрылған. Бір қызығы далалық өлкенің барлық уездерін зерттеуді мақсат еткен бұл экспе­дицияны құрғанда, Мемлекеттік мүлік ми­нистрлігі зерттеу нәтижелерін Қазақстандағы жер саясатын жүргізуге пайдалануды көздеген. 

Негізгі міндеті – аумақты табиғи, тарихи жағынан зерттеп суреттеу, осы мәселедегі ауыл­дар мен болыстардың маңызын, шаруа­­шылық жүргізу, жер пайдалану тәсілдерін анықтау және көшпелі, жартылай көшпелі шаруашылықтарға қажетті жер көлемін белгілеп, оның қоныс­тандыру қорына алынатын көлемін анықтау болған. 

Экспедицияны земство статистигі Ф.Щер­бинаның өзі басқарған және құрамына қазақ зиялыларынан Ә.Бөкейханов, Ұ.Базанов, Т. Жал­мұхаметов, И.Жақсылықов, И.Құ­­дайқұлов, И.Тілекеев, Г.Саркин, Р.Мәрсеков, Е.Итбаев, М.Бекетаев, М.Сатыбалдин, Т.Есен­құлов т.б. аудармашыларды қоспағанда 200-ден аса адам кірген. Сондай-ақ көрнекті географ, орыс географиялық қоғамының мүшесі дала өлкесінің үлкен білгірі А.Седельников те болған. 

Бұл экспедиция Ақмола, Торғай және Семей, Омбы, Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Павлодар, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан, Қос­танай, Ақтөбе сынды облыстардың 12 уезін мұ­қият зерттеп шығады. Десе де 8 ғана облыс кітапта берілген. Алайда жиналған мате­­­риал­дардың негізінде қазақтардың жер пайдалануы жөнінде он үш томдық жинақ 1898-1908 жыл­дары аралығында басылып, ғылыми айналымға түскен.

Бұл жинақтардың маңызы да сонда – ешбір архивтерден табыла бермейтін тың деректер мен топонимдік жер-су атаулары тамаша берілген. Шаруа ауылдары мен қыстаулардың аттары я болмаса сол ауылдың үлкен ауыл биі немесе ақсақалы деп аты-жөндері тұтас жазылған. Тіп­ті, отырықшы ауыл болса да сауда орын­дарының саны мен қай жылы құрылып, қандай үрдісте жұмыс істеп жатқаны да тұтастай берілген. Қыстаулардағы су көздері мен мал басы және оны қолданып жатқан адам саны бе­­рілген. Тіпті, 18-60 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті адам саны мен 14-15 және 55 жас аралығындағы жартылай жұмысқа қабілетті жандар да көрсетілген. Киіз, жер және ағаш үйлері саны да сайрап жатыр. 

Мал шаруашылығы болса, оның ішінде ірі қара мал мен жылқы, түйе шаруашылықтары да, жалға алынған шаруа отбасылары, олардың жейтін жылдық нандарының саны мен мөлшері, егіншілікпен айналысатын шаруалардың неше көлемде қандай дәнді-дақыл егіп, қанша мөл­шерде егістік жинағандары да көрсетілген. 7 жыл­ға созылған экспедиция экономикалық қажеттіліктерді ғана емес, жергілікті ресурстарды да зерттеп берген: жер бедері, топырақ, өсімдіктер, су көздері. Әрбір зерттелген учас­кенің аудандарға бөлініп, қыстау, күз, көктем, жаз­дағы жай-күйлері де топтастырылған. 

Зерттеушілер тобында болған Әлихан Бөкейханов Омбы, Павлодар, Қарқаралы және Семей уездерінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, ол Павлодар уезінің Қызылтау, Алтыбай болыстарына сараптама жасап, сипаттама береді. Сондай-ақ уезд руларының кестесін жасап, қазақ халқы қай кезеңнен бастап осы аймаққа қоныстана бастағанын анықтаған. Қазақ даласының ауызша әдебиеті мен халық шығармашылығы бойынша мате­­риалдар жинаған. Қазақ қоғамының рулық құрылымын зерттей келе, қазақтардың шежі­­ресін жазып, картада мекендейтін ұрпақтардың елді мекендерін белгілеп кетеді. Жер мәселесін реттеу бойынша экспедиция материалдарының маңыздылығы туралы айта келіп, зерттеу нәти­желерінің кей тұстарымен келіспейтіндігін де білдірді. Мұндағы маңызды жетістіктерінің бірі – экономикалық зерттеудің жаңа әдістемесін әзірлеу болған. Зерттеудің таңдамалы әдісі негізге алынады. Осы әдіспен қазақ отбасы­­­ларының қажеттіліктерінің мөлшері мен қана­ғаттандыру үшін қажетті жер мөлшерін анық­тауға бейімделген формуланы шығарады. Қазақ өмірінің ерекшелігін сипаттау үшін моно­гра­фиялық сипаттау әдісі қолданылды – жеке­леген ауылдарға және тұтас қауымдық-ауылдық топ­тарға егжей-тегжейлі сипаттама беріледі. 

Бұл жинақтар әлеумет назарына ғана емес, тарихшылар мен әдебиет саласының зерт­­теушілері және заң саласының ғылыми қыз­­меткерлері үшін де таптырмас пайдалы құралдар болмақ. 

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ,

Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері