Құбырды жөндеуге қаланың барлық коммуналдық қызметі, 30 адам мен 6 техника жұмылдырылды.
Тәулік бойы тоңып отырмыз: Степногорда жарты қала жылусыз қалды
640
оқылды

Степногорда қаланың жартысы мұздап жатқанын айтып шырылдап отыр. Бірақ облыстық әкімдік жағдайдың тұрақталғанын мәлім етті,  деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Степногор қаласында тұрғындар тәуліктен астам уақыт пәтерлерінде мұздап отыруға мәжбүр. Жылу желісінде болған апаттан кейін жарылған жер жөнделгенімен, тұрғын үйлерге жылу беру жұмыстары әлі де болса аяқталмағанын айтып отыр. Бірақ Ақмола облысының әкімдігі керісінше жағдайдың тұрақталғанын хабарлады. 

 Жылу желісіндегі ақау жөнделді. Тұрғын үйлер біртіндеп жылуға қосылып жатыр. Облыс әкімі Марат Ахметжанов апатқа байланысты жылудан ажыратылған әлеуметік нысандар мен 6 шағынаудандағы №17 тұрғын үйді аралап шықты. Осы үйде тұратын Валентина Гребенюк аймақ басшысына құбырдағы жарылуды жедел жою және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудегі үйлесімді жұмысы үшін алғысын білдірді.

Құбырды жөндеуге қаланың барлық коммуналдық қызметі, 30 адам мен 6 техника жұмылдырылды. Жұмысшылардың ауысымдық бригадасы ұйымдастырылды,  деді Ақмола облысы әкімдігінен. 

Алайда тұрғындар қаланың әлі де жартысына жуығы мүлдем жылусыз қалғанын ашына айтуда. 

«Қалыпқа келтірілгені қалай? Не айтып отырсыздар? Не үшін жалған сөйлейсіздер? Жарты қала жылусыз әрі сусыз отыр. Далада аяз. Балалар қалтырап тоңып отыр. Ар-ұяттарыңыз жоқ», «Неге төтенше жағдай жарияланбады? Жарты қала жылусыз отыр», «Тәулік бойы жылусыз отырмыз», деп жазды тұрғындар. 

Тұрғындар үйлерге жылу берілгенімен,  жылу жүйелері шыдамай жарылып кетіп,   пәтерлерінің түгелдей суға толып,  қабырғалардан су ағып,  техникалары бәрі судан жарамсыз болып жатқанын да жеткізді. 

Естеріңізге сала кетсек, 7 желтоқсан күні кешкісін Степногорда жылу желісінде жарылыс болып, қаланың мыңдаған халқы жылусыз қалған еді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы