Шындық іздеп шырылдаған сарбаздың туғандары аса қиын болса да, ұлдарын қара жерден қазып алуға тәуекел еткен.
Кісі қолынан көз жұмған: Алматы облысында туыстары сарбаздың денесін қазып алды
1,027
оқылды

Алматы облысында дауыл кезінде қаза тапты деп хабарланған сарбаз Алмас Шәкімовтің денесіне туыстары эксгумация жасатты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Олар бір жарым жыл бойы әділдік іздеп таппаған соң, осындай қадамға барған.  КТК арнасының жазуынша, жақындары азаматтық борышын өтеуге өзі сұранып барған көкшетаулық жігіт кісі қолынан өлгенін қалайда дәлелдейміз деп бекінген. 

“Алматының әскери прокуратурасынан әділдік болмады. Өзіміздің Бас прокуратураға, Астананың Әскери прокуратурасына, бәріне бардық. Бәрінен де әділдік, шындық болмады. Өзімізге қарсы шығып, істі жаппақшы болды”, – дейді марқұм сарбаздың әжесі Күлмайда Туғанбаева. 

Шындық іздеп шырылдаған сарбаздың туғандары аса қиын болса да, ұлдарын қара жерден қазып алуға тәуекел етіпті. Айтуларынша, марқұмның денесінде сау тамтығы жоқ. Иығы, екі аяғы  сынған, санына шеге тыққан, басы жарылған.

"Мұның барлығы әскердегі әлімжеттік, Алмастың ажалы адам қолынан болды", дейді туған-туысқандары.

Шындыққа жету үшін олар эксгумация жасап, тәуелсіз сарапшылар шақыртқан.

Еске салсақ, 19 жастағы Алмас Шәкімов Алматы іргесіндегі полигондардың бірінде әскери жаттығу кезінде құмды дауыл басталып, өзге сарбаздарды құтқарып жүріп мерт болған. Әскери басшылығы оның басына темір құрастырмалы палатка құлады деп рапорт берген. Қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін"медалімен де марапаттаған. Бірақ туғандары ол медальдан бас тартты.