ҚР Бас прокуратурасы Қарағанды облысы аумағындағы Костенко атындағы шахтадағы апатты тергеудің алдын ала нәтижелерін жариялады.
Шахтадағы апат: кеншілердің қазасына кінәлі 7 адам қылмыстық жауапқа тартылады
699
оқылды

Биылғы қазан айында 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған Костенко атындағы көмір шахтасындағы жарылыс фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары қолға алды, деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Бұл іске ІІМ, ҚМА, ТЖМ және Агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері де атсалысуда.

Жарылыс бастапқыда №48К3-батыс лава көмір өндіру учаскесінде К2 астындағы көмір қабатынан шығатын метан-ауа қоспасының орналасуынан болғаны анықталды.

"Бұл жарылыс шахта өндірісіндегі көмір шаңының кезең-кезеңмен жарылыстарына әкелген, себебі оның концентрациясы рұқсат етілген нормалардан айтарлықтай жоғары болған. Тергеу барысында қайғылы оқиғаға шахтаны пайдалану кезінде өндірістік және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ еңбекті қорғау ережелерін көптеген бұзушылықтарға жол берілуі тікелей байланысты екені анықталды",  делінген ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта көмір өндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 277-бабы  3-бөлігі ("Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық жауапкершілікке 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы тартылуда.