«AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысы өтті.
Қажырлы қайрат пен қаржылық қолдау қажет – Анар Бексұлтанова
622
оқылды

Әділетті Қазақстанды құру ісіндегі қыз-келіншектердің рөлі талқыланған алқалы жиында түрлі салада жемісті еңбек етіп жатқан белсенді әйелдер бас қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Осы орайда, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Анар Бексұлтанова қыз-келіншектер көшбасшылығын дамытудың мәні мен маңызын атап өтті.

«Қоғамда тағдыр тауқыметін тартып жатқан әйелдер аз емес. Алайда, кедергіге мойымай жетістікке жетіп, қоғам мен ел дамуына үлес қосу – адамдықтың айнасы. Өз басым, жиырма үш жыл Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде экскурсовод ретінде жұмыс істедім. 2013 жылдан бастап нар тәуекел деп жеке кәсібімді аштым. Бүгінде «Әдемі қыз жасауы» деп аталатын тігін шеберханамда 5 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Әрине, барлығы сіз бен біз ойлағандай оңай бола салған жоқ. Барлығына қажырлы қайрат пен қаржылық қолдау қажет. Сондықтан, жеке кәсібімді дамытуға мемлекет тарапынан 5,5 миллион теңге грант, 3 миллион теңге несие алып, жұмысымды жалғастырып жатырмын», – деді ол.

Халық қалаулысы жеке кәсібінен бөлек, қоғамдық өмірге де белсенді араласып келеді. 2019 жылдан бері «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Бірлестік өңірдегі мүгедек, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған 200-ге жуық ананың өмірге бейімделуіне көмек көрсетеді.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасау – әлеуметтік саладағы негізгі міндеттердің бірі. Оларға жан-жақты қолдау көрсету, жұмыспен қамту және қоғамдық өмірге тарту – аса маңызды мәселе. Партиямыздың «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» сынды жобаларының нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бір ғана мысал, 2021 жылы «Бақытты отбасы» жобасы аясында заманауи екі бірдей тігін машинасына қол жеткіздік. Мүмкіндік әрқашан болады. Тек оны дер кезінде тиімді пайдалану қажет»,  – деді А.Бексұлтанова.